Мақсатына жол сала білген

Ішкі істер саласына әрбір қызметкер өзіндік белгілі себептермен келіп жатады. Бірі криминалды тақырыптағы киноларды көріп, кітаптарды оқыған болса, бірі атасы, әкесі және бауырының ізімен полиция қызметкері атанады. Ал бұл мақаламызда сөз болатын офицер аруды ішкі істер органдарына балалық асқақ арманы жетелеп әкелген екен.
«Менің балалық шағым Қазақстан мен Өзбекстан республикаларының шекарасында орналасқан Бағыс деген ауылда өтті. Екі ел аумағындағы барыс-келісті қадағалайтын орган қызметкерлерінің күнделікті жұмысын көріп өстік. Олардың ұзын бойлы тұлғасына құйып қойғандай жарасымды нысанды формалары кез келген адамның көзіне түсетін. Мен де көптің бірі болып соларға қызығып өстім. Содан бұл қызығушылығым біртіндеп арманға ұласып, ал сол арманым алдыма «өскенде тәртіп сақшысы боламын» деген мақсат қойды», – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы аудандық ІІБ-нің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гүлшат Сейітжаппарова.
Гүлшат Оразтайқызы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Ақжар ауылдық округіне қарасты Бағыс ауылында 1983 жылы дүниеге келді. Отбасында ата-анасы алты қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірді. Орта мектепті сол жердегі Ғ. Мұратбаев атындағы мектепте үздіктер қатарында бітіріп шықты.
Мектепті тәмамдаған соң, ата-анасының қалауымен 2001 жылы Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы университеттің химия-биология факультетіне оқуға құжат тапсырады. Қазақы тәрбиені бойына сіңірген қарадомалақ қыз ата-анасының қалауынан асып кете алмай, сол оқуға аттанды. Уақыт өте келе университеттің екінші курсында оқып жүріп форма киіп, погон тағуды армандап өскен қыз соған апарар жолды іздей бастайды. Арманын айқындауды көздейді. Сөйтіп химия-биологиядан заңгерлік оқуға ауысты. Бірақ, бұл туралы ата-анасына тіс жармайды. Тек оқуын бітіріп, қолына диплом алғанда ғана ата-анасы қызының заңгер болып шыққанын біледі. Анасы мұғалім болғандықтан болашақта қызының да ұстаз болуын қалаған екен. Қыз баласына ең лайықты мамандық сол деп шешкен еді. Дегенмен, қызының өз қалауына риза болып, ақ батасын берді.
Осылайша Гүлшат айқын мақсатпен ішкі істер органдарындағы жұмысын 2006 жылы Сарыағаш аудандық ІІБ-де кеңсе маманы болып бастады. 2008 жылы полиция лейтенанты шенінде Қазығұрт аудандық ІІБ-не заң кеңесшісі болып ауысады. 2011-2015 жж. ювеналды полиция тобының инспекторы болып істейді. Ал 2015 жылдан Ордабасы аудандық ІІБ-нің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы болып қызметін жалғастырып келеді.
Бір отбасында алты қыз бала тәрбиеленіп өскендіктен, полиция мойоры бүгінде атқарып отырған қызметі өзіне жақын екенін айтады. Нәзік жанды әйелдерді зорлықшылардан қорғауды өзіне жүктелген зор абырой деп біледі.
«Біз қызмет атқаратын аумақ ауылдық жер болғандықтан, мұндағы халық үйінде болып жатқан жағдайларды сыртқа шығаруды қаламайды. Әсіресе, әйел адамдар өздеріне жасалған зорлық-зомбылық, әлімжеттік әрекеттерін жасырып жатады. Ал біздің міндетіміз – осындай заң бұзушылықтарды анықтау болғандықтан, жан-жақты жұмыстар атқарып, күйеулерінен жәбір-жапа көрген әйел кісілерді анықтауға бар күшімізді саламыз. Мұндай жағдайлардың салдарымен ғана күреспей, олардың шығу жолдарының алдын алу жұмыстарын да қарастырамыз.
Ауылдық жерде көбіне ерлі-зайыптыларды жұмыссыздық және қаржының жеткіліксіздігі мазалайды. Соның салдарынан отбасында ұрыс-керіс туындап, соңы әйелдің зардап шегуімен аяқталады», – дейді полиция майоры.
Бүгінде полицейлер бұл бағыттағы жұмыстарды аудандық әкімдік, жұмыспен қамту орталығы және психологтармен бірлесе қолға алған. Нәтижесі де жаман емес көрінеді.
Міне, осылай деп ішкі сырын ақтарған полиция майоры Гүлшат Оразтайқызы бүгінде осы саланың хас маманына айналған офицер. Өзінің мақсаты жолында күресе білген нәзік жанды қыздың тілегі орындалып, өмірден қалаған орнын тапқан. Біз Гүлшатқа тек биіктерден көрініп, елінің, халқының тыныштығын қорғау жолындағы елеулі еңбегі еселене берсін деп тілек білдірдік.

Іңкәр АСАНОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*