«Сандық ұрпақ» сақтықты біле ме?

Жуырда Ақтөбе қаласының №5 жалпы білім беретін орта мектебінде ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Актөбе заң институтының жалпы құқықтық пәндер кафедрасының оқытушылары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру және «Балаларды және олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттық және телекоммуникациялық желілер арқылы таратылатын ақпараттардан қорғаудың құқықтық кепілдігі» атты ғылыми-зерттеу тақырыбы аясында «Балалар және қауіпсіз интернет» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Оқушылардың интернеттегі қауіпсіздігі мәселелерін жан-жақты талқылауға балалардың құқығын қорғау саласындағы құзырлы органдар, құқық қорғаушылар, сондай-ақ, сарапшылар жиналды. Барлығы ғаламторды «туа сала» меңгеріп жатқан жеткіншектердің интернеттің кері әсерінен алшақ болғанын қалайды. Интернеттің тіс қаққан мамандары болса, ғаламторды алдымен ата-ана мен мұғалім жетік білуі тиіс деп есептейді.
«Қазіргі заманның балалары «сандық ұрпақ» болып табылады. Олар өздерін киберкеңістікте еркін сезініп, жаңа технологияларды дер кезінде танып отырады. Ал, мұндай өзгерістерге, қарқынды дамуға ұстаздар қауымы қаншалықты дайын?» деген ұйымдастырушылар сауалына әр сала маманы өз зерттеу, ізденістерін ұсынып, осы мәселе төңірегінде пікірлер айтты.
Дөңгелек үстелдің модераторы, ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Актөбе заң институтының жалпы құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы, полиция подполновигі Мақсат Салауатов болды. Шараға Ақтөбе заң институты бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, полиция подполковнигі Ғалия Сүлейманова, №5 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Әлібек Төлегенов, Ақтөбе облыстық ІІД ЖПҚ ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ақтолқын Өтешова, Ақтөбе облысы білім беру басқармасының бас маманы Әмина Нұрманова, т.б. қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ғаламтордың балаларға кері әсері болмауы үшін ата-ана, ересектер, компьютердің кабелін жұлып, интернеттен ажыратуға дейін бармай, балаларға қауіпсіз интернет жағдайын түсіндіруі қажет деген пікір білдірді.
Басқосу қорытындысы бойынша қатысушыларға ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Актөбе заң институтының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Сәлімгерей Қаракүшевтің атынан Алғыс хат табыс етілді.

М. САЛАУАТОВ, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*