Амангелді – алымды жігіт

«Тәні саудың – жаны сау» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Бүгінгі әңгімеміз спорт десе ішкен асын жерге қоятын әріптесіміз Амангелді Изатулаұлы туралы болмақ.
Амангелді 1990 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1997-2006 жылдары №51 М. Қаратаев атындағы мектепте білім алған кезде-ақ талай жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Мектепті жақсы деген бағамен аяқтаған Амангелді 2006-2009 жылдары Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжіне түсіп, экономист-бухгалтер мамандығын алып шығады. Білімін одан әрі жалғастыруға шешім қабылдаған жас ұлан 2010 жылы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында түсіп, 2014 жылы ойдағыдай аяқтап, мамандық иесі атанады. Осы жылдарда Академияда оқып жүріп, спорттың әр түрінен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүрді. Айта кетсек, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында 3 шақырымға жүгіруден өткен жарыста І орынды иеленген болатын. «Жігітке жеті өнер де аз» деген халқымыздың даналық сөзін ісімен дәлелдеп жүрген Амангелді талай жүлделі орындардан көріне білді.
Спортпен қатар, Амангелді көркем-әдеби кітаптарды да жаны сүйіп оқиды. Қостанай Академиясында оқып жүріп, «Абай оқулары», «Оралхан Бөкей оқулары» байқауларына қатысып, жүлделі І орын алып, өзінің жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екенін тағы бір көрсетті. Оның бойынан спортқа, өнерге деген құлшынысты байқау қиын емес.
Еңбек жолын Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің жедел уәкілінен бастаған Амангелді өзінің қызметіне адал, жүктелген міндетті мінсіз орындайтын, мамандығының хас шебері екенін дәлелдеп келеді. Қызылорда қаласында 2015 жылы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ерлер және әйелдер арасындағы қоян-қолтық ұрыстан 8-ші чемпионаты өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген спортшылар дүбірлі додаға аса белсенділікпен қатысты. Осы чемпионатта Амангелді де бақ сынап, бар күш-жігерін салып, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алып, департаменттің абыройын асқақтатты.
Қызметтегі жақсы жетістіктері мен міндеттерін адал атқарғаны үшін департамент бастығы тарапынан бірнеше рет грамотамен марапатталған. Қиындығы мен қызығы мол қызметте спортты қатар алып жүрген қызметкерді неге мақтанышпен айтпасқа! Сөзіне ісі сай, спортты жанына серік еткен әріптесім Амангелді жұбайы Ақкенже екеуі ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Дана ДОСТАНОВА, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*