Қылмыстық іздестіру – қарымдылар саласы

Қылмыстық іздестіру қызметкерлері арасында кездейсоқ келген адамдар болмайды. Көптеген тәртіп сақшылары бұл қызметтің қиыншылықтарына шыдай алмай, қызметпен ерте қоштасып жатады. Қиын-қыстау кездің өзінде тиімді жол тауып, қысылтаяң уақытта оңтайлы шешім қабылдай білетін, өзінің жеке мәселесіне жұмсайтын уақыты болмайтын азаматтар – криминалдық полиция қызметкерлері.
Бұл ауыр да жауапты қызметке төзген құрметке лайық жандар – өз кәсіптерінің нағыз майталман шеберлері. Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Медет Сағымбеков – бойына тамаша қасиеттерді жиған сондай жандардың бірі.
Ол 1983 жылы қасиетті Түркістан қаласында туған. Сол қалада орта мектепті үздік бітіріп, 2003 жылы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға түсіп, 2007 жылы оны да үздік тәмамдаған.
Ішкі істер органдарындағы алғаш еңбек жолын 2007 жылы Түркістан қалалық ІІБ-да криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастайды. Сол жерде 2016 жылға дейін табан аудармай қызмет атқарды. Ал, 2016 жылдың сәуір айынан бастап Кентау қалалық ІІБ криминалды полиция бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалып, арада көп уақыт өтпей, яғни сол жылдың тамыз айында Кентау қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары лауазымына көтерілді.
Әріптестері ортасында өзінің біліктілігімен, білімділігімен және жоғары жауапкершілігімен көзге түскен Медет Сағымбеков бүгінде өз ісінің тәжірибелі маманына айналған. Ол ешбір қылмысты қалт жібермейтін, әрбір мәселенің бүге-шүгесіне дейін зерделеп барып іске кірісетін білікті полицей.
Полиция майорымен болған сұхбатымызда ең алғаш ұстаған қылмыскері жайлы сұрадық. «Түркістан қалалық Ішкі істер басқармасына жедел уәкіл болып жұмысқа тұрғаныма бір апта болғанда маған басшылық бұзақылық бойынша күдіктіні ұстауды тапсырды. Жанымда әріптесім, аға жедел уәкіл Мұхтар Иматаевты ертіп, күдіктінің мекенжайын анықтап бардық. Сол кезде күдікті әкесімен бірге үйінің алдына цемент құйып, темір ломмен жұмыс істеп жатыр екен. Бізді көре сала қарсылық танытып, қолындағы ломымен ұрмақ болып, әбден қарсыласты. Әкесі де бізге қолына келген затты лақтырып, баласының қашып кетуіне жағдай жасады. Көршісінің ауласына қарай қашқан күдіктінің артынан қуа жөнелдік. Содан үш-төрт үйдің ауласынан қашып барып, келесі үйдің жатын бөлмесіндегі диванның астына тығылған жерінен ұстадық. Солай алғашқы күдіктіні қолға түсіруім есімде қалып қойыпты», – дейді Медет Сағымбеков.
Шынында қылмыстық іздестіру саласы – өте күрделі қызмет. Бұл салада тек өзіне сенімділер және күш-жігері мықтылар ғана қызмет ете алады. Қызмет барысында кездесетін кедергілер мен қиындықтар әлсіздердің сағын тез сындырады.
Біздің кейіпкеріміз бұл салаға келуді бала күнінен армандапты. Балалық шағында үйіндегі милицияның бас киімін інісі екеуі таласа киіп жүріп өскен. Бала тілегі қабыл болып, бүгінде нысанды форманың қасиетін сезіне білген, сезініп қана қоймай, оған үлкен құрметпен қарап киіп жүрген тәжірибелі тәртіп сақшысына айналып отыр.
Осы тұста Медет Сағымбековпен елімізге кеңінен танымал Кентау қаласы және ондағы криминогендік ахуал туралы да әңгімелестік. Шағын шаһардың тыныс-тіршілігі туралы айта келе: «Мен екі қалада ғана қызмет атқардым. Бірі – өзімнің туып-өскен жерім Түркістан қаласы болса, екіншісі – ер түріктің бесігі саналған сол киелі қаладан алыс емес Кентау қаласы. Бұл кішкентай қала және тұрғындары менталитеті жағынан ерекше. Жалпы мұнда 94 мыңнан астам адам мекендейді, соның ішінде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанған. Қала аумағына қарасты төрт елді мекен бар.
Криминогендік ахуалға келсек, қалада жағдай тұрақты. Себебі, халық аз болғандықтан, қандай да бір қылмыс орын алса, ізі суымай тез ашылып жатады. Дегенмен, қазір қылмыскерлердің де қулығына құрық бойламайтын болып алған. Оларға жасаған қылмысын мойындату үшін дәлелдер жинау өте қиын. Сондықтан жан-жақты әрі тиянақты жұмыстар атқаруға тура келеді», – дейді полиция майоры.
Кентау қаласында орын алатын қылмыстардың басым бөлігі – пәтер ұрлықтары екен. Мәселен, 2018 жылдың басынан бері қала аумағында 109 ұрлық қылмысы жасалынып, полиция қызметкерлері олардың 75 пайызын ашқан. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жалпы орын алған ұрлық қылмыстарына қатысты 9 қылмыстық топтың әрекеттері әшкере болып, жинақталған іс-құжаттары сотқа жолданған.
Бүгінгі таңда Кентау қалалық ІІБ-де 10 жедел уәкіл қызмет атқаруда. Олардың барлығы да ІІМ-нің жоғары мектебін бітірген кәсіби мамандар.
Біз осы бір қиындығы мен жауапкершілігі басым мамандықты таңдап, ыстығы мен суығына төзіп жүрген сала қызметкерлеріне сарқылмас күш-жігер мен табыстар тіледік.

Іңкәр АСАНОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*