Алдын алғаннан артығы жоқ

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде жазғы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу тақырыбында брифинг өтті.
Онда суға түсу маусымы кезіндегі сақтық шаралары және дала-орман өрттерінің деректері туралы айтылды. БАҚ өкілдері алдында Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Эльдор Райымбеков, Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Орал Әбдірахманов және департаменттің ресми өкілі Аягөз Фазылова сөз сөйледі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, суда қаза болу жағдайларының 80%-ы арнайы жабдықталмаған және суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болады екен. Соның ішінде ішімдік ішіп, масаң күйде суға шомылу себебінен қаза табатындар көп. Былтырғы суға шомылу маусымында Астана қаласы бойынша 17 адам суға кеткен, оның 3-еуі – бала. Сондай-ақ, 15 адам құтқарылған, оның 2-еуі – бала. 2017 жылғы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ішімдік ішіп, масаң күйде суда шомылу, судағы жүріс-тұрыс ережесін білмеу және сақтамау себебінен болып отыр. 17 оқиғаның 14-і осындай жағдай. Ересек адамдардың балаларын қараусыз қалдыруынан 2 бала өлімі және байдаркамен жүзуден 1 кісі өлімі тіркелген.
«Жағажайларда жүргенде де суға шомылу ережелерін ұмытпаған жөн. Жаздың ыстық күндері жағажайда мыңға жуық адам шомылады. Орташа есеппен жыл сайын қаланың су қоймаларында 12-ден 17 адамға дейін қаза табады. Жалпы, зардап шеккендердің 60-65%-ы – жас адамдар (30 жасқа дейін), 20-25%-ы – балалар мен жасөспірімдер. Шомылу маусымы 1 маусымнан басталады. Жыл басынан бері адамдардың суға кетіп, қаза табу жағдайлары тіркелген жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы жабдықталған жағажайларда, бассейндерде және құтқарушылар патрулі бар орындарда суға түсу қажеттігін ескертеміз. Дені сау, шыныққан адамдардың қауіпсіз шомылуы үшін судың температурасы +18 С, ауа температурасы +22 С болу керек», – деді Эльдор Әлімғазинұлы.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қазір Есіл өзенінің үстіңгі қабаты ғана жылынғанын ескертеді. Оның өзінде де +13 С ғана, ал судың астыңғы қабатының температурасы +5-+7 С. Салқын суға шомылу өте қауіпті, әсіресе, сүңгудің салдарынан қан тамырлары жиырылып, бұлшық еттер тартылып, соның салдарынан адам есінен танып, тынысы мен жүрегі тоқтап қалуы мүмкін.
Брифингте сөз болған келесі тақырып – дала-орман өрттері. Еліміздің көптеген аумағында күннің қатты ысуына байланысты, дала өрттері жиі орын алуда. Көп жағдайларда дала өрттері адамдардың салғырттығынан пайда болады. Азаматтар жаққан оттарын өшірмей кетуінен немесе көлік жүргізушілерінің жол жиегіне өшірмей тастай салған темекі тұқылынан, ашық алаңқайда қоқысты немесе құрғақ шөптерді жағуынан және т.б. салдарынан алапат өрт туындап жатады. Сол себепті, осы кезеңде азаматтардың далалық аймақта өте мұқият болуы және өрт қауіпсіздігі қағидаларының шараларын сақтаулары қажет.
«Жыл басынан бері құрғақ шөптер мен қамыстардың жануына байланысты 60 оқиға тіркеліп, 26 мың шаршы метр жер көлемінде өрт алаңы сөндірілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда, өрт саны 34-ке және жану алаңы 71 мың шаршы метрге азайып отыр. Табиғат аясына шыққанда сіріңкені және тұқылдарды лақтырмаңыздар, өрт қаупі бар маусымда қалдықтар мен қоқыстарды жақпаңыздар, аңшылыққа шыққанда бықсып жанатын материалдарды қолданбаңыздар. Алауды сумен сөндіріңіздер, жалын сөнгенше топырақпен көміңіздер. Сынған шыныларды қалдырмаңыздар», – деді Орал Мұттахиденұлы.
Жиын соңында департаменттің ресми өкілі Аягөз Жанболатқызы осы күні Астана қаласында болған алапат дауыл туралы журналисттерге ресми хабарлама жасап, табиғи оқиға салдары анықталып жатқандығын жеткізді.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суретті түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*