Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Қос мереке қарсаңындағы құрмет

Қос мереке қарсаңындағы құрмет

Кеше Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әскери және құқық қорғау қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сондай-ақ, сыныптық шендер мен мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Ақорда төрінде өткен шара қос мереке – Отан қорғаушы және Жеңіс күндері қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отыр. Салтанатты шара шымылдығын алғысөзімен ашқан Мемлекет басшысы еліміз үшін екі мерекенің мән-мазмұны ерекше екенін атап өтті.
Шараға қатысушылардың барлығын Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаған Мемлекет басшысы сөз басында: «Бүгін Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде жоғары әскери және арнаулы атақтар, сондай-ақ қызметтегі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалар тапсырамын. Осындай жоғары марапатқа еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтайтын әскеріміз бен арнаулы қызметтердің үздік өкілдері ие болып отыр», – деп атап өтті.
«Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде әрбір әскери қызметші зор рөл атқарады. Біздің әскеріміз бен құқық қорғау құрылымдарымыз ел қауіпсіздігінің берік қалқаны әрі егемендігіміздің мызғымас кепілі болып саналады. Мемлекет барша қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтау жолындағы сіздердің ерліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деді Елбасы.
Ерлікке үндейтін бұл күндердің биыл елорданың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін тілге тиек еткен Елбасы: «Қазақта «Елді қорғау – ердің ісі, ерді қолдау – елдің ісі» деген қанатты сөз бар. «Ұраны бар елдің ұланы бар» деген. Ұйытқысы берік ұландарымыз әскери әлеуетті нығайтып келеді. Баһадүр бабалардың ерен еңбегін егемен елдің ерлері лайықты жалғастырып келеді. Бүгін бір топ азаматтың жоғары наградаларымен марапатталуы – соның айқын дәлелі», – деді.
Кеңес Одағының құрамында болған 70 жылдан астам уақытта генералдық шен алудың қаншалықты қиын болғанын айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы сап түзеген сардарларға қарап тұрып: «Бүгін бір күннің ішінде 22 атақ берейін деп отырмын. Тәуелсіздік алған кезде ел әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Сағадат Нұрмағамбетовті тапқан болатынмын. Осы жайтты ешқашан естеріңнен шығармаңдар!», – деді.
«Генерал атағы – ең жоғарғы марапат. Бұл бір жағынан қызметтеріңді бағалау, сонымен қатар, оқалы киім киген азаматтардың ең жоғарғы бақыты, қуанышы, отбасының қуанышы», – деген Мемлекет басшысы салтанатты шарада Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменовке генерал-лейтенант әскери атағын, ал, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары-Терроризмге қарсы қызметінің бастығы Нұрғали Білісбеков пен осы комитеттің Қарсы барлау қызметінің бастығы Марат Өсіповке ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты арнаулы атақтарын табыс етті. «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжанов сыртқы барлау генерал-лейтенанты атағын иығына тақса, Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев Елбасы қолынан 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шенін алды.
Ел Президентінің Жарлығымен жоғары әскери шен алғандардың ішінде ІІМ-нің де азаматтары бар. Олар – қос мереке қарсаңында иықтарына полиция генерал-майоры арнаулы атағын таққан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин, Ақтөбе облыстық ІІД-нің бастығы Махамбет Абисатов.
Бұл күні ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Ұларбек Абыкеев, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Дмитрий Бочаровке генерал-майор әскери атағы берілсе, Ұлтық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов ел Президенті қолынан ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алды.
Ақордада абыройы артып, Елбасы марапаттаған азаматтардың алдыңғы легінде, сондай-ақ, генерал-майор әскери атағын алған «Батыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы Қаныш Әбубәкіров, Қорғаныс министрлігінің кадрлар және әскери білім беру департаментінің бастығы Қайрат Көпбаев, ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының бастығы Арман Қалиев те бар.
Марапаттау рәсімі кезінде Елбасы әсіресе сын сәтте сүрінбей, батылдығымен көзге түсіп, заңсыздықтың жолын кескендер мен адам өмірін ажалдан арашалап қалған сарбаздардың көзсіз ерлігін ерекше бағалады. Мемлекеттік наградаға ие болғандардың ішінде І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған ІІМ «Сұңқар» бөлімшесінің бастығы Дулат Құрмашевтың да есімі аталды.
«Бейбіт күннің батыры» атанған мұндай ерлердің алдыңғы қатарында Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі мамандандырылған жасағының бөлімше командирі Виталий Калмыков та бар. Өткен жылы қараша айында ол жалынның ішінен ес-түссіз жатқан екі баланы аман алып шыққан еді. Соңғы екі жылдың өзінде 50-ден астам өрт сөндіру оқиғасына қатысқан командирдің бұл батыл ісін ел Президенті жоғары бағалады.
«Еліміз ширек ғасырдан астам уақыт ішінде антқа берік, аманатқа адал айбынды армиямызды жасақтай алды. Бүгінде әскери әлеует нығайып келеді. Ал ержүрек сарбаздар қастерлі тәуелсіздігіміздің қорғаны бола білді. Бола береді де», – деген Нұрсұлтан Назарбаев бұл күні жоғары марапатқа ие болған сарбаздар мен әскери қызметкерлердің алдағы уақытта да өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола беретіндеріне сенім білдірді.
Қос мерекені «ерлік пенен патриотизмді дәріптейтін осы айтулы күндер» деп бағалаған Елбасы ерен еңбегі, ел бағалаған ерлігімен ерекшеленген бүгінгі күннің қаһармандарын құттықтап, қолдарын алып: «Жауынгерлер әрдайым Отан үшін отқа түсуді парыз санаған. Бұл – жай сөз емес. Біз мұны Ұлы Отан соғысы тарихындағы ерлік істерден және ата-бабамыздан қалған мұралардан білеміз. Әрқашан осылай болған және бола береді. Еліміз өз армиясы мен құқық қорғау органдарын бағалап, құрмет тұтады, сондай-ақ, сіздерді адал әрі қалтқысыз қызмет етеді деп сенеді», – деді сөз соңында.
Ел Президентінің қолынан жоғары марапат алып, шен тағу – үлкен құрмет екенін айтып өткен әскерилер Отанымыздың қорғаныс саласын нығайту мен бейбіт өміріміздің берекесін сақтауда әлі де адал қызмет ететіндіктерін айтып, ел мен Елбасы сенімінен шығатындықтарына салтанатты түрде серт берді.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Серпін алған серіктестік

Кеше Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов Миграция бойынша халықаралық ұйым өкілдерімен, атап айтқанда, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған