Жаз маусымына дайындық мол

Целиноград ауданын жағрапиялық орналасуына қарап Ақмола облысының ең шет ауданы деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені, ол ел жүрегі – Астананың дәл іргесінде, оны айнала қаусыра орналасқан. Аудан орталығы Ақмол кентінің өзі бас қаладан отыз бес-ақ шақырым жерде. Сол себептен де болар, мұндағылар облыс орталығы Көкшетаудан гөрі, елордаға көбірек телміреді. Өйткені, төтенше жағдай бола қалса, сырттан жететін көмек ең бірінші Астанадан келеді.
Су тасу маусымындағы қарбалас жұмыстардың барысын және өзге де жұмыстарының ретін білмекке аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Арман Нұркеновтен сұхбат алған едік. Оның әңгімесінен білгеніміз: биылғы су тасу маусымы өткен жылдарға қарағанда тым ерте аяқталыпты.
– Арман Серікұлы, біздің санамызда сіздің аудан Есіл мен Нұра тоғысқан, тасқын судың сапырылысқан өлкесі болып көрінеді. Тасқын қаупі басым көктем маусымы аудан көлемінде қалай өтті?
– Биыл мамыр айы басталмай жатып су тасу маусымы аяқталды. Расында, өзіміз де сеніңкіремей қалдық. Бір жағы қар аз жауғаннан, табиғат өзі реттеді ме, өзендер арнасынан асып, тасыған жоқ. Алдын ала жасаған дайындық жұмыстары да өз жемісін берді.
Біздің ауданда 24 көл, 15 өзен, 6 тоған, 1 су қоймасы бар. Осылардың 38-і табиғи сипаттағы су арналары болса, 8-і қолдан жасалған. Аудан арқылы Есіл, Нұра, Сілеті секілді ірі өзендер ағып өтетінін білесіздер. Бұлардың әрқайсысының аудан бойынша ұзындығы 100 шақырымнан кем емес. Сонымен бірге, олардың Қозыкөш, Мұқыр, Қарасу, Сарқырама және Қоянды сияқты ескі арналары мен тармақтары бар. Одан басқа Жарлыкөл, Ұзынкөл, Сарыкөл сияқты тұзды және Қосқопа, Жалаңаш сынды кепкен көлдер бар. Осы өзен-көлдер көктем кезінде арнасынан асып жиі тасиды. Олардан бөлек, осы өзендердің бойларында біздің ауданға жатпайтын Астана (Вячеслав), Ынтымақ және Самарқан су қоймалары бар. Ағыстың жоғары жағында тұрған бұл гидротехникалық нысандарды су шайып кететін болса немесе олардан апаттық жағдайда су жіберілетін болса, алапат су тасқынында қалу қаупі бар аймағында біздің ауданның 37091 адам тұратын 29 елді мекен орналасқан. Сол себептен көктемгі маусымға жыл сайын сақадай сай отырамыз.
Мәселен, биыл 23 наурыздан бастап көктемгі тасқын судың аудандағы елді мекендерге тигізетін теріс зардабын неғұрлым азайту үшін реттеу шараларын қолға ала бастадық. Аталған кезеңде келесідей іс-шаралар жүзеге асырылды: 6810 метр траншея тазаланып, 8905 метр траншея қазылды. 74863 текше метр су сорылып, 7900 метр жылға жөнге келтірілді. 2914 текше метр инертті материалдар (шлак, қиыршық тас, құм және т.б.) әкелініп қойылды. Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан 68 адам, ТЖД тарапынан 30 адам және тұрғындар қатарынан 60 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, әкімдік 26 техника, соның ішінде 13 су сорғыш, 12 инженерлік техника және 12 мотопомпа, ТЖД 8 техника, соның ішінде 6 су сорғыш, 2 көмекші техника және 1 мотопомпа бөлді.
Биылғы су тасу кезеңі үшін Целиноград ауданы әкімдігі 50 000 дана қап сатып алып, оның 10 300 данасы ауылдық округтерге таратылып берілді. Қалған 39 700 дана қап сақтаулы тұр.
Елді мекендер бойынша жүргізілген жұмыстар бойынша қысқаша тоқтала кетсек, Алматы-Екатеринбуг бағытындағы халықаралық маңыздағы автокөлік жолының (Астрахан тас жолы) Семеновка ауылы тұсында су өткізу арнасының ұзындығы 650 метр, ені 5,7 метр, тереңдігі 1,1 метр болатын жақтауы мен табаны нығайтылды. Талапкер ауылы бойынша осы тас жолдың астынан өтетін екі көзді су өткізгіш тұрбаның монтажы жүргізіліп, ауыл арасымен бұрынғы арнасы бойымен 2 шақырым арна қазылды. Осыдан соң көктемгі тасқын су бұрынғыдай ауыл ішіне жайылмай, тікелей Есіл өзеніне барып құятын болады. Ал Нұресіл селолық округі бойынша «Жасыл аймақ» РМК-ның орман алаптарындағы жылғалар жөнге келтіріліп, еріген сулардың Нұресіл ауылынан айналып өтуіне жағдай жасалды.
– Су тасу маусымы аяқталды дедіңіз. Енді дала-орман өрттері, суға түсу маусымына дайындық жұмыстар басталды ма?
– Иә, суға түсу маусымының келуіне орай жұмыстар басталып кетті. Өкінішке орай, біздің аудан облыс бойынша суға кетушілер саны бойынша бірінші орында тұр. Былтыр ауданымызда 6 адам суға кетіп, қаза болды. Оның екеуі аудан тұрғындары болса, қалған төртеуі – астаналықтар. Демалушылар мен балық аулаушылар да өзендердің жағалаулары мен оған іргелес жатқан иесіз карьерлерге (қазаншұңқырлар) жиі барады. Бірақ, аталған су айдындары жазғы демалыс және суға түсуге арналмағандықтан, адам өміріне қауіпті. Ірі өзендердегі судың температурасы жаз мезгілінде +15 градустан аспайтын болса, кіші өзендердегі су температурасы +20 градустан көтерілмейді. Сондықтан да онда суға түскен адамдардың аяқ-қолдары құрысып қалуы мүмкін. Әрі көктемгі су тасқыны салдарынан өзеннің жағалауларын ағын су бұзып-шайып кететіндіктен, жағалаулар табаны терең, жар болып келеді. Өзен ағысы қатты және ұйық жерлері көп.
Біздің ауданда бірде-бір қоғамдық жағажай жоқ. Тек демалыс орны ретінде қызмет көрсететін жеті ұйым бар. Олар – Қосшы ауылындағы Сарқырама өзенінде орналасқан «Айша», «Чистые пруды», «Бочка», «Пикник» демалыс үйлері, Максимовка ауылындағы «Аляска», «Слобода», «Аңшы» демалыс үйлері.
Су айдындарының суға түсуге арналмағандығы аудан тұрғындары мен қонақтарына ешқандай да кедергі болмай отыр. Аудандағы су айдындарында адамдардың суға кетіп қаза болу оқиғаларының алдын алу мақсатында 2018 жылға арналған арнайы жоспар әзірленіп, бекітілді. Суға түсуге тыйым салынған жерлерге қойылатын қосымша 20 белгі дайындалды. Сонымен қатар, Ақмола облысы ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ-ның құтқару бөлімшелерін Целиноград ауданына көшіру туралы ұсыныстар берілді. Өйткені, бұл бөлімшелерде жазғы суға түсу маусымы кезеңіне арналған жылжымалы құтқару пункттері бар.
– Жаз айларында өзге маусымдарға қарағанда өрт оқиғалары көбейетіні белгілі. Бұған дайындық барысы қалай?
– Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар қатерлерінің каталогына сәйкес, Целиноград ауданы аумағына 12 төтенше жағдай түрі тән. Олар – су тасу, дала-орман өрттері, жұқпалы аурулар, өрт оқиғалары, суға батып кету, техногенді апаттар, жол-көлік оқиғалары және т.б. 2017 жылы жұқпалы ауруларға қатысты 2 құтыру ауруының дерегі тіркелген. Сондай-ақ, елді мекендерді тіршілік негіздерімен қамтамасыз ету жүйелерінде 22 төтенше жағдай орын алды. Зардап шеккендер және қаза болғандар жоқ. Барлық апаттар өз қаражаттары есебінен жойылды.
Өткен жылы ауданда 127 өрт болып, келтірілген материалдық шығын 13 млн 815 мың теңгені құрады. Өрт оқиғалары нәтижесінде 1 адам қаза болса, 1 адам улы газдан көз жұмды. Ал 3 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. 2016 жылмен салыстырғанда өрт оқиғаларының саны 13,3 % артқаны байқалды.
Ең көп өрт болатын аумақ – тұрғын үй секторы. Былтыр мұнда 104 өрт болған. Біздің жеке құрам өртке қарсы күреске жылдың қай мезгілінде де тас-түйін дайын. Соның ішінде жазғы маусымға дайындық барысы өзге уақыттарға қарағанда айрықша қарқынмен жүргізіледі.
– Әңгімеңізге рахмет!

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Суреттерді түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*