Жазалау емес, тәрбиелеу маңызды

Елордамыздағы 1971 жылы ашылған қатаң тәртіптегі ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің қызметі еліміздің Қылмыстық атқару кодексі мен қылмыстық атқару жүйесінің нормативтік актілері арқылы жүзеге асырылады. Түзеу мекемесіндегі қызметкерлер жазасын өтеушілерді тәрбиелеу және тәртіпсіздіктің алдын алу бойынша жұмыс істейді.
Соңғы уақыттарда жиі талқыланып жатқан мәселелер – мекеменің бүгінгі таңдағы жұмысы мен материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету, жазасын өтеушілерді ұстау жағдайын халықаралық стандартқа сәйкестендіру, тағы басқа мәселелер төңірегінде мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет майоры Ағыбай Мухинмен сұхбаттасқан болатынбыз.
Ағыбай Кәкімжанұлы, сіз басшылық жасап отырған елордамыздағы қатаң тәртіптегі ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бүгінгі тынысы жөнінде айта кетсеңіз? Мекемеде қанша сотталған жазасын өтеп жатыр? Олармен қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бүгінде біздің мекемеде шаруашылық қызметі мен тәрбие жұмыстары бойынша үлкен істер атқарылуда. Мекемедегі жазасын өтеушілердің саны – 507 адам, оның ішінде ауыр қылмысы үшін 97, аса ауыр қылмысы үшін 410 адам отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сотталғандар санының азайғанын көрсетеді. Атап айтқанда, 90 адам жазасын толық өтеп шықса, мерзімінен бұрын шартты түрде босағандар саны – 63. Бақылау орнына 13 адам ауыстырылды.
Қазіргі таңда бостандықтағы жұрттың өзіне екі қолға бір жұмыс табу оңай емес, ал сотталғандарды жұмыспен қамту одан да қиын екені айтпаса да түсінікті. Түзеу мекемесіндегі жұмыссыз жүрген сотталғандар күндерін қалай өткізеді?
– Біздің мекемеде жазасын өтеушілерге арнайы бекітілген күн тәртібі бар. Олар 8 сағаттық ұйқыдан кейін уақыттарын бос өткізбейді. Бірі жұмыс орындарында еңбек етсе, екіншілері мекеменің тазалығына жауап береді. Мұнда дәнекерлеу жұмыстары, темір қоршаулар, ағаштан бұйымдар жасалады. Сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін өңірлік жұмыспен қамту орталықтарымен байланыстамыз. Солардың бірі – «Еңбек-Ақмола» өңірлік жұмыспен қамту орны.
Мекемедегі жұмыс істейтін сотталғандар саны – 411 адам (2017 жылы 528 адам болған). Оның ішінде жалақымен қамтамасыз етілгендер – 300. «Еңбек- Ақмола» өңірлік жұмыспен қамту орталығында 249, «Еңбек» өңірлік жұмыспен қамту орталығында 32 сотталған еңбек етеді.
Сотталғандарға медициналық қызмет көрсету жағы қалай?
– Біздің мекемеде арнайы медициналық бөлім бар. Ол жеке ғимаратта орналасқан. Онда амбулаториялық бөлім және 10 орынға арналған аурухана жұмыс істейді. Ауруханада соматикалық ауруларға арналған палаталар, психикалық аурулармен ауыратындар үшін арнайы орындар, оқшаулағыш палаталар жеке төсек орындармен және санитарлық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Медициналық қызметті жақсарту мақсатында әр тоқсан сайын жазасын өтеушілерге медициналық профилактикалық тексеріс жүргізіледі. Оны Астананың емханаларындағы білікті мамандар атқарады. Профилактикалық тексеріс Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаменті мен Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылады.
Мекемеде жұмысқа жарамсыз, мүгедек, егде жастағы жазасын өтеушілер бар ма? Олардың жүріс-тұрысы, күтімі кімдердің мойнында?
– Мекемеде 9 жасақ бар. Әр жасақта түрлі жағдайларына байланысты сотталғандар бөліп орналастырылған. Мүгедектер жасақтың оқшау аймағында. Заң барлық жазасын өтеушіге бірдей, сондықтан сотталғандардың бәріне ортақ талап қойылады. Бірақ, жұмысқа жарамсыз, егде жастағы жазасын өтеушілерге жасалған жеңілдік: таңғы және кешкі тексеріс аймағына келмейді. Оларды біздің қызметкерлер өздері барып тексеруден өткізеді. Ал күтімін медицина қызметкерлері қадағалайды.
Сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Көбіне түзеу мекемелеріне келген азаматтар дінге бет бұрып жатады. Сотталғандар бір-біріне ықпал етеді. Өзге ағым өкілдерінің ықпалын болдырмау мақсатында мекемеде арнайы шақыртылатын теологтар жұмыс істейді. Жазасын өтеушілердің діннің дұрыс бағытын ұстануы, теріс ағымның ықпалына берілмеуі, діни сауатын ашулары үшін олар діни дәрістер оқып, салт-дәстүрге қатысты сабақтар өткізіп тұрады.
Алғашқыда сотталғандардың мекеме режиміне бейімделуі қиын болып жатады. Сіз басқарып отырған мекемеде жазасын өтеушілерге қандай психологиялық көмек көрсетіледі?
– Сотталғандарға психологиялық көмек міндетті түрде көрсетіледі. Психолог мамандар ең алдымен сотталғанның өмірбаянымен танысады. Одан кейін қандай баптармен сотталғаны туралы мәліметтер жинап, жазасын өтеушілер жаңадан мекемеге түскеннен кейін осы мекеменің тәртібіне бейімдеу мақсатында жұмыс жүргізеді. Түрлі психологиялық тренингтер, тесттер жүргізеді.
Сотталғандардың түзелуі үшін ең басты керек нәрсе – тәрбие жұмысы екені белгілі…
– Иә, мекемеде тәрбие жұмысы кеңесі жұмыс істейді. Өйткені, сотталғанды жазалау емес, тәрбиелеу маңызды. Аталған кеңеске мекеме әкімшілігі ішінен бірнеше қызметкер тартылған. Онда сотталғандардың талаптары мен арыздары қаралады. Тәрбие жұмысы кеңесі мекеме әкімшілігі ішінен әр жасаққа 5-6 қызметкерден тіркейді. Мысалы, онда жедел бөлім, режим бөлімі, бухгалтерия, психолог мамандар бар. Кеңес мүшелері әр сотталғанға мінездеме беріп, мәліметтер жинайды.
Сөзімнің соңында айта кететін жағдай, алдағы уақытта бұл түзеу мекемесінің орнына басқа режимдегі колония ашу мәселелері қарастырылуда.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан ИБРАГИМОВА,
суретті түсірген Қайсар ЗАКИРАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*