Ұрлыққа қарсы ұтымды күрес керек

Жыл санап заң да, заңға деген талаптар да күшейіп келеді. «Тәртіпке бағынған құл болмас» демекші, алға басудың, ілгерілеудің, дамудың алғышарты – заңның үстемдігі. Демек, қоғамдағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуын қадағалайтын полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Біз қала көлемінде заңның үстемдігі қаншалықты жүзеге асып жатқандығын білу үшін Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрсұлтан Мұқашевпен әңгімелескен болатынбыз.
Нұрсұлтан Маратұлы, біреудің ырыс-несібесі өзгеге жұғын болмасы анық. Десек те, қоғамда көп жасалатын қылмыс – ұрлық-қарлық болып отыр. Әңгімемізді осы қылмыс түрінен бастасақ?
– Ішкі істер министрінің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша, ұрлықтардың алдын алу мен ашудағы маңызды тетіктердің бірі – ғылыми-техникалық құралдарды, жедел-анықтамалық және есепке алудың өзге де жүйелерін, қызметтік іздестіру иттерін пайдалану болып табылады. Ұрлықтың алдын алу мақсатында халықтың қатысуымен түсіндіру іс-шаралары, рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Жер-жерде полиция қызметкерлері әкімдіктің, күзет мекемелерінің өкілдерімен бірлесіп, халықпен түсіндірме шараларын өткізіп жатыр. Сол кездесулер барысында тұрғындарға сақтық шаралары, қылмыс пен құқық бұзушылыққа бой алдырмау тәсілдері және тұрғындардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру мәселелері сөз болады. Міне, ұрлықтың алдын алудың негізгі тиімді тәсілі әрі ұрлыққа қарсы ұтымды күрес дегеніміз – осы.
Мүліктік қылмыстардың жаппай белең алмауы мақсатында Қарағанды қалалық Ішкі істер басқарамасының бастамасымен биыл қаланың ұрлық-қарлық түрлері көп жасалатын аудандарында «Айдап әкету», «Пәтер», «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шаралары өтті.
Қазіргі таңда барлық қалаларға тән құбылыс – көлік санының артуы. Көлікпен бірге ұрлықтың да, жол-көлік оқиғаларының да саны көбейіп отыр. Жол үстінде адамдардың қаза болуы мен жарақат алуының алдын алу үшін қандай шаралар атқарылуда?
– Иә, жол-көлік оқиғалараның санын азайту мақсатында Ішкі істер министрлігі мен оның аумақтық бөліністері бұл бағыттағы проблемаларды жою бойынша іс-шаралар жасап жатыр. Қарағанды қалалық Ішкі істер басқарамасы да бұл үрдістен қалыс қалып жатқан жоқ. Өйткені, әрбір жол-көлік оқиғасының артында адам өмірі мен денсаулығы тұр.
Мәселен, биылғы өткен 4 айда Қарағанды қаласының аумағында 66 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, онда 10 адам қаза тауып, 60-ы әртүрлі ауыр дәрежедегі жарақаттар алған. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, жол-көлік оқиғаларының саны 15,8%-ға өсіп, қаза тапқандар саны да көбейген.
Ішкі істер органдарының басты қызмет бағыттарының бірі – есірткі бизнесімен күрес. Сіз басқарып отырған ведомствоның бұл бағыттағы қызметі қалай жүріп жатыр?
– Расында, бұл қоғам дерті уақыт озған сайын асқынып барады. Бұған ел азаматтарының күн сайын әртүрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталып жатқаны анық дәлел.
Қарағанды қалалық Ішкі істер басқарамасы тарапынан есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күресу саласында жедел жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қажетті ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар қолданылуда. Ағымдағы жылы заңсыз айналымнан 35 кг 305 гр әртүрлі есірткі заты тәркіленді.
Біздің басқарманың ұйымдастыруымен осы бағытта 11 іс-шара, 13 дәріс өтті. Бұл шаралардың мақсаты бір – жастарды есірткіден аулақ болуға шақыру, саламатты өмір салтына жетелеу. Есірткі затының адамзат баласына тигізер зиянын егжей-тегжейлі айтумен қатар, бұл қылмыс үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілікті де түсіндіріп келеміз. Бүгінгі таңда заңсыз есірткі айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қала аумағында 41 қылмыстық іс қозғалды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басты міндеті. Қала көшелерінің қауіпсіздігі қай деңгейде?
– Қоғам тыныштығы ең өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, құқық бұзушылықтың және қылмыстың алдын алу үшін нақты жұмыстар жүргізілуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, саптық бөліністердің атсалысуымен 333 қылмыс ашылса, оның 44-і ізі суымай ашылған. Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 8 жедел алдын алу іс-шарасы, 14 жергілікті жұмыстар атқарылды және 18 алдын алу рейді өтті.
Өз балаларын тәрбиелеуге немқұрайлы қарап, міндетін орындамағаны үшін 270 ата-ана есепке қойылды. 7 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды. 123 ата-ана балаларына тиісті көңіл бөлмегені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Әсемхан САҒАТҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*