Ардагердің ақ батасы

Дария кеуде, тау мүсін, Отаны үшін от кешкен соғыс ардагерлерін құрметтеу – баршамыздың парызымыз. Қан майданда жауға қасқая қарсы тұрған ардагерлер қатары жылдан-жылға сиреп барады. Отан алдындағы міндетін қалтқысыз орындаған сол жауынгерлердің бірі – Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылының тұрғыны, 93 жастағы Иван Ковалев.
Жуырда Алматы қаласы «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ филиалының директоры М. Шпекбаев, Сарыөзек стансасындағы Желілік полиция бөлімшесі бастығы, полиция майоры К. Берікболов, №37 Сарыөзек стансасындағы ӘТЖК бастығы Б. Бекбергенов мырзалар Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Иван Акимовичтің үйіне барып, Жеңістің 73 жылдығымен құттықтап, ардагерге мерекелік сыйлықтар жасады.
Жауынгер сұрапыл соғыс кезіндегі естелік әңгімелерімен бөлісті. Арада қанша жыл өтсе де, жауынгер жүрегінен соғыстың қасіреттері оңайлықпен өше қоймағаны байқалып тұр. Сонымен қатар, Иван Акимовичтің жұбайы да жеңіске өз үлесін қосқан тыл ардагері екен. Отбасы ардагерлері «Сарыөзек» кафесіне шақырылып, мерекелек дастархан жайылып, осы Жеңіс күніне жеткізген ардагерлерге сый-сыяпат көрсетіліп, алғыстар айтылды.

К. БЕРІКБОЛОВ, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*