Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Ардагерлерге көрсетілген құрмет

Ардагерлерге көрсетілген құрмет

Қан майданда жауға қасқая қарсы тұрған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінгі ұрпақ қазыналы қарттарға бейбіт заман үшін қарыздар. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, төрағаның бірінші орынбасары, милиция полковнигі Берік Сүлейменов Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдары ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.
Жылдағы дәстүр бойынша Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың тапсырмасымен Ұлы Отан соғысы және қызмет ардагерлері Утюн Мұстафин мен Иван Заиченкоға құрмет көрсетілді. Тоқсан екіге келсе де, әлі тың қария Утюн Мұқанұлы келген қонақтарды қарсы алып, балаша қуанды. Өз кезегінде төраға Өмірзақ Болсамбеков: «Ұлы Жеңіс күні қарсаңында сіздің ерлігіңізді ескеріп, үйіңізге құттықтап келіп отырмыз. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», – деген сөз бар. Сол қазақтың жөнімен мереке қарсаңында сізге сәлем беріп, аман-саулығыңызды білейік деп келдік. Алдағы мерекелер құтты болсын. Деніңіз сау, отбасыңыз аман болып, жеңгей екеуіңіз немере, шөберелердің қызығын көріңіз. Сіздердің арқаларыңызда бүгін ашық аспан астында, бейбітшілік заманда өмір сүріп отырмыз. Сіздердің арқаларыңызда бүгінгі ұрпақ бақытты ғұмыр кешіп отыр», – деді Өмірзақ Қоспанұлы.
Бүгінде еліміздің Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің 58 филиалы жұмыс істейді. Бұл филиалдарда 70000-ға жуық ардагер бар. Олардың қатарында 200-ден аса ҰОС ардагері, еңбек майданында болған 300-ден аса, ауған соғысына қатысқан 300-ден аса, Чернобыль апатын жоюға қатысқан 157 ардагер бар. Өмірзақ Болсамбеков осылардың ішінде ең қадірлі, құрметтісі – ҰОС ардагерлері екенін айтты. Оның айтуынша, 4 ақсақал жасы 100-ден асып өмірден өткен. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысында Семен Данилин атты ардагер биыл 104-ке келеді екен. Төраға Утюн Мұстафинге де сол жасқа келіп, балалардың ортасында жүре беруін тіледі. Қария өздерін ұмытпай құрметтеп келген меймандарға алғысын білдірді.
ҰОС және ішкі істер органдарының ардагері 1926 жылы 15 тамызда Қостанай облысы, Мендіқара ауданы, Татьяновка ауылында дүниеге келген. Кеңес заманында Утюн атанып кеткен ардагердің шын есімі Өтепберген екен. Ол содан 1944 жылы әскерге шақыртылған. Шұбаркөлде запастағы полкте 4 ай дайындықтан соң, майданның алғы шебіне жіберілген. II Беларусь майданының 303-атқыштар полкінің құрамында алғаш соғысқа қатысқан. Соғыстың аяқталғанын Балтық теңізінің жағалауында жүргенде білген. Әскери қызметі 1950 жылға дейін созылып, Свердловск қаласында қызметтен босатылған. Содан 1964 жылға дейін Қостанай қаласында ішкі істер органдарында жұмыс істеген. Одан әрі зейнетке шыққанға дейін Торғай облыстық ІІБ-да қызмет еткен.
Ал, тоқсаннан асқан қария Иван Афанасьевич тұратын көпқабатты үйдің қасына келгенде кіре-беріс маңдайшасындағы «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Заиченко тұрады» деген тақтайшаға ерекше көзіміз түсті. Бұл да бір Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген құрметтің белгісі. Иван Афанасьевич құттықтап келген қонақтармен емен-жарқын әңгімелесіп, соғыс жылдарын еске алды. «Мен Сталинград түбінде шайқастым. Екі немісті жер жастандырдым. Ол кезде «Немісті өлтір немесе ол сені өлтіреді» деген үндеу болатын. Соғыста пулеметщиктің көмекшісі болдым, кейін пулеметтің техникалық жай-күйіне жауап беретін маман болдым», – деп еске алды сұрапыл соғыс жылдарын. Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Берік Сүлейменов жеңісті жақындатқан ардагерге ерен ерлігі үшін алғыс білдіріп, деніне саулық, отбасына бақ-береке тіледі. Қарияларға арнайы сый-сияпат көрсетіліп, азық-түлік себеттері тарту етілді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған