Психология – сақшының қаруы

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің экстремалды жағдайлардағы тәжірибелерін пысықтау – өзекті мәселе. Соның ішінде террорлық операцияларға дайындық және ауыр қызметтік тапсырмаларды орындауға көп көңіл бөлінеді.
Осыған орай, ІІМ Оқу орталығының (Астана қаласы) қатардағы және кіші басшы құрам тыңдаушыларына «Психологиялық даярлық» пәні бойынша «Ішкі істер органдары қызметкерлерін экстремалды жағдайлар кезіндегі әрекеттерге психологиялық даярлау» атты өзекті тақырыпты арқалаған тренинг өтті.
Психологиялық білім мен дағдыларын жетілдіру мақсатында өткен шараға «Тұран-Астана» университетінің «Психология және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының профессоры Шолпан Сатиева шақырылды.
Шолпан Серікбосынқызы ішкі істер органдары қызметкерлерінің экстремалды жағдайдағы тиімді іс-әрекеттері бойынша теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларды меңгеруінің маңыздылығы жөнінде айтып өтті. Тренингтік-дәріс барысында «Экстремалды жағдайлардың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің психикасы мен іс-әрекетіне әсер етуі», «Экстремалды жағдайдағы іс-әрекетке ішкі істер қызметкерлерінің психологиялық даярлығы» бойынша түрлі-түсті бояумен жазылған сөздерді оқу және түстер арқылы оң және сол қолдарын жылдамдыққа көтеру негізінде тренинг өткізіп, қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтар мен ең өзекті мәселелер бойынша бірнеше ұсынымдар жасап, оларды шешудің бағыттары туралы сөз қозғады.
Тренинг кезінде тыңдаушыларға, әсіресе, бір-бірінің жүйке жүйелерін қалыпқа келтіретін жаттығулар жасаған сәттер өте ұнады. Сондай-ақ, тыңдаушылар бұл тренинг арқылы өз көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – келешек ішкі істер органдары қызметкерлерінің жүйке жүйелеріне салмақ түскен жағдайда, күйзеліске ұшырағанда төзімділікке, табандылыққа, психологиялық тепе-теңдікті қалыптастыруға үйрету. Іс-шара соңында ІІМ Оқу орталығының (Астана қаласы) бастығы, полиция полковнигі Мұрат Әшкенұлы Шолпан Серікбосынқызына игі іс-шараның белсенді өтуіне атсалысқаны үшін өз ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыс етті.

Зулкия МҰСАҚАНОВА, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*