Сақшылар саулығын күзеткен Сыр дәрігерлері туралы

санчасть Кызылорда 11Әлемнің қай елінде болмасын денсаулық сақтау ісінің аса маңызды екені кім-кімге де белгілі жайт. Денсаулық сақтау ісі бұқаралық ақпарат құралдарында да көп көтеріледі; жетістіктер де, кемшіліктер де айтылады, білікті дәрігерлер туралы да, денсаулық сақтау ұжымдары туралы да жазылып жатады. Солай бола тұра, осы бір маңызды саланың жорналшылар назарынан тыс қалып жататын бөлігі бары жасырын емес. Ол – ішкі істер қызметіндегі денсаулық сақтау ісі. Ендігі баянымызды осы ішкі істер қызметіндегі денсаулық сақтау ұжымдарының бірі – Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің медициналық қызметіне қатысты жалғамақпыз.
Ұжым тарихы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алады. Шежірені сол кезден бастап тарқатсақ, міне, елін сүйген білікті дәрігерлердің Сыр сақшылары денсаулығының күзетінде тұрғанына да 75 жылға жуықтап қалыпты. Деректерге жүгінер болсақ, ұжымды 1947-52 жылдары Чун-Сун Фушанович, 1952-56 жылдары Людмила Суходольская, 1957-63 жылдары И.Михеев,1963-67 жылдары медициналық қызмет лейтенанты Кенжебек Елжанов басқарады да, ұжымға 1967-68 жылдары Р.Естифеева, 1968-1993 жылдары ішкі істер қызметінің подполковнигі, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Елемес Көшкінбаев жетекшілік жасайды. Ал, 1993 жылдан қазіргі кезге дейін ұжымды жоғары категориялы дәрігер, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Сәкен Ыбыраев басқаруда. Емхананы 1974-80 жылдары Қ. Кәрімов,1981-83 жылдары К.Құрманов,1984-86 жылдары Е.Әмірханов басқарса,1986 жылдан осы кезге дейін Жағыпар Оразбахов басқаруда.
Қызметіне адал жандардың ынтымағы жарасқан ұжымы туралы ішкі істер органдары ардагерлері де ықыласпен әңгімелейді. Республикалық «Халық» газетінің үстіміздегі жылғы 4 шілдедегі санында Қ.Әшірбекұлы мен санчасть Кызылорда 12Ж.Асановтың бір топ ардагерлер атынан жариялаған ризалықтарында дәрігерлер Сәкен Ыбыраев, Жағыпар Оразбахов, Ғабит Тасмағанбетов, Қойшыбай Ахаев, Ғалымжан Жолданбаев, Мұхтар Тұйғынов, Маржан Нұрмаханова, Райкүл Сейтенова, Рита Абдилдинова, Гаухар Бақбергенова, Қамар Әзқожаева есімі құрметпен аталады. Оларға деген ризалықтарын жыр шумақтарымен жеткізген екен. Біздің де әңгімеміз сол дәрігерлер туралы болғандықтан сол ұзақ өлеңнің кей шумақтарын пікірімізге дәйек ретінде алмақпыз. Авторлар:
Сәкен – сол ірі ұжымның ұйытқысы
Істеріне тұрады ұйып кісі.
Осы ұжымға ұзақ жыл басшы болған
Ол қазір сақшылардың сүйіктісі , – деп Сәкен Ыбыраевқа,
Жалпы жұрт дән риза Жағыпарға
Ағымнан тура келді жарыларға.
Еңбегі емханаға ерен сіңген
Жайдары, жақсы басшы Жағыпар да, – деп Жағыпар Оразбаховқа жылы лебіздерін білдіреді.
Алғысқа ұжымда көп малынғандар
Айрықша құрметке малынған бар.
Маржан тістің мастері Ғабит пенен
Жүйкені жөндейтұғын Ғалымжан бар.

Дәрігердің болады дара сыры
Мұхтарға өте жақын жара сыры.
Көз ауырмай жүргені қандай жақсы
Қойшыбай да жанардың жанашыры….
…Келсеңіз түрлі кеңес, ем береді
Дертке дауа, дәрменге дем береді.
Дәрігерлер Маржан мен Райкүлге
Расында осы кім тең келеді, – деп ақтарыла жырлаған ішкі істер органдарының ардагерлері ұжымдағы дәрігерлер мен медбикелер еңбегіне шексіз алғыс айтады. Иә, шындығында да осы бір ақ халатты абзал жандардың қандай мақтауға да тұрарлық азаматтар екені анық. Алғаш 1939 жылы жеке құрамға жедел медициналық көмек мақсатындағы фельдшерлік бекет сипатында жұмысын бастаған бұл ұжым бүгінгі таңда барлық басты дәрігерлік бөлмелермен, процедуралық, жарақат таңу, флюрография, физиоемдеу, функциональдық диагностика кабинеттерімен, клиникалық, биохимиялық, бактериологиялық зертханалармен, орталықтандырылған залалсыздандыру орнымен жабдықталған ғимаратта еңбек етеді, ұжым 12 мамандандырылған сала бойынша дәрігерлік қабылдау жүргізеді, емхана негізінде аймақтық-әскери дәрігерлік комиссия жұмыс істейді. Департамент дәрігерлерінің жұмыс көлемі де ауқымды. Олар тек полиция қызметкерлеріне ғана медициналық қызмет көрсетіп қоймайды, аймақтағы ішкі істер құрылымдарының барлық қызметкерлеріне де, ішкі істер қызметінің ардагерлеріне де дәрігерлік көмек көрсетуде. Білікті амбулаториялық медициналық көмекпен қатар, шипагерлер жеке құрамға тереңдете профилактикалық медициналық тексеру жүргізіп, тексеру барысында анықталған ауруларды сауықтыру шараларын жүзеге асырады, аймақтық-әскери дәрігерлік комиссия құрамында Ішкі істер министрлігі органдарына қызметке тұратындар мен арнайы оқу орындарына талапкерлердің денсаулық жағдайларын сараптан өткізеді, бекітілген нысандарға санитарлық-гигеналық бақылаулар жүргізеді. «1993 жылы 6 төсектік аурухана ашқан болатынбыз. Оның жұмысы нәтижелі болды, осылайша біз госпитальдық базаның негізін жасай бастадық. Алайда ол тұс еліміз үшін қиындығы мол кез еді ғой. Мүмкіндіктің жоғынан бұл бағыттағы ісіміз тоқтап қалды. Енді қазір жаңа үлгідегі госпиталь салу мәселелерін көтерудеміз», – дейді ұжым басшысы С.Әшімұлы. Біз де ынтымағы жарасқан дәрігерлер ұжымының басшысына «Оң болсын!» айтып, қызметтеріне табыс тіледік.
Сыр бойы сақшылары мен ішкі істер қызметі ардагерлерінің денсаулығы күзетінде тұрған дәрігерлердің өз міндеттерін адал атқарып, ел үшін, Отан үшін абыроймен қызмет етеріне сенім мол.

Алдажар ӘБІЛОВ, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*