Қауіпке қарсы ұжымдық қорғаныс

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің Жедел әрекет ету ұжымдық күштеріндегі арнайы мақсаттағы күш құрылымдары (ҰҚШҰ ЖӘҰК АМКҚ) Қазақстанда жиналып, заңсыз қарауланған құрылымдарды жою бойынша арнайы операцияларды жоспарлау және өткізу бойынша «Кобальт-2018» бірлескен арнайы-тактикалық жаттығуын өткізді.
Оқу-жаттығуға жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің арнайы мақсаттағы күш құрылымдарының жекелеген бөлімшелері (жедел топтары) – Армения полициясының, Беларусь Республикасы ІІМ ішкі әскерлерінің, Ресей Ұлттық гвардиясының Федералды қызметі мен Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Ұлттық ұланы мен Ішкі істер министрлігінің, Тәжікстан және Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы жасақтары қатысты.
«Кобальт – 2018» бірлескен арнайы-тактикалық жаттығуларына қатысушылардың жалпы саны 700-ден асты. Шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримовтың жетекшілігімен өткізілді.
Бірінші күні жаттығудың салтанатты ашылуына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков қатысты. ҰҚШҰ біріккен штабы мен қолбасшылығының берген тапсырмасы бойынша белсенді фазада жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің арнайы мақсаттағы күш құрылымдары өзара іс-қимылдарының үйлесімділігін, жоғары кәсібилігін көрсетті.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің ішкі істер органдарының қатысуымен өтетін «Кобальт» оқу-жаттығуы осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет бірлескен жаттығу 2010 жылы Ресейдің Ростов облысында өткен болатын. Қазақстанда өткізілген жаттығудың ерекшелігі – жеке операцияларды орындау кезінде арнайы мақсаттағы күш-құрылымдарын басқару бойынша жедел штабтың жұмысын ұйымдастыруды үйлестіру болып табылады.
Жаттығуға қатысқан жасақтардың атқаратын міндеттеріне тек шартты бандқұрылымды жойып жіберу ғана емес, сондай-ақ, атысты тоқтату туралы бітімгершілік келісім жасау, дағдарыс ауданында қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету, кепілдікке алынғандарды босату, жараланғандарға жәрдем көрсету сияқты бірқатар жұмыстар кірді. Бұл міндеттер жаттығу барысында толығымен орындалды. Оқу-жаттығу барысында ұйымдастырушылар көздеген мақсатына қол жеткізді.
Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету қазіргі кезеңде тек Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін өзекті мәселе болып отыр. Қазақстан дәйекті түрде ел мен аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жағдайды қалыптастыру, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұруда халықаралық құқықты негізге алу мен пайда болған қатерлерді бастапқы кезеңде шешу мен алдын алу, олардың негізінде жатқан фундаментальды себептерді жоюға күш салады. ҰҚШҰ негізгі мақсаты ретінде мүше-мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ұлттық қарулық күштерді әскери және ұйымдастырушылық жағынан нығайту, ортақ шекараны қорғау жүйесін сақтау, ТМД-ға кірмейтін мемлекеттермен шекараны бірлесе қорғау саласындағы өзара ықпалдастық пен ынтымақтастықты қалыптастыру болып саналады.
ҰҚШҰ қызметінің басты бағыттарының бірі халықаралық терроризм, экстремизм және соған қатысты саналатын қылмыстар – есірткі және қарудың заңсыз саудасы, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграциямен ынтымақтастық. Мысалы, есірткі контрабандасымен күрес аясында ҰҚШҰ мүше-елдерінің өкілетті органдары жетекшілерінің үйлестіру кеңесі құрылды. Сондықтан ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдары, шекара және кедендік қызмет күштерін тарту арқылы жедел алдын алу шаралары жүргізіледі.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*