Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 мектеп ауласына декоративті ағаш көшеттерін отырғызды.
Шараға Астана стансасындағы ІІЖБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дастан Әділханов, желілік басқарма қызметкерлері мен «Нұрлы жол» вокзалындағы желілік полиция бөлімшесінің жас мамандары қатысып, қала мерекесі қарсаңында көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.
«Біздің мақсатымыз – қала мерекесіне орай абаттандыру жұмыстарына өз үлесімізді қосу. Қала жасыл түспен құлпырып тұрса, ол бәріміз үшін қуаныш. Ағаш көшеттері, әсіресе, жыл бойы көктеп тұратын шырша, арша көшеттері қала көшелеріне ерекше көрік береді. Қала мерекесіне біз Астана стансасындағы ІІЖБ атынан тарту ретінде осы көшеттерді отырғызып, қаланы көркейтуге өз үлесімізді қосудамыз», – деді полиция подполковнигі Дастан Әділханов.
«Осындай шаралар арқылы біз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, шәкірттерді еңбекке баулуға аз да болса өз ықпалымызды тигізудеміз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң, майы шығатын мыңдаған гектар миялы жеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы», – деп атап өткеніндей, біз осындай шаралар арқылы жастардың жерге деген құрметін арттыруымыз қажет», – деді Дастан Бекетұлы.
Шара соңында мектеп басшылығы көлік сақшыларына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

М. ТҰРДЫҚҰЛОВ, Көліктегі ІІД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*