Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / «Әскери тұтқындар» сервисі ашылды

«Әскери тұтқындар» сервисі ашылды

Кеше Ішкі істер министрлігінде Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға алынған бұрынғы әскери тұтқындар және Германиядан қайта оралған КСРО азаматтары туралы саяси-маңызды «ҰОС «Әскери тұтқындары» сервисінің ашылуына байланысты журналистермен баспасөз мәслихаты өтті.
Шараға Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков және ІІМ Ақпараттық-сараптамалық орталығының бастығы, полиция полковнигі Роза Закаргаева қатысып, «ҰОС әскери тұтқындары» сервисінің маңыздылығын түсіндірді.
Бүгінгі таңда өз аталарын, әкелерін, туыстарын іздеп Германия, Польша, Австриядан хат жазушылар көп. «ҰОС әскери тұтқындары» базасына 60 мыңнан аса Екінші дүниежүзілік соғыстың әскери тұтқындары туралы ақпарат қосылған, олардың көбі неміс тұтқындығында қайтыс болған. 2015 жылы мамыр айында Германия Федеративтік Республикасы бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға 2500 еуро көлемінде өтемақы төлеу туралы шешімін қабылдағаны белгілі.
«Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары туралы мәліметтер мыңдаған адамға олардың тұтқында қайтыс болған әкелерінің, аталарының, ағаларының және туысқандарының тағдырын білу үшін және тарихшыларға, өлкетанушыларға, журналистерге Ұлы Отан соғысы тарихының ақ парақтарын толтыру үшін қажет. Біз аталардың тағдыры туралы білуіміз керек. Біздің жасап жатқан жұмысымыз теңіздің тамшысындай болса да, бұл соғыста тұтқында болған жандарды іздеуге мүмкіндік екені сөзсіз. Ең соңғы солдат қайтыс болғанша мұндай жұмыстар жалғаса береді», – деген Ақпараттық-сараптамалық орталықтың бастығы, полиция полковнигі Роза Закаргаева алдымен тұтқында болған кеңес жауынгері Самойловтың Полтавсткая облысынан туған шаңырағына жазған хатынан үзінді оқып берді. Онда жауынгер елге деген сағынышын жеткізіп, тылдағыларға, бірге еңбек еткен колхозшыларға жалынды сәлемін жолдаған. Бірақ, артынан ол тұтқынға түскен. Тұтқында қалса да, өмірін қатерге тігіп екі бірдей жау самолетін жойған. Хат «Отан өз батырларын ұмытпайды» деп аяқталады.
ІІО және ҰҰ адагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков Отанын жаудан қорғау мақсатында от кешкен ағалар мен әкелердің рухы алдындағы парыз туралы әңгімеледі. «Бұл іс-шара президентіміз Н. Назарбаевтың рухани жаңғыру бағдарламасына орай ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – сол соғыста біздің бейбіт күніміз үшін жанын пида еткен әкелеріміз, ағаларымыздың есімін есте қалдыру. Мен кеше ғана сол майданда от кешкен Ахат деген ардагермен кездестім. I-II дәрежелі ордендермен марапатталған ол кісінің айтуынша, Ақмола дивизиясын Мәскеу түбіне апарады. Бәріне бірдей қару берілмейді. Автомат түгілі винтовканың өзі жетпеген. Сонда да соғысқа кірген. Олар осындай қиындықтарды бастан кешкен. Қаншама қазақ жауынгері оралмай, соғыс даласында қалып қойды. Кейбір ойы басқа топтар Ұлы Отан соғысына қатысты тарихты өзгертіп айтқысы келеді, басқаша сипат бергісі келетін ниетін байқаймыз. Ақиқаты – ол жеңіс біздің әкелеріміздің, ағаларымыздың ерлігімен келді. Қазақстандық жауынгерлер сол жойқын соғыста небір өшпес ерліктің үлгісін көрсетті», – деді Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков.
ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталығы Арнайы мемлекеттік мұрағатының бастығы, полиция подполковнигі Дария Әлиқызының айтуынша, тізімге Астана бойынша 2554 адам енген. «Цифрландырылған «ҰОС әскери тұтқындары» деректер базасын құру және жариялау – бұл тарихи әділетті қайта орнату бойынша ортақ іске кішігірім үлес қосу болып табылады. Жарияланатын тізімге Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен кеңес солдаттарының фильтрациялық істерінен және трофейлік карточкаларынан алынған мәліметтер қосылған. Арнайы мемлекеттік қызмет көрсету негізінде саяси тұтқындар базасына тұтқында адамдар туралы архивтік мұрағат, автобиографиялар болса, беруге дайынбыз.
Қордың мақсатына келсек, Ұлы Отан соғысы тарихына қатысты көптеген ақтаңдақтар бар, мемориал бойынша да, тұтқында болғандарға қатысты да көптеген хаттар түсті, осының бәрін зерделей келе тарихи әділеттілікке қол жеткізуіміз керек. 2015 жылы Германияда әскери тұтқында болғандардың базалары тексерілді, ІІМ базасына сәйкес біз 41 адамды анықтадық, олардың 14-інің нақты тұтқында болғаны дәлелденді», – дейді ол.

Жадыра ШАМҰРАТОВА, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған