Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Қаһармандар – қауіпсіздік қорғаны

Қаһармандар – қауіпсіздік қорғаны

Біз отансүйгіштік ұлы дәстүрді қастерлеген бабалардың ұрпағымыз. Еліміз қандай кезеңдерді бастан кешірсе де, Отан үшін отқа түсіп, жанын қиған қаһармандарымыз аз емес. Тіпті, бүгінгі бейбіт күнде де ел қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жанқиярлық ерлік танытып жүрген азаматтар жетерлік.
Солардың бірі – Көліктегі ІІД-нің Атырау стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкері, полиция капитаны Тойғожа Әзбергенов.
Ол 2017 жылғы 17 қарашада кезекшілікке түскен күні Атырау стансасы темір жол вокзалында қаруланған, аса қауіпті қылмыскерді тұтқындаған болатын. Оның айтуынша, таңғы сағат 5.30 шамасында ол вокзал ішінде белгісіз біреудің полиция қызметкерлерін көмекке шақырып, жүгіріп келе жатқанын көріп қалады. Әлгі адам вокзалдағы асханада оның досын өзге біреудің тарпа бас салып, пышақтап жатқанын айтады. Жедел түрде оқиға орнына жеткен полиция қызметкері жерде қан-жоса болып жатқан адам мен оған бірнеше жерден пышақ салып, ұрып жатқан қылмыскердің үстінен түседі. Тәртіп сақшысы бірден жауынгерлік тәсілдерін қолданып, қылмыскерді құрықтайды. Қолындағы білектей пышағын сермеуін тоқтатпаған қылмыскерге полиция қызметкерінен өзге ешкім жақындай алмаған.
Осы кезде вокзал іші адамға лық толы еді. Себебі, халықаралық пойыздардың келетін уақыты да осы кез. Қылмыскер ізін суытпай тұтқындалмаған жағдайда оның әлі қаншама жолаушыға қауіп тудыратыны айтпаса да белгілі.
Қызметіне мінсіз берілген полицейдің бұл батыл әрекеті қарапайым халықтың ризашылығын тудырды. Соның негізінде, ол жуырда, яғни, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Тойғожа Әзбергенов ішкі істер органдарында 2009 жылдан бері қызметте. Алғашқы мамандығы мұғалім болғанымен, кейіннен құқық қорғау саласын таңдаған. Ол бүгінде Атырау стансасындағы ІІЖБ әкімшілік полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторы.
Отбасында бес бала болды. Әкесі дүние салғанымен, зейнет жастағы қарт анасы перзенттерін үнемі ізгілік жолға баулып, адамдық қасиетке тәрбиеледі. Тойғожаның нағашы ағасы – ішкі істер органдарының ардагері. «Баланың жақсысы – нағашыдан» демекші, Отанға қызмет етудің озық дәстүрлері отбасынан бойға сіңгені анық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Полицейлер – бұл адамдардың құқығын және бостандығын қорғай отырып, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы қатарда тұратын адамдар». Тыныштығымызды қас қақпай күзеткен әрбір полиция қызметкері – мемлекет тұтастығының қорғаны.
Олай болса, айбынды Қазақстан полициясының даңқын арттыруға бойындағы күш-жігерін сарп етіп келе жатқан Тойғожа Әзбергенов сынды азаматтарымыздың ержүректігін өзгеге үлгі ете отырып, оның ел игілігі жолындағы аса жауапты қызметтеріне толағай табыстар мен жарқын жетістіктер тілейміз!

Айнұр ТӨЛЕНДИНОВА, Көліктегі ІІД

Сондай-ақ, оқыңыз

Отпен күрескен он жеті жыл

Азаматтық қорғау майоры Леонид Муньконың өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 17 жылдан асып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған