Аудандық бекеттің ауқымды қызметі

Елімізде төтенше жағдайлар саласының көзге көрінбейтін күнделікті атқарып жатқан жұмысы қыруар. Олар халықтың қауіпсіздігіне өз үлестерін қосуда. Жуырда Ақмола облысы Целиноград ауданына сапарымыз барысында №22 Өрт сөндіру бөлімінің қызметімен танысып қайтқан болатынбыз.
Аудан орталығы Ақмол ауылындағы №22 ӨСБ 2007 жылдың қаңтар айында құрылған. Бөлім «Ақмола фенникс» АҚ-тың 1995 жылы салынған хлорлап тазарту ғимаратында орналасқан. 2007 жылдың ақпан-қыркүйек айларында бұл ғимаратқа жөндеу жүргізілген кезде ӨСБ-нің жеке құрамы мен техникасы акционерлік қоғамның автоколоннасының аумағындағы өрт депосына уақытша тұрақтапты. Бөлімнің 3 елді мекенде, атап айтқанда, Қабанбай батыр, Максимовка және Софивка ауылдарында өрт сөндіру бекеттері бар.
Максимовқа ауылындағы өрт сөндіру бекеті 2004 жылы ашылып, 2007 жылдың қаңтар айына дейін дербес қызмет етіп келген. Бөлім ашылған соң, соның қарамағына берілді. Онда қазір 14 адам жұмыс істейді. Олар – бекет бастығы мен 4 бөлімше командирінен бөлек, 4 өрт сөндіруші, 1 аға жүргізуші және 4 жүргізуші. Өрт бекетінің теңгерімінде бір негізгі техника бар. Ол 1989 жылғы Зил АЦ-40 (130) 63Б өрт сөндіру техникасы. Бекет 1972 жылы салынған өрт сөндіру депосында орналасқан. Ғимарат үш бөлмеден тұрады, атап айтқанда, бөлімнің байланыс пункті, жатын бөлмесі және өрт сөндіру автокөлігіне арналған бокс.
Қабанбай батыр ауылындағы өрт бекеті де 2006-2007 жылдары өз алдына дербес қызмет еткен. Бүгінде ондағы штат саны 13 адамды құрайды. Өрт бекетінің теңгерімінде үш негізгі техника бар. Олар – 1972 жылғы Зил АЦ-40 (130), 1987 жылғы Зил АЦ-40 (130) 63Б және 2008 жылғы Урал АЦ-5,5-40 (5557) өрт сөндіру техникалары. Бұл бекет «Нұра» ЖШС-ның Қабанбай батыр ауылындағы 1969 жылы салынған бұрынғы автокөлік гаражында орналасқан. 2006 жылы депоға ағымдағы жөндеу және қайта жобалау жұмыстары жүргізілді.
Ал Софиевкадағы өрт сөндіру бекеті 2012 жылы ашылған. Онда 14 адам қызмет етеді. Бекет паркінде екі техника бар. Олар – 2007 жылғы Урал АЦ-6-40 (4320) және 2003 жылғы Зил АЦ-3,2-40 (433110) көліктері.
«№22 ӨСБ-ның штаттық кестесінде 64 адам жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 3 адамның орны бос. ӨСБ-нің техникалық паркінде 9 негізгі өрт сөндіру техникасы бар. Оның ішінде, 4 техника – жол талғамайтын көлік. Барлық автокөліктер техникалық жағынан жарамды. Әскери жұмылдыруға арналған техникалар сүйрету құралдарымен, медициналық алғашқы көмек аптечкаларымен және қосымша шанц-саймандармен жабықталған. Бөлім бөлімшелерінде «Кенвуд» маркалы 4 стационарлы радиостанса, 7 жылжымалы және 11 алып жүрмелі радиостанса бар.
Целиноград ауданының №22 ӨСБ-де 2018 жылдың басыннан бері қызмет атқаруды жасқарту, жеке құрамды оқыту және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді. Осы мерзімде бөлімнің қызмет көрсету аумағында 45 өрт дерегі тіркелді. Соның ішінде 42 өрт тұрғын үй секторында орын алған болса, 3 жағдайда автокөліктер өртенген. Өрт кезінде улы газдан қаза болғандар немесе жарақат алғандар жоқ. Одан бөлек, 23 апаттық-құтқару жұмыстары жүзеге асырылды. Олар су тасқыны, жоғалған адамды іздестіру, жол-көлік оқиғалары және полиция қызметкерлеріне көмектесу кезіндегі жұмыстар», – дейді №22 ӨСБ бастығы, азаматтық қорғау майоры Ғали Байзақов.
Өрт сөндіру жұмыстарын сумен қамту мәселесінде бөлім басшылығы аудан бойынша бірқатар шараны жүзеге асырып қойыпты. Соның бірі – қызмет көрсету аумағындағы барлық өрт сөндіру гидранттары мен су қоймаларын есепке алу. Бекітілген тексеру жүргізу кестесіне сәйкес бөлім қызметкерлері аудандық «Целиноград Су Арнасы» КМК, «Қосшы коммуналдық қызмет» КМК және ТҮКШ өкілдерімен бірлесе отырып өрт сөндіруді сумен қамту бойынша тексерулер жүргізіп, гидранттар мен су қоймаларының бар-жоғын, жарамдылығын қарап, тиісті құжаттарын толтырған. Сол есеппен алғанда №22 ӨСБ-нің қызмет көрсету аумағында 1353 өрт гидранты бар. Тексеру кестесіне сәйкес оның 632-сі тексерілді. Оның 519-ы жұмыс істеп тұр. Олар Ақмол ауылында (84 ӨГ), Өтеміс ауылында (6 ӨГ), Отаутүскен ауылында (9 ӨГ), Максимовка ауылындағы өрт сөндіру бекетінде (77 ӨГ), Қабанбай батыр ауылындағы өрт сөндіру бекетінде (153 ӨГ), Қосшы ауылында (15 ӨГ), Софиевка ауылында (48 ӨГ), Қоянды ауылында (208 ӨГ), Оразақ ауылында (32 ӨГ) орналасқан. Қараөткел (446 ӨГ) және Қосшы (199 ӨГ) ауылдарындағы қалған гидранттар пайдалануға берілмегендіктен тексерілген жоқ.
Ал аудандағы бірқатар елді мекендерде өрт сөндіруді сумен қамту нысандары мүлдем жоқ. Олар Қараөткел, Қаражар, Новоишимка, Ақмешіт, Луговое, Семеновка, Талапкер, Төңкеріс, Форфоровая, Мортық, Қажымұқан, Жаңғызқұдық, Красноярка, Ағанас, Қаратомар, Нұра, Ворошиловка, Тайтөбе, Қызылсуат, Антоновка, Аполоновка, Миновка ауылдары және Жайнақ, Қосшоқы, Тастақ стансалары мен №93, №96 бекеттері.
«Бұған қоса, бөлімшелердің шығу аумақтарындағы елді мекендерде мерекелік шараларды өткізу кезіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелерін қамтамасыз ету үшін жедел жоспарлар мен өрт сөндіру карточкалары өңделіп, түзетілді, сол жерлердегі сумен қамту нысандары тексерілді.
Қызметкерлердің әскери дайындығын және біліктілігін арттыруда бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде кіші және орта басшылық құрамды қызметтік дайындау мақсатында жүргізілетін сабақтар олардың кәсіби шеберлігін одан әрі үздіксіз жетілдіре түсуге бағытталған. Сабақтар арнайы дайындалған тақырыптық жоспарға және сабақтар кестесіне сәйкес өрт сөндіруді ұйымдастыру, медициналық, әлуметтік құқықтық дайындық, қауіпсіздік техникасы, азаматтық қорғаныс және мемлекеттік тілді оқыту мәселелерін қамтиды. Қосымша ҚР заңнамаларын оқыту да қарастырылған», – дейді бөлім бастығы Ғали Ахметханұлы.
Аудандық өрт сөндіру бөлімі ұжымының тыныс-тіршілігі, қысқаша айтқанда, осындай. Өздеріне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды абыроймен орындап отыр. Әйтсе де, ағымдағы мәселелер де жоқ емес. Олар – Ақмол ауылындағы қазіргі отырған ғимараттарына су тартылса және Максимовка ауылындағы өрт сөндіру бекетіне қосымша бокс құрылысы салынса деген тілек.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Суреттерді түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*