Шежірелі ауылдағы шара

18 мамыр – Халықаралық мұражайлар күніне орай Ақмола облысының Целиноград ауданы, Қызылсуат ауылындағы №39 негізгі мектепте ауыл тарихына арналған шағын музей ашылды.
Астана іргесіндегі шағын ауылдан аты әлемге танылған жерлестеріміз шыққан. Олар – Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыста сан мәрте ерлік көрсеткен ұшқыш, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов, ішкі істер органдарының белді қайраткері, тұңғыш милиция генерал-майоры Махмет Дүйсенов, әйел теңдігін жырлаған қазақтың алғашқы ақын қызы Шолпан Иманбаева және тағы басқалар. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылып отырған мұражайға осы ауылдастардың өмірбаянынан сыр шертетін түрлі жәдігерлер, жеке қолданған заттары, құжаттар мен суреттер қойылыпты.
Қызылсуат ауылы 50-жылдардың аяғына дейін Майбалық деп аталған. Одан соңғы тың игеру кезеңінде Калинино деп өзгертіліпті. Астананың іргесінде күннен-күнге көркейіп келе жатқан кішкене ғана ауыл Талапкер селолық округіне қарайды.
Шағын ауылдағы шежірелі шараға Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, Астана қалалық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Кішкентаев, Целиноград ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Темірбаев, аудандық мәслихат хатшысы Берік Жапбаев, Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің сарбаздары, Талғат Бигелдинов, Махмет Дүйсеновтердің туған-туыстары және ауыл тұрғындары қатысты.
«Әрі жазушы, әрі жауынгер болған соң болар, біз Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин ағаларымызды көбірек біліп өстік те, аспан көгіндегі кескілескен ұрыстың қаһармандары туралы кейінгі уақыттарда ғана оқып-тани бастадық. Солардың бірі – Талғат Жақыпбекұлы ағамыз. Ол кісінің Астана іргесіндегі шағын ғана ауылдан шыққандығын естігенде қуанып қалдық. Өйткені, ауыл тарихы Астананың тарихымен тұтасып кететін уақыт та көп кешікпей жетер. Сол кездерде біз бүгінгі музей ашқан күнімізді ризашылықпен еске алып отыратын боламыз. Ал тұңғыш генерал-майор Махмет Дүйсенов ағамызбен әріптес, дәмдес болдық. Елі үшін, халқы үшін жанып тұрған адам еді. Ішкі істер саласында талай басшылық қызметтер атқарды. Еңбегі еленіп, есімі ел жадында қалды. Қазір Павлодар қаласында генерал Дүйсенов атында көше бар. Бүгінгі шараның жастар үшін, келешек ұрпақ үшін тәлім-тағылымы өте мол. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бастамасының мәні, міне, осында!», – деді милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков.
Өмірзақ Қоспанұлы осы шараны ұйымдастырып отырған мектеп директоры Әлия Сәкеноваға зор алғысын білдіріп, музейге қоюға «Жеңіс жолдарымен», «Ұлттық ұлан ардагерлері» кітаптарын тарту етсе, мектеп басшылығы астаналық мейманға генерал Дүйсеновтің әулеті және ауыл тұрғындары атынан шапан жапты.
Жиын барысындағы жақсы жаңалықтың бірі – шара өтіп жатқан мектепке Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың атын беру туралы бастама. Оны аудандық мәслихат хатшысы Берік Амантайұлы да қолдап, әкімдік жанындағы ономастикалық комиссияға депутаттық сауал жолдайтындығын жеткізді. Тәлімі мол шараның ендігі бір елеулі тұсы – туған-туыс, жекжат-жұрағаттардың естеліктері болды. Әсіресе, тебірене тұрып сөз сөйлеген Махмет Дүйсеновтің шөбересі Ляйла Шаяхметова көпшіліктің көкейінде қалар ойлар айтты. Ол әулеттегі ата жолын қуған жалғыз жан екен. Генералдың қаншама үрім-бұтағының ішінен заңгер мамандығын таңдап, осы салада жұмыс істеп жүргеніне 20 жылдан асыпты.
«Біздің әулеттен дәрігер де, мұғалім де, мемлекеттік қызметкерлер де шықты. Солардың ішінен «Ата жолын қуған қыз» мен болдым. Бүгінде Әділет министрлігінде халықаралық соттарда ел мүддесін қорғайтын үкіметтік консультант болып қызмет етемін. Менің бұл салаға келуім қанымда бар қасиет деп білемін. Шөберелерінің ішінен атамның көзін көрген де жалғыз мен. Өте кішкентай болсам да, жақсы есімде қалыпты. Ол өте кең жүректі адам еді. Жұмысы құқық қорғау саласымен байланысты болса да, адамдарға жылы мейіріммен қарайтын. Қылмыс жасағандарды жазғырып, шеттеткен емес. Керісінше, олар екінші рет қылмысқа бармауы үшін ақылын айтып жүретін. Жұмысқа тұруына көмектесетін. Ол кісі шартты түрде босап шыққандар үшін 18 жерде жұмыс үйлестіру орындарын ашқан. Сол жақсылығы шығар, осы уақытқа дейін атам туралы жаман сөз естіген емеспін», – дейді Ляйла Шаяхметова.
Ресми бөлім шашу шашылып, лента қиылған салтанатты ашылу рәсіміне ұласты. Үлкен жүк арқалаған кішігірім музейдің лентасын Өмірзақ Қоспанұлы мен Болат Жанатайұлы қиды. Мұражай төрінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған стенд орналасқан. Оның жанында Талғат Бигелдиновтың бұрышы ашылып, бюсті қойылыпты. Кіре-берістегі монитордан тақырыптық слайдтар мен бейнекадрлар жүруде. Көрген адамға генерал аталар құдды бүгінгі жаңалықтардан сұхбат беріп тұрғандай әсер қалдырады. Махмет Дүйсеновтің бұрышында оның кителі ілінген. Отбасылық-қызметтік суреттері, құжаттары мен қолданған заттары қойылған. Одан бөлек, ауыл тұрғындарына арналған бұрыштар бар. Майбалық ауылынан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына 84 азамат аттанған екен. Ал Кеңес Одағы кезінде көптеген еңбек озаттары шыққан. Олардың бірі – 1938 жылы Мәскеу қаласында өткен Стахановшылар съезіне қатысқан Дүйсенбек Ержанов пен 1951 жылы Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне үздік сауыншы болып қатысқан Бикен Жылқайдарова.
Музейге жәдігерлерді жинауға генералдардың туған-туыстары мен ауыл тұрғындары көмектескен. Еңбек озаттары бөлімінде топ болып түскен суреттен өздерін көріп таң қалып жатқан қариялар суреттегі ауылдастарының аттарын жадында жаңғыртып, жарыса айтып жатты. Сонау ыстық жастық дәурендері еске түсіп, естелік айтуға кірісіп кеткендері де бар. Алғашқы келушілерін музей жәдігерлерімен мектеп мұғалімдері таныстырып шықты. Осыдан соң жиналғандар естелікке топтық суретке түсіп, ораза еместері ақ дастарқанда бас қосты.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*