Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Ұлы ерліктер ұрпақ жадында

Ұлы ерліктер ұрпақ жадында

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты АП-162/2 мекемесінде қызметтік міндеттерін орындауда қаза болған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне естелік мемориал ашылды.
Осы бейбіт заманда суреті мен аты-жөні қара тасқа жазылып, үнсіз тұрған бейнеге тек шоқ гүлдері қойылғаны жанға батып, жүректі тебірентеді. Алайда, қолдан келер шара жоқ, бас иіп, тағзым етіп, үнсіздік жариялағаннан басқа.
«Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір басқа, жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа» демекші, қоғамдық тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда жанын қиған, террорлық шабуыл кезінде өз өмірлерін құрбан еткен азаматтарымыз, бүгінгі бейбіт күннің батырлары аз емес. Олардың қатарында полиция капитаны Ғазиз Байтасов, полиция лейтенанты Тимур Бегасылов, әділет сержанты Жансерік Қашымбеков, полиция старшинасы Аян Ғазизов, полиция кіші сержанты Мақсат Сәлімбаев, полиция сержанты Серік Әбілдаев, полиция капитаны Бауыржан Нұрмаханбетовтермен бірге, Павлодар заң колледжін тәмамдап, өзінің туған жеріне қызмет етем деп барған өрімдей жас қыз, өзі қызмет етіп отырған мекемедегі сотталғанның қолынан қаза тапқан әділет лейтенанты Ольга Васильевская мен қандықол қарақшының қолынан қаза тапқан полиция лейтенанты Арли Харки де бар.
Мекеменің басшылығы мен жеке құрамы жаппай атсалысып, өздерінің күшімен қызметкерлерге арнап ескерткіш тасын орнатты. Ескерткіш мемориалдың ашылуына қаза болған қызметкерлердің туыстары Алматы қаласынан, Жамбыл облысынан, Көкшетау, Балқаш қалаларынан келіп қатысты. Сонымен қатар, Павлодар облыстық Ішкі істер департаменті, облыстық прокуратура, Павлодар қаласының әскери бөлімшелерінің өкілдері мен Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ардагерлері және басшылық құрамы шақырылды. Ескерткіш мемориалдың ашылу рәсімінен кейін, дастарқан жайылып, Павлодар қаласының орталық мешітінің имамы Медет қажы Құран бағыштады.
Тәуелсіз елімізде, оның ішінде ішкі істер органдарында осындай кеудесін оққа тосатын, жанын беріп, аянбастан арпалысқа түсе білетін қызметкерлердің бар екені біз үшін үлкен мақтаныш, ал қызметке келген жас мамандарға үлгі.
Қаза болған ерлеріміздің ерлігі мен жарқын істері біздің есімізде мәңгілікке сақталады.

Б. БАДАШЕВА, Павлодар қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған