Өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 1918 жылдың 5 қазанында Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.И. Ульянов-Ленин Қылмыстық іздестіру аппаратының құрылғандығы туралы декретке қол қойған болатын. Содан бері бұл қызмет қалыптасу, даму кезеңдерінен өтіп, бүгінде шежірелі мектепке айналды. Біздің еліміздің тарихында да қылмыстық іздестіру саласында терең бедерлі ізі қалып, ерен еңбегі сіңген тұлғалар көп шықты. Солардың бірі – марқұм, милиция полковнигі Жақсыбек Тюсютов.
Қарағанды облысының Шахтинск қаласына барған сапарымызда өңірдің ішкі істер органдары тарихын түгендеумен айналысып жүрген Шахтинск қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Леонид Фроловпен әңгімелесудің сәті түсіп, ұзақ жылдар осы салада қызмет еткен жанның атаулы дата аясындағы естеліктерін тыңдаған болатынбыз. Жақсыбек Ысқақұлының көзін көрген әріптес ол кісі туралы мазмұнды да тәлімді әңгіме айтып берді. Ардагерлер кеңесінің негізгі миссиясы – тарихты түгендеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту деп санайтын сұхбаттасымыз қоғамдық жұмыспен қатар, қаладағы бір мектепте Алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді екен. «Осы сабақтар кезінде патриоттық тақырыпта дәрістер оқып, келешек ұрпақтың жүрегіне елін сүю қасиетін сіңірудемін», – дейді ол. Ал өзінің Отанға деген махаббаты оны ішкі істер саласына алып келген.
«Қылмыспен күресте барлық салмақ дәл осы қылмыстық іздестіру және тергеу ісіне түседі. Жедел уәкіл маманынан барлық уақытта да батылдық пен жанкештілік, терең білім, мәдениеттілік, қылмыскерді алыстан танып, оның қылмысын әшкерелеу және қолға түсіру сынды қабілеттер талап етіледі. Ендеше, біз осы қиын да күрделі қызметтің тезінен өткен әріптестерімізді ұмытпай еске алып отыруымыз керек. Ол, әрине, бірінші кезекте біздің кеңестің жұмысы. Бірақ, мен тек қоғамдық деңгейде шектеліп қалмай, биылғы атаулы датаға байланысты құрметті демалыстағы зейнеткерлер мен жұмыс істейтін қызметкерлерді қылмыстық іздестіруде бірге жұмыс істейтін немесе бұрын бірге жұмыс істеген, қайтыс болған немесе көзі тірі жора-жолдастарын еске алып, ақпарат құралдарында кеңірек жария етуге шақырамын. Осы орайда, мен бүгін Қарағанды облысының қылмыстық іздестіру тарихында өшпес із қалдырып, қапияда өмірден өткен әріптес ағамыз жайлы айтқым кеп отыр», – дейді полиция подполковнигі Леонид Василевич.
Милиция полковнигі Жақсыбек Ысқақұлын сұхбаттасымыз алғаш рет КСРО ІІМ Алматы орта арнаулы милиция мектебін 1983 жылдың қыркүйегінде аяқтап, Теміртау қаласының Гагарин аудандық ІІБ-не қылмыстық іздестіру инспекторы болып қызметке жолдамамен жіберілген кезде көріпті. Сол уақыттағы қалалық ІІБ Қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы, подполковник Жақсыбек Тюсютов оның есінде әп дегеннен-ақ әкедей қатал, анадай қамқор кейпінде мәңгілік қалады. «Жас келсе – іске» демекші, жас маманның талпынысы мен іскерлігін байқаған басшылық та оны бөлімше бастығының орынбасары, кейіннен бастығы етіп тағайындар кезде сөзсіз мақұлдаса керек. Сол жылдарда түрлі сипаттағы және деңгейдегі жедел отырыстарда бөлім бастығымен бірнеше рет кездесіп, жедел іздестіру шараларын жүргізуде, ауыр қылмыстарды ашуда жеке құраммен бірге қатысқан. Бұл кезеңдерде Теміртау қалалық ІІБ-нің қылмыстық іздестіру құрлымында көлік ұрлау, ұрлық, пәтер тонау, ауыр қылмыстарды ашу бойынша елеулі салмағы бар мамандандырылған топтар құрылады. Бұл топтардың қызметі қала тұрғындары арасында кеңінен резонанс туғызған болатын. Осы 80-жылдардың басы Теміртау қаласы күрделі криминогендік елді мекен ретінде Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің тікелей бақылауында тұрған уақыттар еді. Осыған байланысты жыл сайын ІІМ аппаратынан қалаға практикалық көмек көрсету үшін көптеген бригадалар жиі келетін.
«Сол кезеңдерде Теміртау қаласында пәтер тонау қылмысы өршіп тұрды. Республиканы білмеймін, бірақ, облыс бойынша 3-4 жылдай бірінші орыннан түспедік. Ол кезде қала Гагарин аудандық ПБ, Металлургтер аудандық ПБ және Теміртау қалалық ІІБ болып үш ауданға бөлінетін. Осы басқарма мен әр бөлімнен бір-бір адамнан мамандандырылған топтар құрылды. Солардың тиімді жұмыс жүргізгенінің арқасында, әуелі қылмысты тоқтата алдық. Онан соң бетін қайтарып, азайттық. Одан кейін автокөлік ұрлығы да өрши бастады. Жинаған тәжірибенің арқасында мамандандырылған топтың жұмысы тағы да нәтиже берді. Бұл тұста ІІМ аппаратынан келетін бригадалардың да көмегі зор болды. Өйткені, ол кезде бүгінгідей біртұтас республикалық мәліметтер базасы жоқ. Әр қылмысқа қолдан картотека толтырамыз. Оған әр көліктің қозғалтқышының, шассиінің, шанағының нөмірін жазамыз. Сосын оның бір данасын республикаға жібереміз. Осылайша бізден ұрланып, басқа облыстардан табылған машиналар болды», – дейді Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.
Теміртауда сол жылдары белең алған қылмыстың тағы бір түрі – моторлы қайықтардың қозғалтқыштарының ұрлануы болыпты. Қазіргі Самарқан су қоймасы мен Нұра өзенінің оң жағалауында көптеген пионер лагерлері орналасқан. Сол жылдары моторлы қайықтар да көп болған. Жедел жұмыстар барысында милиция су жасағы құрылып, тынымсыз жұмыстар нәтижесінде әрбір қозғалтқыштың сериялық нөмірлері арқылы қылмыстар «ізі суымай» ашылып отырған.
«Жақсыбек Ысқақұлына жүктелген жауапкершілік өте үлкен еді. Сондықтан оның өзі де, қаланың қылмыстық іздестіру қыметкерлері – біз де күн-түн демей, тыным таппастан қызмет еттік. Ол тәуліктің кез келген уақытында кез келген бөлімшеге табан астында жетіп келіп, барлық қызметкермен кез келген қылмыстық іс немесе жедел материал бойынша әңгімелесуі мүмкін еді. Тіпті, сұрақ алу, тергеу жұмыстарына да қатысатын. Жұмыстағы кемшіліктер болса, ол өте қатал сынға алып, тез арада түзетуді тапсыратын. Тез ашуланып, тез басылатын. Оны әділеттілігі мен принципшілдігі үшін қаланың қылмыстық іздестіру қызметкерлері қатты жақсы көріп, құрметтейтін», – дейді Леонид Васильевич.
Полковник Жақсыбек Ысқақұлы 1944 жылы 1 желтоқсан күні Владивосток қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарына 24 жасында аяқ басқан жалындаған жас жігіт қиындығы мол күрделі қызметтің барлық баспалдағынан өтіп, милиция сержантынан полковник шеніне дейін көтеріледі. Оның басшылық етуімен және тікелей қатысуымен сан мыңдаған аса ауыр қылмыс ашылды. Бұлардың көпшілігі «ізі суымай» ашылған істер еді. Осы ерен еңбектері еленіп, ол бірнеше мәрте облыстық ІІБ және ІІМ бұйрықтарымен марапатталды. Ішкі істер органдарында қызмет еткен жылдарында көптеген алғыс хаттарға ие болып, «Еңбек ардагері», барлық дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын және «ІІО-дағы озат қызметі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты.
«Жақсыбек Ысқақұлы Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға да қатысқан. Сол үшін де алған көптеген мемлекеттік наградалары бар. 1984 жылдың 1 мамырында мерекелік шара болған кезде оған кезекті «полковник» шені мен Ауғанстандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені табысталғаны әлі есемде. Сол кезде бүкіл басқарма болып қатты қуанған болатынбыз. Бір сөзбен айтқанда, полковник әріптесіміздің өмірі шексіз ерік-жігер мен қажыр қайратқа толы еді. Егер де ол қандай да бір шаруаны қолға алатын болса, басқа дүниені ұмытып, басыбайлы соған беріліп кететін. Ол үшін күн-түн деген болмайтын. Оны қашан да ізденіс үстінде, тынымсыз еңбек барысында көруге болатын еді. Әттең, тек сол бір тосын қайғылы жағдай ардақты ағамызды арамыздан алып кетті. 2000-жылдардың басында қызмет бабымен Қарағандыдан Теміртауға қайтып келде жатқан жолда ауа райының қолайсыздығына байланысты ол мінген көлік жол апатына ұшырады. Жүргізушісі екеуі де қаза болды», – деп еске алады сол кездегі қылмыстық іздестіру бөлімшесінің бастығы.
Жақсыбек Ысқақұлының еліміздегі құқтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға қосқан үлкен үлесі мен мемлекет алдындағы ерен еңбегін есте сақтау үшін облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығы және ішкі істер органдарының ардагерлері жергілікті биліктен Қарағанды қалалық ІІБ Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің ғимаратына мемориалдық тақта орнатуға рұқсат сұрап, қолдау хат жолдаған болатын. Бұл өтінішке 2010 жылдың 16 қыркүйегінде рұқсат беріліп, Жақсыбек Ысқақұлы соңғы жылдары жұмыс істеген полиция бөлімі ғимаратына естелік тақта орнатылды. Осылайша, Қарағанды облыстық ішкі істер органдарының тарихында бірінші рет ғимараттың қас бетіне атаулы тақта ілінді.
Жақсыбек Ысқақұлының өмірден өткеніне 15 жылдан асқанына қарамастан, ол туысқандары мен әріптестерінің жадында әділетті де принципшіл адам ретінде, қандай жағдайда да арқа сүйеуге болатын абзал дос, адал жолдас ретінде қалады. Барлық полиция қызметкерлері үшін оның өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Шахтинск-Астана

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*