Кадр мәселесі күн тәртібінен түспейді

Ішкі істер органдарына сауатты, жан-жақты мамандарды дайындау –негізгі міндеттердің бірі. Өйткені, басқасын айтпағанда, құқық қорғау органдарының жұмысы өзінің жедел қимылы, халықтың қауіпсіздігі үшін тиімділігімен ерекшеленуі тиіс. Оның үстіне Елбасымыз болашақ полицейлерді оқыту ісін дамытумен қатар, құқық қорғау органдары қызметіне кадрларды іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде міндеттеме қойған болатын.
Бұл турасында Президент Н. Назарбаевтың: «Даму деңгейін жетілдіріп келе жатқан Қазақстанға сауатты шешімдер қабылдайтын және орындайтын заманға сай білімді мамандар қажет. Барлық әлемде құқық қорғау жүйесі техникалық жоспар бойынша анағұрлым автоматтандырылуда, интеллектуалды болып келеді. Мамандарды дайындау және қайта даярлау жүйесіне айтарлықтай өзгерістер керек. Бір жағынан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу нормаларына назар аударып, екінші жағынан күш құрылымдары жетекшілерінің олардың қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылыққа жауапкершілік деңгейін арттыру қажет», – дегені бар.
Бұл тұрғыдан келгенде осы күнге дейін жасалған жұмыстар жетерлік. Тәуелсіздік алған кездерден бастап ішкі істер органдарында кадр жұмысының заманауи әрі серпінді жүйесі құрылды. Бүгінгі күні кадр жұмысының ынтымақтастығын айқындайтын іргелі құқықтық база жасақталған.

Маман дайындаудағы мығым тірлік
ІІМ Кадр жұмысы департаменті ұсынған мәліметтерге қарағанда, бұл талап үрдісінен шығуға мүмкіндігіміз мол. Бүгінде Ішкі істер министрлігіне қарасты алты жоғарғы оқу орны жұмыс істейді. Оларда 23 ғылым докторы, 155 ғылым кандидаты дәріс береді. Бұған қоса, әлемдегі дамыған шетелдік жоғарғы оқу орындарымен де жақсы байланыс орнатылған. Жылда жүздеген қызметкер шетелдердегі озық оқу орындарында білімдерін жетілдіріп келеді.
ІІМ-нің жоғары оқу орындарын негізгі қызмет мамандарын дайындауға бағыттап, оларға оқу-әдістемелік және жедел әрекет қызметі бағытындағы ғылыми орталықтардың міндеттемелерін де жүктеген. Мәселен, Алматы Академиясы криминалдық полиция және жедел техникалық бөлімшелердің мамандарын даярласа, Қарағанды Академиясы тергеу және жедел криминалистикалық бөлімшелердің, Қостанайдағы оқу орны қылмыстық атқару жүйесі мен әкімшілік полиция қызметкерлерін оқытып шығарады. Ал полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, кадрлардың біліктілігін көтеру және қайта даярлау арнайы мамандандырылған орталық базаларында жүзеге асырылады.
Алматы Академиясында Террорлық әрекеттерге қарсы күрес мамандарын дайындау орталығы мен Есірткі бизнесіне қарсы күрес ведомствоаралық оқу орталығы құрылды. Қарағанды Академиясында Заңсыз көші-қон және адам саудасына қарсы күрес мамандарын даярлайтын орталық жұмыс істейді. Осы оқу орталықтарында бүгінге дейін 5 мың қызметкер білімдерін жетілдірді. Орталықтарда, сондай-ақ, халықаралық сарапшылардың қатысуымен (ЕҚЫҰ, БҰҰ және т.б.) полиция қызметкерлері үшін тренингтер мен семинарлар өтіп тұрады.
ІІМ Кадр жұмысы департаментінен алынған деректерге қарағанда, осындай оқу орталықтарында шетелден келген мамандар да білімдерін шыңдайды. Мұның өзі көп жайды аңғартады. Бұл – біріншіден, жергілікті оқу орталықтарындағы оқытушылардың білімі, оқыту шеберлігі және басқа көрсеткіштері ешбір елден кем еместігін көрсетеді. БҰҰ, ЕЫҚҰ, Интерпол және басқа бірқатар халықаралық ұйымдардың шақыртуы бойынша министрлік есебінен жылына 200 полиция қызметкері АҚШ, Германия, Түркия, Қытай, Ресей, Франция сияқты елдерде білімдерін жетілдіріп отырады. Өзіміздегі ЖОО-да қазіргі уақытта Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдерінен 200-ге жуық азамат оқып жатыр. Оның алдында 80 адам оқуын тәмамдап, елдеріне оралды. Осындай деректер біздегі мамандар даярлау ісі жоғары деңгейде қалыптасқанын толық дәлелдейді. Сонымен бірге, ІІМ жоғары оқу орындары базасында доктурантуралар мен магистратуралар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда үлкен рөл атқаруда. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның білім деңгейін көтеруге елеулі ықпалын тигізеді.
ІІМ Кадр жұмысы департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл сайын оқу орнын бітіргендер ішінен 80 адам магистратураға, 20 адам PhD доктурантураға құжат тапсырып, білімдерін шыңдайды. ІІМ жоғары оқу орындарында кәсіби мамандар дайындаудың альтернативтік үлгісі енгізілген. Оның бірі – қашықтықтан оқыту үлгісі болса, екіншісі – полиция қызметкерлерін өндірістен аз уақытқа бөле отырып, жеделдетілген курстарда қайта даярлау. Осындай оқыту үлгісі полиция қызметкерлерінің білімін жетілдіріп, жаңғыртып, заман талабына сай маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, ІІМ жоғарғы оқу орындарының әлеуеті жаңа форматтағы мамандар дайындауға толығымен жетеді. Бұл – сайып келгенде, қоғам тыныштығы мен тұрақтылығын болашақта да берік сақтауға берілген кепілдік. Заман талабына, сұранысына сай мамандар дайындалмаса, онда баянды болашақ пен бейбіт өмірге де ешкім кепілдік бермес еді.

Аймақтарда тәртіп сақшылары жетіспейді
Саладағы кадр мәселесін шешудің ең тиімді жолдарының бірі – кадрды жоспарлау мен орналастырудың нақты жүйесінің болуы. Сонымен бірге, қызметкердің еңбегін, жұмыс нәтижесін әділетті бағалау, осыған жауап беретін нақты критерийлер болуы қажет.
Дегенмен, кадр тапшылығы деген мәселе барын жоққа шығара алмаймыз. Еліміз бойынша мәселе болып тұрғаны – полицейлердің жеткіліксіздігі. Себебі, полиция қатарына келетіндердің еңбекақысы төмен және ешбір әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылмаған.
Кадр тапшылығы аймақтарда анық байқалады. «Жыл басынан бері облыстық ІІД-ге 121 қызметкер қабылданды, оның 26-сы ІІМ-нің жоғары оқу орындарын аяқтады. Дегенмен, бұл алдымызда өткір тұрған кадр тапшылығы мәселесін шешпеді. Қазір бізге 293 полицей жетіспейді. Бұл проблема Мақат және Жылыой аудандарында бәрінен өткір тұр», – деп мәлімдеген болатын Атырау облыстық ІІД-нің бастығы Аян Дүйсембаев. Басшылық жас мамандардың қызметке деген ынта-ықыласын көтеруге әсер ететін материалдық қолдау туралы естен шығармаған. Мысалы, аймақта ағымдағы жылы ішкі істер органдары қызметкерлері үшін 100 жаңа пәтер сатып алынбақ.
Павлодар облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығы да офицерлер құрамы мен талапқа сай жоғары заңгер білімі болуы тиіс қызметкерлерді таңдау бойынша ешбір қиындық болмаса да, өзінің қызметтік міндетін көшелерде атқаратын мамандарды қабылдау бойынша кадрмен қамтамасыз ету күрделі екендігін жасырмайды. Бүгінгі таңда қатардағы полицейлерге қойылар басты талап – арнайы білім мен Отан алдындағы борышын өтеген, созылмалы ауруға шалдықпаған болса жеткілікті.
Жас мемлекет ретінде алдымызда мың сандаған даму жоспары бары анық. Барлық салада, соның ішінде ішкі істер саласында кадр ресурстарында сабақтастық болса ғана, сонымен бірге, кадр тұрақтылығына маңызды мәселе ретінде қарайтын болсақ қана діттеген нәтижеге қол жеткізуге болады.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*