Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Отпен күрескен он жеті жыл

Отпен күрескен он жеті жыл

Азаматтық қорғау майоры Леонид Муньконың өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 17 жылдан асып отыр.
1997 жылы Ақмола аграрлық университетінің инженерлік-педагогикалық факультетін бітіргеннен кейін, жас маман Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданындағы Ставрополка ауылында «Намыс» ЖШС-нің машина-трактор паркін пайдалану жөніндегі инженері болып еңбек жолын бастады. Содан кейін тағдыр оны білім беру саласына алып келді. Ол Рузаев атындағы №12 кәсіптік-техникалық мектебінде жол ережесі мен өмір қауіпсіздігі негіздері пәнінен сабақ берді.
Осы кезде Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының Целинный ауданы, Рузаев селосындағы 16-ӨСБ-не өрттің алдын алу инспекторы қажет болып жатқаны туралы хабарды естиді. Леонид Ақмола аграрлық университетінде оқып жүрген кезінде әскери кафедраны бітіріп, лейтенант атағын алған болатын. Оның жоғары білімі мен офицерлік атағы бар болғандықтан, барлық талаптарға сәйкес келіп, 2000 жылы қыркүйекте ол өрттің алдын алу тобының инспекторы ретінде қызметке тұрды. Бұл оның ішкі істер саласындағы еңбек жолының бастауы болатын. Леонидтің алғашқы тікелей жетекшісі және ұстазы, сол кезде Рузаев селосындағы өрттен қорғау постының бастығы болған ішкі қызмет майоры В. Галюкевич еді.
Леонид өздігінен және тәлімгердің көмегімен нормативтік құжаттамаларды үйрене отырып, жаңа кәсіпті тез арада игерді. Ол қысқа мерзім ішінде өрттің алдын алу саласы бойынша сауатты маманға айналды. «Мемлекеттік өрт бақылаудың үздік инспекторы» атағына арналған облыстық байқауларға бірнеше мәрте қатысып, жоғарғы орындарды иеленді.
Кәсіби және мансаптық деңгейін көтеру туралы шешім қабылдаған Леонид 2002 жылы ТЖМ Көкшетау техникалық институтына түсіп, 2005 жылы оны жақсы аяқтап, екінші жоғары білім алды. Ал 2008 жылдан бері Леонид Александрович Ғабит Мүсірепов ауданындағы Рузаев өрт постын басқарып келеді.
Азаматтық қорғау майоры Мунько осы жылдар ішінде 300 рет әртүрлі өрт оқиғаларына қатысты. Кейде тұтанған жалынды жеке өзі сөндірген кездері де болған. 2016-2018 жылдары өз аймағындағы су тасқынының салдарын жоюға да бір кісідей атсалысты.
Алғашқы күндерден бастап өрт сөндіру қызметі басшылығы мен әріптестері Леонид Муньконы жауапты да өз ісін ұршықша иіретін азамат ретінде біледі. Әріптестері арасында ол құрметке лайық, бірге қызмет ететін және өз қарамағындағы әріптестеріне әрдайым көмек көрсетуге дайын. Бірнеше рет оның еңбекқорлығы мен кәсіпқойлығы, қызметтік борышын адал атқаруы, сондай-ақ, ауылдық округтің өміріне белсенді қатысқаны еленіп, дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Андрей ЦИХОВИЧ, Солтүстік Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Сақшылар қызметіне сенім жоғары

Халықтың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалауда басты күш – құқық қорғау органдары. Оның ішінде ішкі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған