Медиация – сотсыз татуласу

Қоғамның өркениетті дамуы үшін дауларды шешудің басқа да, соның ішінде сот ісіне тәуелді емес тиімді жолдарын іздестірудің маңызын елемеу мүмкін емес. Және бұл бағытта заң шығарушы орган ілгеріге қарай елеулі қадам жасап отыр.
Атап айтқанда, Парламент 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылдаған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының заңы дауды сотта қараудан басқа да жолмен шешудің құқықтық негізін белгілеп, жағдайды шешу үшін құқықтық ауқымды кеңейте түсіп отыр.
Дауларды соттан тыс шешу тәсілдерін дамытуға және сотсыз татуласуға бағытталған іс-шара атқару мақсатында жуырда Қызылорда қаласы №2 сотының мәжіліс залында «Медиация – сотсыз татуласу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған іс шараға сот, прокуратура, Ішкі істер басқармасы және Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері, сонымен қатар, Қызылорда облысы бойынша «Бітім медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің және «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының өкілдері қатысты.
Жиынды Қызылорда қаласы №2 сотының төрағасы Әбу Айбек ашып, медиацияның негіздері мен оны атқару ауқымына тоқталып өтті. «Медиацияны дамыту орталығы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының директоры Бейс Руслан «Медиация – сотсыз татуласу» тақырыбында баяндама оқып, медиатордың құқықтық мәртебесі, дауды сот тәртібінен тыс шешудің орны мен маңызы, сондай-ақ, азаматтық істер жүргізу мен қылмыстық процесс барысындағы медиацияның ерекшеліктерін атап көрсетті. Бұдан соң дөңгелек үстелге қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
Жиналысты қорытындылай отырып, Қызылорда қаласы №2 сотының төрағасы Әбу Айбек медиацияны қазіргі таңда жазасын өтеп жүрген сотталғандардың өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтінішхат бергенге дейін жәбірленушілерінен кешірім алу, өтемақысын өтеуге ықпал ету жұмыстарын жүргізу мәселесін қарастыру туралы атап көрсетті.

А. БАТЫРБЕКОВ, Қызылорда қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*