Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Ел бағына туған батырлар

Ел бағына туған батырлар

Ерлікті бойына жүректілік, батылдық, қайсарлық секілді ізгі қасиеттерді жиған адамдар жасайды. Кішкентай жүректеріне осы қасиеттерді сыйдыра біліп, адам өміріне араша түсіп жүрген бүлдіршіндерімізді бүгінгі күннің батырларына баласақ та артық емес. Кеше «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы аясында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов өрт пен судан тайсалмай, ерлік көрсеткен 20 баланы салтанатты түрде марапаттады.
Оқушылар сарайында өткен салтанатта Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы: «Мен сіздерге үлкен құрмет көрсете отырып, еліміздің жүрегі – Астана қаласына қош келдіңіздер деймін. Батырлық – Отанға деген махаббаттан, адамға деген құрметтен туады. Сіздердің ерлік істеріңіз – соның жарқын дәлелі. Қиын сәтте қылмыстың алдын алу, адам өмірін сақтап қалу оңай емес. Сіздер ештеңеге қарамастан осындай қадамға бардыңыздар. Бұл ішкі істер органдары үшін үлкен көмек.
Осы орайда, сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге және өздеріңізді тәрбиелеп жүрген тәлімгерлеріңізге зор алғысымды білдіремін. Елімізде өздеріңіз сияқты батыр балалар барда алдыңғы аға буын Қазақстанның болашағына еш алаңдамайды. Біз сіздердің ерлік істеріңізді мақтан тұтамыз», – дей келе министр елорданың 20 жылдығы қарсаңында Астанаға еліміздің әр түкпірінен келген өр рухты балаларға денсаулық, табыс тіледі. Оларға осы қалыптарын сақтап, биіктерден көріне берулеріне тілектестік етіп, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медальдарын табыстады.
Марапаттау кезінде балғын балалардың батырлық істері туралы айтылды. Жиырма баланың ішіндегі ең кішісі Ұлдана Совет 8 жаста ғана. Көкшетау қаласының Краснояр ауылында тұрады. Үйіндегі балалардың үлкені Ұлдана үш бірдей бауырын өрттен аман алып қалған. Түннің бір уағында өздері тұратын жер үйде өрт тұтанған кезде анасы түнгі кезекте жұмыста болған. Ұйықтап жатқан Ұлдана қолқаны қапқан иістен оянады. Тез есін жиып, сол мезетте шырт ұйқыдағы бауырларын далаға сүйрелей жөнеледі. Алдымен алты жасар сіңлісі мен 4 жасар інісін сыртқа алып шыққан. Кішкентай ғана ержүрек қыз екі бірдей бауырын сыртқа шығарғасын, өрт күшейе бастағанына қарамастан бір жарым жасар кішкентай сіңлісіне қайта оралады. «Ең кішкентай сіңлімді көп іздеп қалдым. Ол бір қуысқа тығылып қалыпты. Оны сыртқа алып шыққаным сол, үй түгелдей өртке оранды. Түннің бір уағында қайда баратынымызда білмедік. Анаммен бірге істейтін апайдың, көршілердің есігін қақтық. Ешкім есік ашпағасын, анамыз келгенше қорада отырдық», – деді бізге Ұлдана. Анасының айтуынша, өрт кезінде Ұлдананың беті-қолы, шашы шамалы күйген.
Ақтөбе облысы, Нұрбұлақ ауылында тұратын 12 жасар Кәмшат Байғозы да тура осындай жағдайға тап болған. Ол өзінің 7 жасар және 10 айлық сіңлілерін өрттен құтқарып қалған. Өрт тұтанған кезде әке-шешелері үйде болмағандықтан, артынан ерген бауырларының өмірі Кәмшаттың қолында еді. Кәмшат тез арада бөлменің терезесін сындырып, балаларды үйден алып шығыпты. Оның ержүректігінің арқасында ешкім зардап шекпеген. Сол кезде қандай сезімде болғанын айтқан ержүрек қыз: «Үйдің үлкені ретінде сіңлілерімнің алдындағы жауапкершілікті сезіндім. Сол сезім мені осындай іске жетеледі», – деді.
Министрдің қолынан медаль алған Сағыныш Бекниязова да өртеніп жатқан үйден бір жарым жастағы сіңлісін алып шыққан. Оқиға саяжайдағы үйде болыпты. Пештің үстінде жаюлы тұрған көрпеше өртене бастайды. Содан өрт лап бергенде Сағыныш тосылып қалмай, сіңлісін де құтқарып үлгерген.
Ал, он жасар Бағдар Имран болса, өз басын қатерге тіге отырып, адам өмірін құтқарып қалған. Ата-әжесі тұратын Кішкенекөл ауылында (Солтүстік Қазақстан облысы) демалып жүргенде 10 жасар Бағдат көрші үйдің баласы беті ашық қалған құдыққа жүгіріп бара жатқанын байқайды. Бұл кезде ойланып тұруға мұршасы болмаған Бағдат санаулы секундта жүгіріп барып, баланы құдықтан ары қарай итеріп жібереді. Сол кезде өзі жарақат алады. Бірақ, сәби дін аман.
Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласында тұратын Никита Черновтың да ерен ерлігін айтпай кетуге болмайды. Ол 5 жасар баланың көпір үстімен велосипед теуіп келе жатқанын көреді. Сол арада әлгі бала көпірден суға құлап кеткен. Никита еш ойланбастан өзенге секіріп, баланың батып кетуіне жол бермеген. Содан Никитаның әкесі келіп, екеуін бірдей жағаға алып шығыпты.
Алматы қаласында тұратын 16 жастағы Қуаныш Мейрамбекұлы болса, 8 жастағы қыз баланы зорлықшыдан құтқарып қалады. «Аулада отырғанда баланың жан дауысын естідім. Сол жаққа жүгіріп барғанымда белгісіз ер адамның кішкентай қызды қолынан сүйреп жертөлеге қарай апара жатқанын көрдім. Мен қызды өзіме тартып қалып, оның уысынан суырып алдым. Сосын тұрғындарды көмекке шақырдым. Біз полиция қызметкерлері келгенде дейін қылмыскерді тырп еткізбей ұстап тұрдық», – дейді батыр бала Қуаныш.
Оңтүстікқазақстандық он үш жастағы Алтай Демежанның батырлық ісі туралы айта кетсек, ол канал жағасымен жүріп келе жатып суға батып бара жатқан баланы байқайды. Дереу арада суға секірген Алтай бір жарым жастағы баланы аман алып қалған. Сәбиді жағаға алып шығып, алғашқы медициналық көмек те көрсеткен.
Солтүстікқазақстандық жеткіншектер Назар Полубояринов пен Темірлан Жаппардың ерлік істері де мақтан етерлік. Олар зейнет жасындағы ерлі-зайыпты қарияларды өртеніп жатқан үйден алып шығыпты. Олар болмағанда, егде жастағы кісілердің аман қалуы екіталай еді.
Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында тұратын Ардақ Сүлейменов пен Ердаулет Келгенбаевтың ерліктерінің алдында бас имеуге болмайды. Оқиға былай болған. Ауылда «кішкентай бала жоғалды» деген хабар тарайды. Мұз үстінде балық аулауға шыққан сыныптастар сол арада суға батып бара жатқан баланың көмекке шақырған даусын естиді. Екеуі қас-қағым сәтте көмек қолын созып, баланы жағаға алып шығарған. Бұл ауыл болып іздеп жатқан бала екені анықталды. Осылайша, ержүректер іздеу жарияланған баланың аман-есен үйіне оралуына үлестерін қосқан.
Қызылорда облысы, Жанақорған ауданының оқушысы Сержан Әбдірайым (16 жас) да қақаған қыста көлге батып бара жатқан баланы құтқарып қалған. Сержан сақырлаған аязға қарамастан басын қатерге тігіп, суға сүңгиді. Мұз астына кеткен баланы лезде алып шығып, оның өміріне араша болады.
Сержан марапаттау салтанатына өзінің әжесі, еңбек ардагері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Жақсыгүл Бегманованы ерте келіпті. Өскелең ұрпақтың ерлік істерін елеп-ескеріп жатқандары үшін ІІМ-не алғысын айтқан әжей: «Бұл шараның маңызы бөлек. Себебі, бұл бозбалалардың ерлігін ел білуі тиіс. Елге үлгі ете отырып танытып жатқандарыңызға рахмет. Осындай ұрпақ өсіп келе жатқанын мақтан тұтамын. Батыр ұрпағымыз көп болсын», – деп түйді сөзін қария.
Салтанатты іс-шарада батыр балалар құрметіне құрметті қарауыл, әскери оркестр патриоттық әндер орындап, өнерлерін паш етті. Астанаға арнайы алдыртылған оқушылар елордамыздың көрікті жерлерін тамашалады.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Амангелді – алымды жігіт

«Тәні саудың – жаны сау» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Бүгінгі әңгімеміз спорт …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған