Тәлімгерлік – полиция қызметінің тірегі

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Көкшетауда жас полиция қызметкерлері мен олардың тәлімгерлерінің аймақтық слеті өтті. Биылғы жылы дәстүрге айналған іс-шараны құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаңа үлгіде ұйымдастырды.
Шараның бірінші күні жас полиция қызметкерлері мен олардың тәлімгерлері «Гранитный» ауылындағы әскери дайындық алаңында болды. Жалпы сап полигон алаңында өтіп, облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Виктор Букреев, тәжірибелі нұсқаушылар – арнайы бөлімшелердің жауынгерлері, психолог мамандар, атыс дайындығының нұсқаушылары слет қатысушыларымен сәлемдесті.
Жалпы сап пен сәлемдесуден соң жаңадан келушілер Ақмола полициясының арсеналындағы жаңа қару-жарақтармен және арнайы техникалармен танысты. Арнайы бөлімшелердің тәжірибелі жауынгерлері жас тәртіп сақшыларына қарудың тактикалық-техникалық сипаттамасы, бронетехникалық және қызметтік автокөліктердің мүмкіндіктері, қорғаныстың арнайы құрылғылары жайлы айтып берді.
Слет қатысушыларының назарына ІІД Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторлары жаттығу көрсетілімдерін ұсынды. Олар әуеннің сүйемелдеуімен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін, қарулы қылмыскерлерді қолға түсіру, кепілдікке алынғандарды босату қалай өтетінін көрсетті.
Жас қызмектерлермен соңғы кездегі тағы бір жаңашылдық болып табылатын тимбилдинг өткізілді. Оның басты мақсаты – қызметкерлерді экстремалдық жағдайлардағы іс-әрекеттерге дайындау. Топпен жұмыс істеуге бағытталған әртүрлі тапсырмалар слет қатысушыларына үлкен әсер етті.
Дала оқу-жаттығуларында жас полиция қызметкерлері Макаров тапаншасынан ату жарыстарына қатысып, олар ішкі істер органдарында небәрі бір жылға жуық қызмет атқарып жүргендеріне қарамастан, көбі үздік нәтиже көрсетті.
Слеттің алғашқы күні Кинологиялық қызмет орталығына экскурсия жасаумен аяқталды. Кинологтар қонақтарға арнап кең ауқымды бағдарлама дайындап, қызметтік иттерді жаттықтыру кезіндегі ерекшеліктер, күнделікті жаттығулар және «төрт аяқты» полицейлердің тамақтану ережесі жайлы айтып берді.
Одан басқа, орталық қызметкерлері мен олардың төрт аяқты әріптестері кәсіби шеберлік көрсетті: Дозор атты неміс иті жасырынған есірткі затын, ал Зара атты лабрадор иті жарылыс заттарын тауып алды.
Облыстық слеттің екінші күні қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қоюмен басталып, салтанатты рәсімге жас полиция қызметкерлерімен бірге ішкі істер органдарының ардагерлері және ведомство басшылары қатысты.
Қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алған полиция қызметкерлері облыс орталығындағы 130-дан астам бейнекамераның қызметін үйлестіретін Көкшетау қалалық ІІБ Жедел басқару орталығына ат басын бұрды. Орталық қызметкерлері тәртіп сақшыларына заманауи бейне жүйелерінің мүмкіндіктері, қоғамдық тәртіп бұзушылықтар мен жүргізушілер жасайтын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарға полиция жасақтарының қолданатын іс-әрекеттерін көрсетті.
Танымы мол экскурсиядан кейін, қатысушыларға Ішкі істер департаментінің салтанат залында әйгілі отандық «Алтыншы бекет» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Фильм шынайы өмірден алынған, сотталғандардың бандасына жалғыз қарсы тұрған қарапайым жауынгердің ерлігі турасында өрбиді.
Салтанатты жиын барысында слет қатысушыларымен ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Виктор Букреев кездесіп, жас қызметкерлердің кәсіби өсуі мен олардың қызметке бейімделуіне аға әріптес-тәлімгерлердің көмегі аса маңызды екенін атап өтті. «Біздің департаментте жас мамандарға үлгі болатын тәжірибелі қызметкерлер көп. Бүгінгі таңда полиция қызмектерлерінің жаңа буынының бойында белсенді азаматтық көзқарас қалыптастыруға, білім алуына, кәсіби өсуіне және әлеуметтік бейімделуіне қолайлы жағдай туғызуға ерекше мән беріледі. Полицияның болашағы білім мен шеберлікке, кәсіби өсуге, қызметке деген адалдыққа, қылмыспен күрестің нәтижелілігі және қоғамның ішкі істер органдарының қызметіне деген сенім дәрежесіне байланысты», – деп атап өтті Виктор Семенович.
Слет қатысушыларын ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Дәуітбек Нұрғалиев құттықтап, тілегін білдірсе, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкердің жұбайы Бибінұр Божақанова қызметкерлер алдында сөз сөйлеп, өзінің күйеуі, полиция подполковнигі Асқар Божақанов 2001 жылдың 15 наурызында жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінен жұмыс орнында қайтыс болғанын, Зарина есімді қызы мен Диас атты ұлы әкелерінің жолын жалғап, құқық қорғау органдарында қызмет етіп жатқанын айтты.
Салтанатты рәсімде қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жас қызметкерлерді тәрбиелеуге және ішкі істер органдарының тәлімгерлік институтын дамытуға үлес қосқаны үшін ІІД-нің дипломымен 19 тәлімгер марапатталды. Олардың ішінде ЖҚАЖ инспекторлары, учаскелік инспекторлар, тергеушілер, т.б. бар. Грамота иегерлері жыл бойы жас полиция қызметкерлерімен қызмет барысында жинақталған тәжірибесімен, кәсіби білімдерімен бөлісіп, жастарды қызметтің негіздеріне үйретіп, ұжымға бейімделулерін қадағалады.
Полиция қызметкерлері атанған ұлдары мен қыздарын отаншыл рухта тәрбиелегені үшін 19 ата-анаға Алғыс хат жолданды. Бір жылдай мерзім ішінде жас қызметкерлер жедел-қызметте жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, қажетті дағдыларды меңгерді, қылмыстық істерді тергеп, құқық бұзушылықтардың жолын кесті.
Атап өту қажет, жыл сайын Ақмола облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің қатарына 150-ге жуық жас мамандар қосылады.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*