Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Тергеуші болу да – тектіліктен

Тергеуші болу да – тектіліктен

Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Ал, полиция қызметінде тергеушілік ісіне ғұмырын арнаған жеке адамдардан бөлек, тұтастай бір әулеттер де аз емес. Бүгінгі мақаламыз маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген тергеушілер – әкесі және ұлына арналмақ.
Ерік Жақсыбеков 1991 жылы Қарағанды политехникалық институтының Транспорт-жол факультетін, 1998 жылы Талдықорған заң институтын тәмамдаған. 1996 жылы тергеуші болып қызмет бабын бастаған Ерік Асылханұлы бүгінгі күнге дейін тергеу саласында түрлі басшылық құрамда қызмет атқаруда.
– Тергеуші сауатты және кез келген саладан хабары болу керек. Себебі, қылмыс әртүрлі салада, әртүрлі бағытта орын алады. Бұған қоса, ой ұшқырлығы, ішкі түйсіктің жоғары болуы, сезімталдық қасиеттер қажет. Мұндай қасиет қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, ақиқатына тез көз жеткізу үшін керек.
Кез келген адаммен тез тіл табыса білу де тергеушінің ісін алға бастырады. Себебі, әртүрлі күдікті адаммен сөйлесуге тура келеді. Оның ішінде әйелдер, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер де бар. Біз ең алдымен адамның жанын әбден біліп алуға міндеттіміз.
Ал, тергеушінің түпкі тұтқасы – оның әдептілігі мен кәсібилігі. Осы уақыт аралығында көптеген білікті тергеуші азаматпен бірге істес болып, білімімді арттырдым. Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, тәжірибе жинақтадым. Алдымнан түрлі санаттағы талай қылмыскер өтті. Олармен тілдескенде бірінші кезекте қаталдық пен әділдікті және талапшылдықты сезінесің. Өйткені, олардың көпшілігі өз қылмыстарын мойнына алғысы келмейді. Қылмысын мойнына алдыруың үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, қылмыстық істерді жүргізу кодексімен тергеу жүргізуің қажет. Осы күнге дейін өз тәжірибемде көргенім, қылмыскерлердің көбі – ұрлықпен айналысқандар. Соларды құрықтап, өз қылмысын мойнына алдырдым. Тергеуші тиянақты жұмыс жүргізгенде, әрбір істі терең зерттегенде ғана мақсатына жетіп, істің соңғы нүктесін қояды, – дейді Е. Жақсыбеков.
Тергеу саласының қиындығына қарамастан Ерік Асылханұлы жақсы жұбай, сыйлы әке атанып, ұлы мен қызын тәрбиелеуге де уақыт тауып жүр.
Ер балаға әрқашан әкесі үлгі болатыны анық. Әке жұмысының ауырлығын көріп өскенімен, халықтың тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуі Еркебұланды шабыттандырып, әке жолын қууға өз септігін тигізгені анық.
Еркебұлан Ерікұлы мектепті бітірген соң, көп ойланбастан Жетісу мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға қабылданып, заңгер білімін алды.
«Әке асқар тау» демекші, 2014 жылы Еркебұлан қолына алғаш полиция маманының қызметтік куәлігін, лейтенант шенін алып шыққан кезде Ерік Асылханұлы ұлына ақыл-кеңес беріп, полиция мамандығының қиыншылығы мен ауырлығын айтып түсіндіреді.
– Әкем мамандық таңдағанымда қарсылық білдірген жоқ. Оқуға түскен кезде де қолдап, жұмысқа орналасқанда өзінің тәжірибесімен бөлісіп, әкелік көңілін білдіріп, жақсы маман болудың басты сыры – өз жұмысына адал болу керек екендігін жеткізді, – деді Еркебұлан Асылханов өз сөзінде.
Әкенің әрбір сөзін жүректен өткізген ол бүгінгі таңда әулетіне кір келтірмеуге тырысып, өз ісіне, әрекетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Әдетте, өзінің қызметтік міндеттерін діттеген деңгейде атқарып жүрген тергеушінің қызметі үш арнадан бастау алады. Біріншісі – процессуалдық нормалар. Процессуалдық нормалар қылмысты тергеу барысында нені және қалай, қандай тәртіппен жүргізетінін тезге түсіреді. Екінші бір арнаны – тактикалық қағидалар құрайды, бұл тергеушінің қылмысты із суытпай тез арада ашып, кінәліні анықтау мақсатында өзінің тактикалық жүйесін, әдіс, айла-тәсілін күні бұрын анықтап қоюына толық мүмкіндік береді. Ал үшінші бір бұлақ көзіндей бүлкілдеген таза тұнық – әдептілік қағидалары әлеуметтік мораль талаптарынан туындап, тергеу жүргізілгенде қайбір тәсілді қолдану-қолданбауға түрткі болады. Осылайша көпті көріп, көнекті тоздырған кәнігі тергеуші бүтіннің екі жағындай бірінсіз-бірі жоқ аталған осы үш тоқтам-қағиданы басшылыққа алып, өзінің атқарып отырған тікелей қызметін баянды етеді.
Сондықтан болар, Ерік Жақсыбеков ұлына да, кейінгі жас буын тергеушілерге де әрқашан әйгілі адвокат А.Ф. Конидің «Қызметтік ережелер тәп-тәуір болғанымен, тәжірибесі, адами қасиеттері аз адамдардың қолында ол өзінің күшін жоғалтады» деген сөздерін мысал ретінде келтіріп отырады.
Заң саласында 22 жылдан астам ауыр қылмыстарға тергеу жүргізіп келе жатқан Ерік Асылханұлының еңбегі басшылық тарапынан да ескерусіз қалған емес. Ішкі істер министрлігінің хаты мен «Қазақстан полициясына – 25 жыл» мерекелік медалімен, ІІО-дағы 10, 15, 20 жыл «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен және облыстық Ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталды.

Айгүл ЖАНДӘУЛЕТОВА, Алматы облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

«Сандық ұрпақ» сақтықты біле ме?

Жуырда Ақтөбе қаласының №5 жалпы білім беретін орта мектебінде ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Актөбе заң …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған