Қамқорлық жасау – қайырымды қоғам қағидасы

ІІМ-нің Оқу орталығында (Семей қ.) жыл сайынғы дәстүрлі «Қамқорлық» ақциясы жалғасын тапты.
29-30 мамыр күндері Оқу орталығы бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының басшылығымен Оқу орталығының тұрақты және ауыспалы құрамы Семей қаласындағы Арнайы балалар үйіне барып, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған жыл сайынғы қамқорлық акциясы аясына өз үлестерін қосты. Қамқорлық шарасы барысында полицейлер, болашақ жас мамандар балалар үйінің аумағындағы ойын алаңын дайындау бойынша түрлі жұмыстар атқарды. Тыңдаушылар мекеменің қоршауын бояп, балалар алаңын абаттандыру, көгалдандыру ісіне атсалысты. Көгал алаңды арамшөптен тазартты, жерді қазып, тегістеді, қара топырақ салды, гүл, ағаш көшеттерін отырғызды.
Мұндай іс-шаралардың мақсаты – болашақ жас мамандардың бойына балаларға деген қайырымдылықты, мейірімділікті, сүйіспеншілікті, рақымшылықты сіңіру, тәрбиелеу. Жастар арасында қайырымдылық жасауды насихаттау, ұжымдық бірлік, адамгершілік қасиеттердің бүгінгі қоғамдағы маңызын түсіндіру.
«Қамқорлық» акциясы жыл сайын өтетін қайырымдылық шаралардың біріне айналып отыр. Басты мақсатымыз – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету және қолдау көрсету, жәрдем беру. Сондай-ақ, барша өзге мекеме-ұйымдарды осындай қайырымды іске жұмылдыру, көмек қолын созуда үлес қосуға шақыру. Қамқорлық жасау – қайырымды қоғамның қағидасы деп білеміз, – деді жергілікті телеарналарға берген сұхбатында Оқу орталығы бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Самат Телібаев.
Мекеме әкімшілігі полицейлерге осындай игі істі жыл сайын дәстүрге айналдырғаны, барынша қамқорлық көрсеткендері, ілтипаттары үшін алғыс айтты.

Гүлжан МАСАЛОВА, Семей қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*