Еңбек еткеннің еңсесі түзу

Түзеу мекемелерінде бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқандарды еңбекпен қамтамасыз ету – Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басты міндеттерінің бірі.
Осы орайда, Елбасымыздың «Бес әлеуметтік бастамасының» 4-бастамасында айтылған «Шағын несие беруді көбейту» жоспарын іске асыру шеңберінде ҚАЖ мекемелеріндегі шағын және орта бизнесті несиелендіру мәселесін одан әрі жандандыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер ашылып отыр.
Қазіргі нарықтық заман талабына сай, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/3, 9 мекемелерінде атқарылып жатқан нақты істерге көз сүйсінеді. Осы аталған мекемелерде жұмыс көзін ашқан сотталған азаматтар ісінің алға басуы тек талмас еңбек пен сенімнің арқасы екенін дәлелдей түскендей.
Ағымдағы жылы ИЧ-167/3 мекемесінде 10 жеке кәсіпкер келісімшарт арқылы өз өндірістерін ашып, 40-тан астам сотталғанды жұмыспен қамтыды. Олардың ішінде, жеке кәсіпкер «Алдияр» қояндарды баптау орнын ашып, бүгінгі күні 30-дан астам «великан» тұқымды көжектерін өсіруде. Барлық қояндар ветеринарлық қызмет арқылы тексеруден өткен. Осы мекемеде жеке кәсіпкер «Нам М.» күркетауық баптау орнын ашып, 25 үлкен күркетауық өсіруде.
Ал ИЧ-167/9 мекемесінде төрт кәсіпкер бір бағытта қоян, тауық, үйрек өсіру істерін қолға алған және бүгінгі таңда еңбегінің жемісін көруде. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер «Буранова» үйректердің «пекиндік» түрін бағып, тауықтардың «несушки» деген түрінен жұмыртқа алып отырса, қоян асырауда үлгілі нәтижеге ие. Қояндардың салмағы 3 келі 500 грамға дейін жетіп, «диеталық» тағамдар өндіруге зор үлес қосуда.
Жеке кәсіпкер «Сармантаева» болса, голландтық текті 60 тауық асырап, күніне «диеталық» жоғары сапалы өнім өткізіп, үйрек етінен айтарлықтай сапада өнім алып, істеген шаруасын әрі қарай дамыту үстінде. Жұмыс істеп, кәсіп үйренем деген сотталған азаматтарды ақылы еңбекке алып, жұмыстарды пысықтап үйретіп келеді. Бұл атқарылып жатқан шаруалар – сотталған азаматтарға бостандыққа шыққан кезде өте керек болатын кәсіп түрлері.
Ата-бабамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпағанын көреміз. Басқа да жеке кәсіпкерлер атқарып жүрген жұмыстар түрі – кіші инкубатормен жұмыртқадан балапан алып, тауық санын көбейту және бройлер тауықтарын асырау болып табылады. Инкубаторы бар кәсіпкерлер: «Буранова», «Сармантаева» және «Турапов». Олардың әр циколдық айналымында жүздеген жұмыртқадан балапан шығарып, оларды жетілгенше баптап күтеді. «Әр еңбектің бір зейнеті бар» демекші, сотталған азаматтар әр тоқсан көрсеткіштерімен атқарылған жұмыстарына қарай мекеме әкімшілігі атынан түрлі марапаттар алады. Оның ішінде, атап айтсақ, үлгілі тәртібі, адал еңбегі үшін, еңбектегі табыстары үшін және «Үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша мақтау қағаздары мен грамоталар тапсырылады. Істеген еңбектерінің бағасын ықыласпен қабыл алып, ендігі айналымда нәтиженің үлгілі, табысты болуына шын пейілмен кірісіп, жаңа табыстың экономикалық тиімді көзін табуды, иновациялық жолмен шешуді жоспарлап, жаңа тың серпінмен жұмысқа кіріседі.
Осы айтылған жеке кәсіпкерлердің ішінде «Турапов» алдына қойған мақсатының үдесінен шығып, асыраудағы қояндардың салмағын 4 келіге жеткізсе, қояндардың «великан» деген түрін бағып, олардан алынған көжектердің тез жетілуін көздеп, қазіргі күні үлкен ізденіспен барлық мүмкіншілікті пайдалануда. Жеке кәсіпкер «Кодировтың» жетістіктерінің артықшылығы – қолындағы тауық, үйректердің күтімі жоғарғы сапада. Күтім мен ықылас болған жерде нәтиже де жоғарғы деңдейде. Бүгінгі кәсіпкер көмекшілері – ертеңгі өз алдына жеке кәсіпкерлікке дайын жандар.

С. СОПИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*