Тараздағы табысты жиын

Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінде Жергілікті полиция қызметі, қалалық, аудандық Ішкі істер бөлімдерінің жеке құрамдары қатысқан облыстық оқу-әдістемелік семинар-кеңес өтті.
Семинарда ішкі істер органдары қызметкерлерінің құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтауы, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша толтырылған әкімшілік істердің жүргізілуі, әкімшілік жауапкершілікке тартудың мерзімдері, ІІО-ның профилактикалық есебінде тұрған адамдармен алдын алу жұмыстары, оларға арналған жинақтар мен профилактикалық, номенклатуралық істердің жүргізілуі бойынша мәселелер талқыға салынды.
Жиынға 200-ден астам Жергілікті полиция қызметі бөліністерінің учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, әкімшілік практика инспекторлары және ІІД, ЖПҚ, Тараз қалалық ІІБ, аудандық Ішкі істер бөлімдерінің басшылары қатысты.
Оқу-әдістемелік семинарды Жамбыл облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Ералин жүргізіп, жоғарыда аталған тақырыптар бойынша облыстағы жалпы жұмыс жағдайына тоқталды.
Сондай-ақ, ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ноян Қиымбеков «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртіп пен заңдылықты сақтауы» тақырыбында кең көлемді баяндама жасады.
Облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жалғас Жақыпов «Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша толтырылған әкімшілік істердің жүргізілуі мен әкімшілік жауапкершілікке тартылу мерзімдері» тақырыбында әдістемелік кеңес өткізіп, кәмелетке толмағандар ісі және учаскелік полиция инспекторларының күнделікті заңды қолдану кезінде шешімін табуы қиын мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Сондай-ақ, семинарға қатысушы ІІД қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
ІІД Жергілікті полиция қызметі Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрғали Әбзелбектегі «Ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрғандарға қатысты профилактикалық номенклатуралық істердің жүргізілуі» тақырыбында баяндама оқып, істердің жүргізілу тәртібі және қадағалау жолы бойынша әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетті.
Келесі кезекте ІІД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция лейтенанты Дінмұхаммед Сәуірбай «ІІО қызметкерлерінің деструктивті діни ағымдағы адамдармен профилактикалық жұмыстар және оларға арналған профилактикалық істерді жүргізуі» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар барысында полиция қызметкерлеріне арналған қызметте қолдану үшін 4 тақырып бойынша мың данадан астам әдістемелік нұсқаулық таратылып, бейнеслайдтар көрсетілді.
Іс-шараға қатысушы Тараз қалалық Ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Ербол Өмірбаев жиыннан соң: «Осы іс-шарада біз өз қызметімізге қатысты туындаған мәселелер мен күнделікті жұмыс барысында кездесетін сұрақтарға заң тұрғысында толық жауаптар мен керек кеңестер алдық. Нұсқаулықтарды өз тәжірибемізде қолданамыз. ҚР-ның түрлі заңдарына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы да көптеген мәліметтер айтылды. Бұл семинар полиция қызметкерлеріне ұйымдастырылған өте тиімді іс-шара болды», – деп өз ойымен бөлісті.
Аталмыш семинар ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Ералиннің қатысуымен облысымыздың барлық аудандарында өз жалғасын табуда.

Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*