Жолың болсын, жас сақшы!

Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде қызметке тұрғандарына бір жыл болмаған жас полиция қызметкерлері екі күндік слетке жиналды.
Жыл сайынғы дәстүрлі түрде өтетін бұл шара ағымдағы жылы Астана қаласының 20 жылдығына арналды. «Іс-шараның мақсаты – ішкі істер органдарының имиджін көтеру, қызметкерлердің бойында кәсіби қабілетті шыңдау, қазақстандық патриотизмді, таңдаған мамандығына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Кадр жұмысы басқармасы іс-шараны үш бағытта ұйымдастырды: жауынгерлік және қызметтік даярлық, патриоттық тәрбие және тәжірибелі тәлімгерлермен жұмыс істеу», – деп атап өтті облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев.
Іс-шара Петропавл қаласының басты алаңында бастау алды. Онда жас тәртіп сақшылары 6 топта сап түзеп, салтанатты шерумен жүріп өтті. Сапта еңбек жолын жаңа бастаған қызметкерлердің тәлімгерлері де бар. Қызметтік борышына адалдықтың үлгісі болған ішкі істер органдарының ардагерлері 200-дей жас офицерлер мен сержанттарға жүрекжарды тілектерін айтты.
Бірінші күні жас тәртіп сақшылары психологиялық тренингтерден өтіп, Кинологиялық қызмет орталығына барды, арнайы техника жұмысымен танысты, оқу-тәжірибелік көрсетілімдерді және Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің кәсібилігін көрсететін қазақстандық фильмді тамашалады. Слет қатысушылары Калашников автоматы мен Макаров тапаншасынан ату дағдыларын көрсетті.
Екінші күн қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан ІІО қызметкерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Екі күндік іс-шара салтанатты жиынмен аяқталып, онда Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов жас қызметкерлерді қызметтегі алғашқы қадамымен құттықтап, 44 тәртіп сақшысына слеттан өтуі туралы сертификаттарды табыс етті.
«Сіздердің әрқайсыңыздың аға буынның игі дәстүрлерін одан әрі жалғастырып, қызметтегі сындардан сүрінбей өтіп, қызметтік борышына адал, кәсіби қызметкер болатындарыңызға сенімдімін. Сондай-ақ, осы залға жиналған ішкі істер органдарының ардагерлеріне жас ұрпақты тәрбиелеудегі баға жетпес тәжірибесі мен қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін», – деді полиция ведомствосының басшысы.
Кездесуде ішкі істер органдарының ардагерлері жас офицерлер мен сержанттарға жылы лебіздерін білдірді. Отставкадағы полиция полковнигі Хайдар Кашенов қызметті абыроймен атқарудың басты қағидаларымен бөлісті. Ал ІІД шығармашылық ұжымының полиция қызметінің күнделікті тыныс-тіршілігі жайында шырқалған әндері слетке қатысушылардың таңдаған мамандықтарына мақтаныш сезімімен қарауларына серпін берді.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*