Жолдастыққа негізделген жарыс

26 мамырда ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және облыстық «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығы мен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында институт пен «Ақтөбе Медиа» ЖШС арасында жолдастық кездесу өтті.
Спорттық шараның мақсаты – іскерлік қарым-қатынас пен екі мекеме қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, саламатты өмір салтын насихаттау.
Еліміздің жаңа, жаңғыру дәуіріндегі саяси, әлеуметтік, экономикалық әлеуетін, мемлекет пен халық мүддесін, жалпы қоғамдық мәселелерді қалың бұқараға жеткізіп, маңыздылығын әлі күнге дейін жоймай келе жатқан «Актюбинский вестник» газеті – қазіргі таңда Ақтөбе өңіріндегі сүйікті басылымдардың бірі. Ғасырлық ғұмыры бар бұқаралық газеттің мерейтойын атап өту үшін «Ақтөбе Медиа» қызметкерлері спорт жарыстарын өткізуге мұрындық болып, ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына табан тіреді. Жарыстан бөлек келген қонақтар институт мұражайымен, казармамен, оқу корпустарымен танысып, институт асханасынан дәм татты. Олардың қатарында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р. Отыншин, аталмыш газеттің бас редакторы А. Нуркеева мен баспасөз қызметкерлері және Ардагерлер кеңесінің мүшелері болды.
Спорттық шараның ашылу салтанатында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р. Отыншин мен институт бастығы, полиция полковнигі С. Қаракүшев сөз сөйлеп, өңір газетінің 100 жылдығы мен БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге, институт бастығы саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық шаралар ұйымдастырып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р. Отыншинге зор алғысын білдіріп, Алғыс хат табыстады.
Жолдастық кездесу арқан тарту, жүгіру, волейбол, шағын футбол, шахмат, дойбы, гір көтеру, қол күрес сынды спорттың 8 түрінен өтті. Кәсіби спортшылардан кем түспеген тілші мамандар мен институт қызметкерлері бар күш-жігерлерімен бақ сынасты. Жарыс соңында жүлделі орындар мен номинацияларға ие болған спортшылар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

А. КАБИЕВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*