Астана – адалдық алаңы

Өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті директорының орынбасары, «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жазира Жылқышиева Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты мен бөліністері жеке құрамына дәріс оқыды.
«Астана – адалдық алаңы» тақырыбы арқау етілген кездесуде Жазира Жақсылыққызы сыбайлас жемқорлық тақырыбына тоқталды.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне басымдық бергенін алға тартқан баяндамашы: «2014 жылы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Жемқорлыққа қарсы саясаттың мақсаты – мемлекеттік органдардар мен үкіметте жемқорлықты жою, квазимемлекеттік секторлардың ашықтығын қамтамасыз ету. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – мемлекеттік қызмет саласындағы жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізетін бірден-бір орган», – дей келе, Жазира Жылқышиева «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бұрын жемқорлық салдарымен күресуге бағытталған болса, қазір оның алдын алуға көп көңіл бөлініп отырғанын айтты.
Содан соң, «Астана – адалдық алаңы» жобасы туралы кеңінен мағлұмат берген ол: «Барлығымыз адалдық деген сөздің өзі қасиетті, қастерлі сөз екенін білеміз. Байқасаңыздар, жобаның атауын орыс тіліне аудармаған себебіміз – адалдық сөзінің терең мағынасын орыс тілінде жеткізу мүмкін емес. Бұл жобаны ең бірінші Астанада жүргізуімізге барлық атқарушы органдардың елордамызда шоғырлануы себеп болды. Еңселі елордамыз адалдық алаңына айналуы тиіс. Осы мақсатта қолға алған жұмыстарды іске асырып, ең алдымен мемлекеттік органдарда, мемлекеттік қызметте адалдық орнауына атсалыспақпыз», – деп түйіндеді сөзін жоба жетекшісі.
Айта кетсек, жобаның негізгі міндеттері – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу. Жоба аясында мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылады.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*