Спортты серік еткен жедел уәкіл

«Қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдаған себебім – бұл жүрегімнің қалауы. Алға қойған мақсатыма жетуді және еліме деген патриоттық сезімді, адалдықты осы қызметім арқылы шамам келгенше кейінгі жас жеткіншектерге жеткізгім келеді», – дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз, көп жылдар жедел уәкіл қызметін атқарған Сапар Сүлейменов.
Сапар Оразбекұлы 1964 жылы Асықата өңірінде дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1989 жылдан бері қызмет атқарып, еңбек демалысына шыққан. «Спорттың арқасында құқық қорғау саласында қызметке ие болдым», – дейді Сүлейменов бір сөзінде. Спортпен айналысатын жігіттерді жұмысқа аламыз дегенді естіп, Атырау облысына барып жұмысқа орналасады. Жылыой ауданы, Құлсары қалалық Ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Арнайы рота командирі қызметіне дейін өседі. 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қалалық Ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру тобының жедел уәкілі болады. Қылмыстық іздестіру саласында 16 жылдан астам қызмет атқарады. 2016 жылы аға жедел уәкіл лауазымынан құрметті демалысқа шықты. 2001 жылы Елбасының қолынан медаль алған. Спорт шебері.
Жедел уәкіл болып қызметін бастаған ол өзіне жүктелер тапсырманы дұрыс ұғынып, сенімнен шығуға тырысты. Бұл қызметтің өзіне тән қиындығы бар. Негізінен ауыр қылмыс жасап қашып жүрген қылмыскерлерді, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтау сынды аса жауапкершілік жүктейтін қызмет болған соң, ол сауысқандай сақтықты, қырағылықты қажет етеді. Содан да болар, тапсырманың барлық қыр-сырын үйреніп, жинақтаған тәлім-тәрбиесін қажет жағдайда қолданып отырды. Бұл оның ішкі істер органдарындағы жедел қызметке келуіне баспалдақ болды. Жауапкершілікпен қоса шыдамдылықты талап ететін қылмыспен күрес саласында қайраты мен күш-жігерін салып еңбек етіп жүрген Сапардың іскерлігінің арқасында әріптестерінің арасында беделі жоғары. Өз ісін жетік білетін әрі алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын табанды жедел уәкілдің еңбегі талай рет құзырлы органдардың марапаттарына ілікті. Отбасының тірегі, әріптестерінің арасында қарапайымдылығымен көзге түскен Сапар айрықша қызметті арқалап, талап үдесінен шығып жүрген азамат.
«Қылмыстық іздестіру саласының қызметкері басқа қасиеттерімен қоса, адалдық, күнделікті кездесетін адамдармен сыйластық қатынас жасау, ұрымтал сәттерде тиімді де дұрыс жол таба білу, қай кезде де жан-жақты сараланған сарапталған шешім шығара білу сияқты қасиеттерді игеруі қажет. Бұл сала қызметкерлеріне шикі шешім шығарып, асығыстыққа жол беруге болмайды, себебі, шынайы қылмыскердің шым-шытырық шырғалаң іздері өте ұқыптылық пен тапқырлықты талап етеді. Сондай-ақ, бұл қызмет қашанда жинақылықты, жедел қимылдауды және тәуліктің кез келген уақытында оқиға орнына баруға дайын тұратын даярлықты талап етеді. Қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің қырағы қимылдарының арқасында жыл сайын қылмыс саны азайып, қылмыстардың ашылу көрсеткіші жоғарылап келеді. Сондықтан біз «Жедел уәкіл – лауазым емес, өмір салты» деп толық айта аламыз», – деп атап өтті Сапар Сүлейменов. Әріптестерінің айтуынша, біздің кейіпкеріміз өзгелерден талапшылдығымен және байсалдылығымен ерекшеленеді.
Мақтарал ауданында Сүлейменовтер – көпке танымал спортшылар әулеті. Грек-рим, самбо күрес түрлерінен спорт шеберлері. Отставкадағы полиция майоры Сапар Сүлейменов жұбайы екеуі 2 ұл мен 3 қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған жайы бар. Үлкен ұлы Абзал – бүгінде білікті тергеуші, екінші ұлы Азамат – заңгер мамандығының соңғы курс студенті. Әке жолын жалғастырып келе жатқан ұлдары болашақта полиция әулетін жалғастырушылар болатынына сеніміміз мол. Тату-тәтті отбасының тірегіне біз де мықты денсаулық, отбасылық бақыт тілейміз!

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*