Өнегелі өмір иесі

Оның тағдыр жолы мүлдем басқаша өрбуі мүмкін еді, бірақ нағыз ер азаматқа тән мінезбен ол өзінің арманы жолында табанды болды. КСРО ІІМ Алматы өрт-техникалық училищесінің курсанты погонын Жұмағали Миндеев 20 жасында тағып, сол сәттен бастап оның өмірі ішкі істер саласымен астасып кете барды.
Училищенің қатаң сынақтарынан сүрінбей өткен Жұмағали Тулягулұлы өзінің қызмет жолын Бөрлі ауданында бастаған. Оның ең жақын ақылшысы әрі қолдаушысы қашан да анасы болды. Өрт-техникалық училищесіне түсуге ақыл-кеңес берген де анасы еді. Бірақ, адамның ниеті болмаса, өмірде ештеңе оңынан тумайды. Сондықтан анасының кеңесі көңілінен шығып, осы оқуға түсуге бел байлады. Ол өзінің таңдауына ешқашан өкінген емес.
1990 жылы Жұмағали Тулягулұлы Бөрлі аудандық мемлекеттік өрт қадағалау бөлімінің ішкі істер бөлімшелерінің өрт қауіпсіздік инженері болып қызметін бастап, өндірістік объектілерде, тұрғын секторларында өрт қаупінің алдын алуға бағытталған шаралар жүргізді. 1996 жылы Төтенше жағдайлар комитетінің және мемлекеттік төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесінің қайта құрылуына орай, Бөрлі ауданында Батыс Қазақстан облысының 2-ші мемлекеттік өрт қауіпсіздік жасағы құрылған болатын. Жұмағали Тулягулұлы елеулі тәжірибесінің арқасында сол 2-ші жасақ бастығының орынбасары болып тағайындалды. Белсенді жұмыс істеп, өз білімін жетілдірумен айналысты. 1995 жылы ол ТЖК-нің Алматы жоғарғы техникалық училищесіне оқуға түсті.
1999 жылы Жұмағали Тулягулұлы Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 2-ші жасағының бастығы лауазымына тағайындалды. Жасақтың жұмысын жаңа талаптарға сай жүйелеу керек болды, бірақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету тапсырмалары әрдайым басым тұратын. Жасақ бастығы болып Жұмағали Тулягулұлы 2005 жылға дейін жасады. Әріптестері оның тынымсыз еңбек ететінін айтады. Бірнеше рет Мемлекеттік өртке қарсы басқармалар басшылығының алғыс хаттары мен Бөрлі ауданы әкімдігі атынан «Үздік аудан басшысы» құрмет грамоталарымен марапатталды.
2005 жылы Жұмағали Тулягулұлы Мемлекеттік өрт бақылау басқармаларының БҚО мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалады. Онда өзінің жинақтаған тәжірибесін жаңа ұжымда қолданды. Мінсіз қызметі үшін 2007 жылы Жұмағали Тулягулұлына «полковник» шені берілді. Адал еңбегі үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.
2008 жылы Жұмағали Миндеев Бөрлі ауданына оралып, аудандық ТЖБ бастығы болып 2012 жылға дейін жұмыс істеді. Қызмет барысында оны аудан әкімдігі «Бөрлі ауданының 75 жылдығына орай» мерекелік медалімен марапаттады. 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жедел басқарма орталығы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалып, осында зейнетке шыққанша қызмет етті.
Осы уақыттар ішінде Жұмағали Тулягулұлы өрт қаупінің алдын алу және жою, түрлі төтенше жағдайларды, табиғи және техногендік сипаттағы апаттарды болдырмау мақсатында әртүрлі деңгейдегі семинарларға, жиындарға, бірлескен жаттығуларға қатысты.
Ол байсалды, адал, жауапты басшы әрі талантты ұйымдастырушы ретінде танылды. Көпжылдық қызметі жолында талай білікті мамандарды дайындады, көпшілігі әлі күнге дейін оның кеңестері мен ұсыныстарын ризашылықпен еске алады. Оның басшылығымен жұмыс істеу жеңіл болғанын айтады, себебі ол ешқашан өзінің қызметкеріне дауыс көтермеген, қайта оларға жүктелген тапсырманы түсіндіріп, көмек беруге тырысқан. Ал басшылықтың мұндай қолдауы қай адам үшін де баға жетпес тәжірибе екені белгілі.
ТЖК-нің ең басты қызметі – кез келген төтенше жағдайдың алдын алу. Соның ішінде үлкен өнеркәсіп орындарының қауіпсіздігіне баса назар аударылады. Қазақстанда мұнай мен газ кен орындарының көпшілігі Батыс Қазақстан облысында шоғырланған. Бұл жерде де Жұмағали Тулягулұлының мол тәжірибесі мен төтенше жағдайлардың алдын алуды ұйымдастыруы сөзсіз үлкен рөл атқарды. Жұмағали Миндеев Бөрлі ауданының ауылдық елді мекендерін қорғау мақсатында мемлекеттік емес өрт сөндіру бөлімшелерінің құрылуына үлесін қосты. Оның ықпалымен төтенше жағдайларды болдырмау және жою мақсатында Успен, Ақсу ауылдарында «Өрт сөндіруші» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының өрт сөндіру бекеттері бой көтерді.
Қазіргі кезде өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері құрметті еңбек демалысындағы Жұмағали Тулягулұлына әлі күнге дейін хабарласып, кеңестеріне жүгініп, барлық ұсыныстарына құлақ асады.
Негізі, «еңбек демалысында» деген сөз бұл кісіге арналмаған. Себебі, ол қазіргі таңда Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы Чех қалашығындағы өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып белсене жұмыс істеуде. Әлі күнге дейін өздігінен білім алуға көп назар аударып, түрлі семинарларға қатысады. Мұндай адамдар әрқашан сапта болады және бұл – олардың өмірлік ұстанымы.

А. ИДАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*