Балалар Қайрат Нұртаспен жүздесті

Сарымолдаев атындағы Тараз балалар үйінің тәрбиеленушісі, кішкентай Аркаша Овчинников пен оның достарының төбесі көкке жетті. Олар өздерінің сүйікті әншісі Қайрат Нұртастың концертінде болып, тіпті, онымен сөйлесіп, бірге суретке де түсті. Бұл таңғажайып оқиға қарапайым адами мейірімділіктен басталған болатын.
Жамбыл облыстық ІІД Анықтау басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жарасхан Ақбердиевтің отбасында 4 баласы бар. Сонымен қоса, ол өзінің кішкентай достары – Сарымолдаев атындағы Тараз балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жеке де, әріптестерімен де ұдайы барып тұрады. Себебі, ұзақ жылдардан бері облыстық Ішкі істер департаменті осы балалар үйін өз қамқорлығына алған.
Бірде 10 жастағы Аркаша подполковник ағайына өзінің арманы – сүйікті әншісі Қайрат Нұртастың концертіне барғысы келетінін айтты. Баланың көзінен үміт ұшқынын көрген Жарасхан Ақбердиевтің бірден көкейге түйгені – «Армандар міндетті түрде орындалуы керек!».
Ұзақ ойланбастан, ол өз әріптестеріне осындай игі іске өзіндік үлес қосып, балалар үшін билет алу керектігі жайындағы ойын айтады. Көптеген қызметтер, соның ішінде Кадр жұмысы басқармасы, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, Анықтау басқармасы және басқалары бұл ұсынысты бірден қолдады. Нәтижесінде, Сарымолдаев атындағы балалар үйінің ең белсенді әрі түрлі шығармашылық байқауларының жүлдегерлерінен құралған бір топ тәрбиеленушісі қазақстандық эстрада жұлдызының өнерін тамашалауға бару мүмкіндігіне ие болды.
Концерт барысында Балалар үйі директорының орынбасары Дариға Бекбауова сахнаға шығып, Қайрат Нұртасқа шығармашылық жолында жетістіктер тілеп, жылы лебізін білдіре отырып, балаларға осындай мүмкіндік сыйлаған полиция қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
Содан соң балалар сахнаға шығып, өздерінің сүйікті әншілерімен бетпе-бет жүздесті. Мұндай ерекше сәтті пайдаланған кішкентай Аркаша көптің алдында өнер көрсететін Қайрат Нұртасқа тіл-көзден сақтайтын тұмар сыйлады. Тосын сыйлық әншіні ерекше толқытып, Аркашаға ол «KN» логотипті костюмін және барлық балаларға өзінің үнтаспасын сыйға тартты. Сондай-ақ, әнші Аркашаның сүйікті әнін бірге орындау туралы ұсынысын бірден қабылдап, екеуі «Өмір – ғажап» әнін қосыла шырқады.
Сонымен қатар, балалар үйінің басшылығы тыныштық сақшысы болған, таза да пәк жүректерге қуаныш сыйлаған полицейлерге тағы да алғыстарын жаудырып жатты.
Жамбыл облыстық ІІД тарапынан мұндай игі шаралар алдағы уақыттарда да міндетті түрде жалғасын таппақ.

Жамбыл облыстық ІІД
баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*