Аграрийлер жұмысы айрықша бақылауда

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов жеке құрам алдына егіс науқаны кезінде солтүстікқазақстандық аграрийлерге қолдан келер жан-жақты көмек көрсетуді міндеттеді.
Көктемде және егіс жинау кезінде ауыл шаруашылығы саласында астық ұрлау қылмыстары арта түседі. Агроқұрылымдар көбінесе маусымдық жұмысшыларды тартқандықтан, сәйкесінше жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерді, егіс науқанына қажетті материалдар мен гербицидтерді алуға мүмкіндігі бар адамдардың саны көбейеді.
Мәселен, Қызылжар аудандық ІІБ қызметкерлері әртүрлі жұмыстарды істеуге уақытша жалданған екі азаматты ұстады. Оларға құны 150 мың теңгеге бағаланған ауыл шаруашылық техникасының қосалқы бөлшектерін ұрлаған деген айып тағылуда. Ұрланған заттар тәркіленді. Іс Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 2-бөлімі бойынша сотқа тапсырылды. Баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Уәлиханов және Мағжан Жұмабаев аудандарындағы тұқымдық материалдарды ұрлау фактісі бойынша іс қаралуда.
Облыстық полиция ведомствосының басшысы жеке құрамға барлық профилактикалық шараларды қолдануды тапсырды. Тәртіп сақшылары бюджеті күзетті ұстауға қауқарсыз шағын шаруашылықтарға ерекше көңіл бөле отырып, рейдтік іс-шараларды өткізуде. Мобильдік топ тұқымдық материалдар мен жанар-жағармай тасымалдау кезінде ілеспе құжаттарды тексеруді күшейтеді, жол-патрульдік полицейлері ауыл жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Көктемгі дала жұмыстары, ауыл шаруашылығы саласындағы жағдай үнемі Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД басшылығының ерекше бақылауында.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*