Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Сақшылар қызметіне сенім жоғары

Сақшылар қызметіне сенім жоғары

Халықтың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалауда басты күш – құқық қорғау органдары. Оның ішінде ішкі істер органдарының қырағы сақшыларының еңбегі әрқашан жоғары бағаланады. Елімізде қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін бұл салада шыңдалған қаншама тәртіп сақшысы елі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Осы орайда полиция инспекторларының қызметін білу үшін Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің Учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы, полиция майоры Мейрамбек Нұрекешовпен әңгімелескен болатынбыз.
Мейрамбек Нұрекешов Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Ақсуат ауылында дүниеге келген. Тарбағатай ауданының Үштөбе ауылында 1999 жылы мектепті аяқтап, Семей қаласының мемлекеттік заң институтына оқуға түседі. Бала күнгі арманымен жоғары заңгер мамандығын алып, білімін толықтырады. Содан кейін 2004 жылы Астана қаласына келіп, жұмысқа орналасады.
Ол 2004 жылы елордамыздағы Алматы аудандық Ішкі істер басқармасының №9 полиция бөлімшесінде учаскелік полиция инспекторы болып алғашқы қызмет жолын бастады. Учаскелік полиция инспекторының жұмысындағы негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу мен халықтың тыныштығын сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екендігін негізге ала отырып, өзіне бекітілген әкімшілік аумақта аянбай жұмыс атқарады. Қандай да бір мәселелер туындаса, соны жедел шешуге тырысты.
2010 жылы наурыз айында мемлекеттік бағдарламамен жас отау ретінде қаламыздың сол жағалауынан үй алғаннан кейін, Есіл аудандық Ішкі істер басқармасына қарасты №13 учаскелік полиция пунктіне учаскелік полиция инспекторы болып ауысады. Бұл әкімшілік аумақта жүріп, Ақорда, Министрліктер үйі, Бәйтерек монументі, әртүрлі әкімшілік ғимараттар аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тыныштығын сақтауға атсалысты.
2011 жылы Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының Учаскелік инспекторлар жұмысын ұйымдастыру бөліміне ауысып, жеке тапсырмалар бойынша аға инспектор болып орналасады. Сонымен қатар, 2016 жылы Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30-қадамына сәйкес ашылған Жергілікті полиция қызметінің Есіл ауданы бойынша бастығының орынбасары қызметін де абыроймен атқарады. Ал 2017 жылы бұған дейін қызмет атқарған жұмыс орны, яғни Учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Отбасында төрт баланы тәрбиелеп отырған әкенің перзенттерінің болашағынан күтер үміті көп. Үлкен қызы Баян №69 мектеп-гимназиясының 9-сыныбында оқиды. Әкесінің қызметіне еліктеп, кадет сыныбында білім алады. Екінші қызы Шолпан аталған мектеп-гимназиясының 6-сыныбында. Болашақта дәрігер болуды армандайды. Екі ұлы Әлижан мен Әлинұр әкелері үйге кірген бойда оның қызметтік киімі мен бас киімін киюге асығып, қарсы алады екен. Жолдасы Шырынмен бір ауылда өсіп, бір сыныпта, бір партада отырып білім алған полиция майоры жарының өз жұмысына түсіністікпен қарап, қолдау көрсететінін де айта кетті.
Мейрамбек Оразғалиұлы Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полкінің командирі, полиция майоры Ғосман Сапарғалиұлына алғысын білдіруді ұмытпады. Өйткені, алғаш қызметке тұрғанда Ғосман Сапарғалиұлы тәлімгерлік көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, оған көп нәрсені үйреткен.
Мейрамбек Нұрекешов басқарып отырған бөлім негізінен жеке тапсырмалар бойынша аса маңызды істермен, учаскелік инспекторларға түскен арыздар мен шағымдарды қарастырумен, министрліктен келетін қағаздармен, хат алмасумен, қызметтік тергеулер өткізумен, полиция тарапынан жұмыста жіберілген кемшіліктер болса, соларға түзету енгізумен айналысады.
Полиция майорының сөзінше, қазіргі таңда еліміздегі тәртіп сақшыларының біраз жетістіктерге жетуіне жаңадан іске қосылған технологиялар, аула мен кіре-берістерге бөгеттер қойып, бейнебақылаулар орнатумен қатар, сергек камералары орнатылуы себеп болып отырғанын айта кетті. Учаскелік полиция қызметкерлерін жаппай планшеттермен қамтамасыз ету туралы өтініш жасалынғанын да жеткізді.
Тәртіп сақшысы Мейрамбек Нұрекешов 14 жыл қызметтік жолында ІІМ мен ІІД тарапынан көптеген марапаттар мен алғыс хаттарға қол жеткізді.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

Отпен күрескен он жеті жыл

Азаматтық қорғау майоры Леонид Муньконың өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 17 жылдан асып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған