Ардагерлердің арда жолы – жастарға үлгі

Мақсот Ғиззатұлы – Орал қалалық Ішкі істер басқармасы Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелерінің бірі. Басқарма мен Ардагерлер кеңесі ұйымдастыратын мәдени-көпшілік шаралардың ұйытқысы болып, ағалық ақылын айтып жүреді.
Көктем шығып, жер қарайғалы бері қаладағы жалпы білім беретін 9 мектепті өзі аралап, мектепішілік шараларға қатысты. Оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу, балаларды ұлтжандылық пен Отанын сүюге баулу және мамандық таңдау жолында ақылын айту үшін дөңгелек үстелдерге шақырылды. Басқарманың екінші қабатынан ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесіне арнайы бөлме бөлінді. Сол бөлмеге әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері келіп, кеңестің жұмысына жәрдемдеседі. Сырқаттанып, төсек тартып жатқан ардагерлердің үйлеріне барып, дәрі-дәрмектерін алысады. Жаңа газет-журналдар апарып, ресми жаңалықтарды оқып береді. Дастархан басында шүйіркелесіп шәй ішіп, әңгімелесіп қайтады.
Мақсот аға кадр қызметі бөлімінің инспекторларымен де тіл табысып, баласындай жігіттермен ынтымақтасып жұмыс істеп жүреді. Өзі сөзге шебер, милиция қатарында қызмет атқарған уақыттағы қызықтармен жиі бөліседі.
Мақсот Ғиззатұлы 1969 жылы ішкі істер органдарына қызметке қабылданып, ғимараттарды күзету бөліміне жүргізуші болып орналасқан. 1970 жылы Шымкент қаласындағы милиция мектебіне қабылданып, алты ай оқып келген соң, нағыз милицияның тынымсыз қызметіне бел шеше араласты. Қалалық Ішкі істер бөлімінде мотоциклмен зулап жүріп, қала ішіндегі бірнеше маңызы бар нысандардың қауіпсіздігіне жауап берді. Әсіресе, аумағы көлемді, сол жылдары дүркіреп тұрған «Ет комбинаты» аумағына бір өзі жауапты еді. 1972 жылы ғимаратты күзету бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалды. Алайда, ол кісіде «бастық болдың, кабинетте отырасың» деген түсінік жоқ еді. Әр кезде уақытпен санаспай, жұмысында болды.
Бірнеше қылмыс жасап, қолға түспей жүрген екі қылмыскерді кезекті қылмысы үстінен түсіп, ұстағанын өз аузымен баяндап берген болатын.
– Түннің қою қараңғылығында қызмет атқарып жүргенмін. Мир көшесі бойындағы «Автомотовело» дүкені қасынан өтіп бара жатып, сол тұстағы бір киоскінің ішінен сыбырлап сөйлескен екі ер адамның дауысын естідім. Қол сағатымның тілі түнгі сағат үшті көрсетіп тұр. «Ұйықтамай, киоскіде жүрген кімдер екен» деген ой келді. Күдікпен қарап, жақындай келе, жаңағы адамның дауысы шыққан киоскінің есігін аштым. Ішінен бекітуді ұмытып кетті ме, қайдам, екі орыс жігіті киоск сөресіндегі тамақтардың барлығын жайратып қойып, арақ ішіп отыр. Ашылмаған қалайы ыдыстар айналасында ыбырсып шашылып жатыр. Менің милиция формамды көрісімен көздері алайып, біреуі сыртқа қарай етпеттей қашты. Мен жалғызбын. Екіншісін шап беріп ұстадым. Қолын артына қайырып, қалтамдағы мықты сыммен орап, матадым.
Дереу көмекке патруль шақырып, көмектесулерін сұрадым. Екінші жігіт үйлерді айнала қашып кетті. Ұстаған жігітті машинаға отырғызып, қалалық Ішкі істер бөліміне жеткіздік. Бірнеше қылмыс жасап, ұзақ айлар бойы ұстатпай жүрген кәнігі қылмыскерлер болып шықты. Тағы да азық-түлік дүкенін тонап, тегін тамаққа тойыпты. Қалғанын ұрламақшы болған. Көп кешікпей милиция жасағы қашып кетпек болған екінші ұрыны да ұстады. Осылайша, екі ұры қолға түсті.
Айтпақшы, біреуіне жабысып, ұстағанымда қалтасындағы пышағын тіземе сұғып алған екен. Суық қаруы бар екенін мен білмедім. Сұғып алып, төмен қарай сілке тартты. Тізем, бұлшық еттерім жыртылып, ыстық қан судай зулады. Маған дәрігерлік көмек көрсетілді. Сол кездегі тіземе сұғылған пышақтың тыртығы әлі күнге дейін ойсырап көрініп тұр, – деп еске алады.
Орал қаласының шетіндегі «№2 жұмысшылар ауданындағы» бір отбасында жанжал болғаны, әйелінің көмек сұрағаны туралы дабыл қабылдайды. Мекенжай бойынша үйге барған Мақсот Қайсақов үйдің ішінде мылтықпен тарсылдатып атып, есікті милицияға ашпай, отбасының зәре-құтын қашырған араққа тойған бір отағасын тезге салыпты. Түнгі жасақпен жүргенде, көшеде бейқам өз жайына кетіп бара жатқан әйелге жабысып, үстіндегі құндыз тонын шешіп алған жігітті де милиция сержанты М. Қайсақов құрықтайды. «Ет комбинатынан» ет ұрлап қашып бара жатқан алпамсадай жігіттерді де Мақсот Ғиззатұлы ұстап, учаскеге жеткізген кезі болған.
Ардагер аға жас кезінде спортпен, соның ішінде самбомен айналысқан. Бүгінгі күні де жастармен бірдей спорт залдарға барып, үйренген әдіс-тәсілдерін үйретіп жүр. «Урал» мотоциклінің руліне отырып, бірнеше қылмысты ашып, күдіктілерді ұстаған милиция сержанты ұзақ жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарды. 1982 жылдың мамыр айында құрметті демалысқа шықты. Қазір балаларының ортасында шаттыққа кенеліп отырған ақылман қария.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*