Елім дейтін ұрпақтың ертеңі үшін

Биылғы жылды ІІМ «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы деп жариялады. Жыл басынан бері осы мақсатта жасалып жатқан жұмыстардың өзі бір төбе. Соңғы кездері үлкендер тарапынан балаларға қаталдық танытып, зорлық көрсету, олардың алаңсыз балалық шағын ұрлаған заңсыздықтар мен қылмыстар туралы аз естімейтін болдық. Оның соңы қайғылы жағдайлармен аяқталып жатқаны да қоғам шындығы. Ішкі істер министрлігі көп міндеттер жүктеген «Бақытты балалық шақты қорғау» жылының мақсаты да осы – балаларға қарсы жасалған заңсыз әрекеттердің орын алуына жол бермеу. Сол себепті де балалардың құқығын, заңды мүддесін қорғауға бұрынғыдан да жіті мән берілмек.
Қоғам болғасын ірілі-ұсақты қылмыс не заң бұзушылық болмай тұрмайды. Оның ішінде жасөспірімдер қолымен жасалатын қылмыстар да бар. Дегенмен, дер кезінде қажетті шара қабылдау арқылы қылмыстың санын азайтуға, оны құрықтауда тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізуге болатынын тәжірибе көрсетіп жүр. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген Әл-Фараби сөзі тура қазіргі уақытта аса салмақты орында. Баланың бүгінгі қателігіне бала ғой деп көз жұма қарауға болмайды, ол бүгін бала, ертең қоғамның толыққанды мүшесі, сондықтан бала тәрбиесі баршамызға қатысты. Бала біткенге қолайлы орта қалыптастыра білсек, олар жеткілікті материалдық игілікті көрсе, әрқайсысымен жеке қарым-қатынас жүргізсек қана олардың оң-солын анықтап үлгермей жатып шалыс басуына жол бермейміз. Жас тұлғаның арнасына сыймай тасып-толған күш-қуатын тек оң арнаға бұру арқылы жетістікке жетеміз.

Атан түйенің жүгін көтерер акциялар
Бұл орайда Ішкі істер министрлігінің бұған дейін де жасөспірімдердің жағдайы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды басты назарда ұстап, бұған мүдделі мемлекеттік органдарды және басқа да ұйымдарды ұдайы тартуда жүйелі жұмыстар жүргізгенін айта кетейік. Бүгінгі таңда қол жеткізген нәтиже анық көрінеді, елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс жыл сайын орташа есеппен 6-7 пайызға төмендеген. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Байболовтың айтуынша, «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Жұмыспен қамту», «Мен және менің полицейім» сияқты акциялар, «Жасөспірім», «Каникул», «Балалар түнгі қалада» атты жедел алдын алу шаралары үздіксіз жүргізілуде және оған «Нұр Отан» партиясы, жергілікті атқарушы органдар, соттар, прокуратура, білім беру, қамқорлық пен қорғаншылық органдар, ата-аналар комитеттерінің мүшелері, жастар және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің тікелей қатысуы қамтамасыз етіледі.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар және олардың қаңғыбастыққа салынуының алдын алу, сондай-ақ, оларға қоғамдық орындарда және жолдарда жүріп-тұрудың кейбір негізгі ережелерін үйрететін акциялардың берері мол. «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы аясында жыл бойы мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетіліп, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі.
«Премьер-Министрдің «2016-2019 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» 2016 жылғы 11 мамырдағы өкімін орындауға байланысты уақытша мерзімді жұмыс орындарына 221 мыңнан аса бала орналастырылды. Бұлардың басым бөлігі ІІО есебінде тұрған және қолайсыз отбасылардан шыққан балалар», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Байболов. Оның айтуынша, жазғы каникул, басқа да ұзақ мерзімді демалыстарда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды маусымдық жұмыстарға тарту мақсатында былтыр ішкі істер органдарының көмегімен 349 жасөспірім жұмысқа орналастырылса, балалар құқығының бұзылуына жол бергені үшін бірнеше жұмыс берушіге тиісті шара қабылдауға прокуратураға ұсыным хаттар жолданған. Ал кәмелетке толмағандарға қолдау көрсету мақсатында еңбек және әлеуметтік бағдарлама органдарына 623 ұсыным хат жөнелтілген.

Бала санасына қауіп қайдан…
Бүгінде баласы үшін алаңдамайтын ата-ана аз, өйткені, сыртқы зиянды топтардың ықпалынан ғана емес, үйдегі көк жәшіктерден, қала берді балаларымыз күн ұзаққа бір елі айырылмайтын телефондарындағы «әсерлерден» де қорғауымыз керек. Ол телефондардың ішінде не бәле жоқ дейсіз?!
Бақытты балалық шақты қорғау үшін сыртқы ықпалдардың тигізер әсерін де зерттеп-зерделеп, олардың бала санасына, мінезіне, тәртібіне тигізер әсерін, келешекке төндірер қаупін де жан-жақты саралау керек. Бұл тарапта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Осыны ескерген Ішкі істер министрлігі деструктивті интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау шараларын да назардан тыс қалдырған емес. Соның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген порнографиялық өнімдерді таратуға қарсы іс-қимылға бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар қабылдануда. Өткен жылы интернет кеңістігіне мониторинг жасау барысында 1500 шетелдік ресурс, оның ішінде порнографиялық сипаттағы, суицидті насихаттайтын, есірткі және психотроптык заттарды тарататын ресурстар анықталып, олардың барлығы шетелдік техникалық алаңдарда орналасқандықтан, оларға қазақстандық пайдаланушылардың қолжетімділігін бұғаттау туралы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ұсыным жолданды.
Қолымыздағы арнайы анықтамаға тоқталар болсақ, 2017 жылы 1 мыңға жуық сілтеме бұғатталды, оның ішінде 329 порнографиялық мазмұндағы, «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттайтын 135, есірткі және психотроптық заттар туралы материалдар тарататын 267, экстремистік мазмұндағы материалдар жариялайтын 231 сайттың жұмысы тоқтатылып, бұқаралық ақпарат құралдарында кең таралған «Көк кит», «Тыныш үй», «Қаш немесе өл», «4.20-да оят» және т.б. суицидтік топтарға кәмелетке толмағандардың қатысу фактілері ерекше бақылауға алынған.

Дұрыс қанаттанған түзу ұшар
Қолайсыз отбасынан шыққан балалардың мұңы басым болатыны, балалығы бақытты бола бермейтіні анық. ІІМ-нің мәліметтеріне қарағанда, бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жыл сайын бес мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір мыңдай адам ата-ана құқығынан айырылады екен. Ата-ана өз міндетін орындамаса, бала алдындағы жауапкершілігін сезінбесе, жасөспірімдер қылмысы мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбейетіні анық. Қазіргі уақытта ІІО есебінде тұрған 5 мыңнан астам кәмелетке толмаған және 7 мыңнан астам қолайсыз отбасынан шыққан бала демалыс ұйымдарына тартылған. ІІМ-нің бастамасымен ІІО есебінде тұрған кәмелетке толмаған 2 мыңнан астам бала және шамамен 1 мыңдай қолайсыз отбасылардың кәмелетке толмаған баласы «Динамо» ведомстволық спорт залдарындағы тегін үйірмелерге тартылған. Бұған қоса, ІІО-ның есебінде тұрған 5 мыңға жуық бала және қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмағандар аула клубтарына барады.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Байболовтың айтуынша, қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы ұйымдасқан қылмыс көріністеріне қарсы күрес және жастар арасындағы криминогендік жағдайды оңалту мақсатында 2017-2018 жылдарға арналған тиісті жоспарлар іске асырылуда. Осы мақсатта тұрақты түрде мониторингті қамтамасыз ету және жасөспірімдер мен жастар ортасындағы ықтимал криминогендік жағдайға жедел ден қою үшін Ішкі істер департаменттерінде криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және жергілікті полиция қызметі бөліністерінің қызметкерлерінен мамандандырылған топтар құрылған.
«Аталған топтар жасөспірімдер арасындағы қорқытып тартып алушылық фактілерін анықтау бағытында мектеп оқушыларымен дәрістер, әңгімелесулер және анонимді сауалнамалар жүргізеді, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын заңға қайшы әрекеттер туралы ақпараттар жинауды жүзеге асырады. Осы орайда «Мектеп инспекторларын» бекіту жөніндегі бұйрықтар қайта қаралды, аса криминогендік оқу орындарына жеткілікті жұмыс өтілі мен тәжірибесі бар білікті қызметкерлер бекітілді. Балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықты алдын алудың негізгі және тиімді бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар және олардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Байболов.
Бір ақиқат – біз тек өз баламызды емес, осы мемлекеттің толыққанды азаматын тәрбиелеп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Келешектегі қоғамның қандай болмағы – біздің балаларымыздың алған тәрбиесі мен біліміне, өз мемлекетінің қамқорлығы мен қолдауын сезінуіне тікелей байланысты. Бұл орайда, «Бақытты балалық шақты қорғау» жылындағы игі шаралардың маңызы өте жоғары.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*