Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Серпін алған серіктестік

Серпін алған серіктестік

Кеше Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов Миграция бойынша халықаралық ұйым өкілдерімен, атап айтқанда, ұйымның бас директоры Ульям Свинг, ұйымның Орталық Азия бойынша координаторы Деян Кесерович, ұйымның Қазақстандағы өкілдігінің, адам саудасына қарсы күрес бөлімінің бағдарламалық ассистенті Жұмажан Жолдасбековпен кездесті.
Шараға Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жанар Айтжан, Аппарат жетекшісі Марат Буканов, ІІМ Штаб департаментінің бастығы Серік Сүйінбаев қатысты.
Жұмыс кездесуін ашқан Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы: «Ішкі істер министрлігі халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Миграция бойынша халықаралық ұйыммен өзара әрекеттестік орнатуға аса мән береді. 2016 жылы бұл ұйым БҰҰ-ның агенттік статусын алғанын білеміз. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі жаңа келісім жасауда, онда екі тараптың өзара байланысының барлық аспектілері көрсетілетін болады.
Біздің елімізде миграция бойынша құзырлы орган – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі. Алайда, заңсыз миграцияға қарсы күрес жүргізу, елімізге келушілерді уақытша тіркеу, тұрақты мекен етуге рұқсат беру, азаматтық беру мәселесін қарау, дактилоскопия, есепке алу және тіркеу – Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады. Біздің екіжақты келісіміміз аясында полиция қызметкерлерімен түрлі тренингтер өткізіліп келеді.
Былтыр Петропавл қаласында полиция қызметкерлерімен семинар-кеңес өткізген едіңіздер. Сондай-ақ, Миграция бойынша халықаралық ұйым сарапшыларының қатысуымен Қазақстанда миграцияның қылмыстық ахуалға әсері, жұмыс күшінің қажеттілігі сұрақтары бойынша бірқатар зерттеулер жүргізілді. Соның негізінде, елімізде 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама миграцияға қатысты мәселелерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын», – дей келе ведомство басшысы еліміздің миграциялық ахуалына қысқаша тоқталды.
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанның географиялық жағдайы көші-қон легінің жандануына қолайлы. Жыл сайын біздің еліміз арқылы 6 млн мигрант өтеді, оның 1 миллионы елімізде жұмыс істеуге қалса, қалғандары ел аумағы арқылы өзге мемлекетті бетке алатындар. Ведомсто басшысының сөзіне қарағанда, елімізде миграциялық процестерді жетілдіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 60-қа таяу мемлекетке біздің елімізде 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат етілді. Сонымен қатар, 48-ге жуық мемлекеттің азаматтарына визаны беру жеңілдетілген. 2014 жылдан бері шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі де біраз жеңілдетілген. Ведомство басшысы айтқандай, бұл біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тарту ісінде жемқорлықты, заң бұзушылықты жоюға, екіншіден, жыл сайын елімізде 1 млн-ға жуық шетелдік жұмыс күшін заңдастыруға мүмкіндік берді.
«Біз бүгінде барлық Үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнаттық. Қазіргі уақытта Миграция бойынша халықаралық ұйыммен бірлесіп интернет арқылы жасалатын адам саудасына қарсы күрес жобасын қолға алдық. Бұл бағдарлама үш жылға есептеліп, Қазақстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда зерттеулер жүргізуге бағытталған. Миграция үдерісіне серпіліс әкелетін бұл жұмыстар үшін алғыс айтамын. Сіздердің ұйымдарыңызбен бұдан әрі жемісті жұмыс істейтінімізге сенемін», – деп түйіндеді сөзін министр.
Одан әрі Миграция бойынша халықаралық ұйымның бас директоры Ульям Свинг аталған ұйымға қолдау көрсеткендері үшін қазақстандық тарапқа алғысын айтты. «Сіздердің серіктестеріңіз болу, сондай-ақ, министр мырза, өзіңіз жоғарыда атап өткен миграция мәселелері бойынша 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама саясатының концептуалдық негізін қалауға үлесімізді қосу – біз үшін үлкен мәртебе. Сізге 2013 жылы басталған Алматы процесіне қолдау көрсетіп келе жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін», – деді өз сөзінде.
Оның сөзін жалғастырған Даян Кесерович екі тарап арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Жұмыс кездесуі соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Миграция бойынша халықаралық ұйымның бас директоры Ульям Свингке ІІМ-нің эмблемасын табыстады.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған