Арулар бар погон таққан оқалы

Әйел – қашанда әдеміліктің символы. Елбасымыздың бастамасымен елімізде гендерлік саясат жемісті жүргізілуде. Нәзік жандылардың арасында ер азаматтармен бір қатарда қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тер төгіп жүрген жандар да баршылық. Солардың бірі – Қызылорда стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкері, полиция майоры Жанар Раманқұлова.
Әрбір адам арман жетегінде жүрек қалауымен жастайынан жаны сүйген мамандықты таңдайды. Жанар да әкесі мен анасының жолын қуып, заң саласында қызмет атқаруға әрдайым талпынатын. Бала кезден осы мақсат оны үнемі алға жетеледі. Әкесі Әбілхан мен анасы Сәуле саналы ғұмырында Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасында абыроймен қызмет атқарған жандар.
Осы арманына қол жеткізу үшін Жанар Әбілханқызы Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Қызылорда стансасындағы ІІЖБ кадр бөлімшесінде бастап, бүгінде осы мекеменің Ақпараттық-аналитикалық орталығының білікті қызметкері.
«Бұл қызметті таңдайтын кезде көп ойландым. Бала күнімнен әке-шешемнің жарасымды форма киіп, әрқашан сымдай тартылып, қызметте жүргені өте ұнайтын. Екінші жағынан анамның: «Қызым, қазірден ойлан. Бұл қызмет әрбір азаматтан аса табандылықты, төзімділік пен қажыр-қайратты талап етеді. Кей кездерде жеке өмірді ұмытып, қызметтің талаптарын орындауға тура келеді. Мұндай кездерде отбасың да, ұл-қыздарың да екінші орынға ысырылып қалады. Мен басымнан кешіп келе жатқан бұл қызметтің жауапкершілігі осында», – деген сөзі тағы ойландырды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ақыр соңында осы қызметті таңдайтын болып шештім», – деді Жанар бізбен сұхбатында.
Отбасында адал жар бола білген Жанар Әбілханқызының өмірлік серігі Ерлан да осы желілік бөлімде жедел-криминалистика бөлімінің қызметкері. Олар жанұяда үш ұл-қыз өсіріп отырған ынтымағы жарасқан, өнегелі отбасылардың бірі.
Шаңырақтың тұңғышы Мәдина бүгінде 11-сынып оқушысы. Оқуда озат, алтын белгіге үміткер, мектебінің мақтанышы. Ортаншысы Әмина осы мектеп-гимназияның үлгілі оқушыларының бірі болса, кенже ұлдары Ернат 4 жаста.
Қажет кезінде ұрпағын кез келген қатерден жан сала қорғай білген жаны ізгі аналарымыздың сарқылмас сарқытындай болып, өзінің рухы мен жігерін халқымыздың конституциялық құқығын және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолына арнап, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін еңбек етіп келе жатқан полиция майорының алар асулары әлі алда. Біз де өз кезегінде жаны нәзік болса да ерлерге тән қызметте мойымай, отбасы мен қызметті асқан төзімділікпен қатар алып келе жатқан Жанар Әбілханқызына қызметінде толағай табыстар мен отбасына бақыт пен береке, татулық пен бейбіт өмір тілейміз.

Көліктегі ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*