Компьютер клубтарына түнгі торуыл

Бейбіт өмірде тіршілік етіп, тыныштығымызды күзетіп жүрген тәртіп сақшыларымен бірге кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын Ювеналды полиция қызметкерлері де қараусыз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жүріс-тұрысын қадағалайды. Осы мақсатта Есіл аудандық Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында әр аптаның жұма, сенбі күндері локальдік рейдтік іс-шара өткізіп тұрады.
Біз де түнгі сағат 22.00-де Есіл аудандық полиция бөлімшесінің полиция аға лейтенанты Ұлбосын Мұсабекова және полиция лейтенанты Анарбек Досымбековпен бірге түнгі торуылға шықтық. Сол сәтте беймезгіл уақытта үйінен тыс жерлерде жүрген жасөспірімдер қадағаланды. Ол үшін Есіл аудандық Учаскелік полиция бөлімшесі бойынша екі топ жұмылдырылды. Бұл аудан бойынша шамамен 15 шақты компьютер клубы бар екен.
Сонымен, алғашқы факті сағат 22.25-те Достық көшесі бойындағы «Керуен» ойын-сауық орталығының 3-қабатында орналасқан «Game@park» интернет клубында анықталды. Онда кірген бойда жасөспірімдердің жеке куәліктері тексерілді де, Даир есімді 2000 жылғы баланың интернет клубында ойын ойнап отырғанына куә болдық. Алғашында құжатының жоқ екенін айтқан жасөспірім туыс-
тарына хабарласқаннан кейін ғана тәртіп сақшыларына өзінің жеке куәлігін көрсетті. Айтуынша, ол шет елге оқуға түсу үшін жалғыз өзі Қос-
танай облысынан ағылшын тілінен емтихан тапсыруға келген көрінеді. Ойын-сауық орталықтарында сағат 22.00-ден кейін жүруге болмайтындығын білмейді екен. Ал әкімші әрі кассир Дариға Нұрлыбековаға кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді түн ортасында компьютер клубына кіргізгені үшін хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары жасөспірімді учаскелік полиция бөлімшесіне әкеліп, ата-анасына хабарласты. Бұл ретте, оларға үш сағат ішінде келіп үлгермесе, балаларының кәмелеттік жасқа толмағандарды орналастыратын бейімдеу орталығында болатыны ескертілді.
Одан кейін Қабанбай батыр даңғылындағы «Радуга» тұрғын үй кешенінде орналасқан «KYOTO» интернет клубына бет алдық. Екінші қабатта орналасқан онда ине шаншар орын жоқ. Іші өте шулы екен. Заманауи ойынның түр-түріне куә боласың. Тек жасөспірімдерді ғана емес, ересектерді де елітіп әкететін ойын клубында барлық құмарпаздардың жеке куәліктері тексеріліп, олардың ішінен 16 жастағы Арман есімді жасөспірім анықталды. Интернет клубына түнгі сағат 23.10-да туысқан ағасына еріп келіпті. Сол үшін әкімші мен жасөспірімге хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары Арманның туыстарына хабарласты. Дереу апасы келіп, Арманды дүкенге нан алып келуге жібергенін айтып, ақтала бастады. Бірақ, ол кісіде баланы ертіп әкететін сенімхат болмағандықтан, Арман полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ал полиция анасына хабарласқанда, ол қала сыртында тұратындықтан, тез арада келе алмайтындығын айтты.
Полиция аға лейтенанты Ұлбосын Мұсабекованың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты: кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қараусыздық пен қадағалаусыздықтың алдын алу, түнгі уақытта жастар көп шоғырланатын орындарда заңды өкілдерінің ертуінсіз жүрген жасөспірімдерді туыс-
тарына тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, Астана қаласы әкімдігінің «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» ММ-не орналастыру болып табылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бермеу қажет. Егер олар түнгі уақытта (сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін) заңды өкілдерінің бірге жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болса, сол үшін жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 45, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 442-баптың 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмағандардың ата-аналарына балаларының түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
2017 жылғы мәліметке сүйенсек, 132-бап бойынша 24 жеке тұлға, 442-бөлімнің 1-бабы бойынша 41 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал орын алған әкімшілік құқық бұзушылықтың жалпы саны – 859 болса, оның ішінде кәмелетке толмағандардың 572 ата-анасы бар.
– Бірінші жолы ата-анасына ескерту беріледі. Ал ондай әрекет бір жылдың ішінде екінші рет қайталанатын болса, біз материалды сотқа жібереміз. Сот өз шешімін қабылдайды. Оған дейін ата-анаға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заңды өкілі ретінде ата-анасы ғана қарастырылатындықтан, жасөспірім қамқоршысына тек сенімхат арқылы қалдырылады, – дейді Ұлбосын Мұсабекова.
Осылайша, біздің түнгі торуылымыз біраз уақытқа созылды. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ұсталған екі жасөспірімнің біреуін заңды өкілі келіп, сенімхатын көрсету арқылы алып кетті. Ал екінші баланы тәртіп сақшылары Әлия Молдағұлова көшесінің бойында орналасқан балаларды бейімдеу орталығына орналастырды.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ,
суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*