Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Ұлттық ұлан – ұлт қорғаны

Ұлттық ұлан – ұлт қорғаны

Өткен жұмада Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: қазіргі таңдағы Ұлттық ұланның жағдайы мен қызметі және қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін күзету мен ол жерде ұсталынатын адамдардың жүріс-тұрысын бақылау мен қадағалауда Ұлттық ұланмен өзара іс-әрекеттестік мәселесі.
Отырысты ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы, профессор Марат Қоғамов Ұлттық ұланның қандай әскери құрылым екені, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыскерлерді ұстау, олардың кез келген әрекетіне қарсы тұру және өзге де қызметтерді атқаратын жүйелі, жаттыққан ұжым болып табылатыны туралы баяндады.
– Бүгін бізге қоғамдық кеңес шеңберінде сала мамандарының есептерін тыңдай отырып, одан нәтиже шығару және баяндамалардан қоғамдық қолдауды қажет ететін позицияларды күн тәртібіне алып шығу мүмкіндігі беріліп отыр. Мұндай жиналысымыздың басты мақсаты – заңдарды белшесінен басатын әрі ел тұрғындарының мүдделеріне қайшы келетін проблемаларды анықтау болып табылады, – деді профессор М. Қоғамов.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша отырыста Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов пен ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, полковник Александр Тарасенко баяндама жасады.
Шара барысында бүгінде Ұлттық ұлан жауынгерлері ел аумағындағы 10-нан астам стратегиялық нысан мен 3 аса маңызды мемлекеттік нысанды, Қазақстан аумағы бойынша тасымалданатын арнайы жүктерді күзетіп, тәртібін қадағалайтыны айтылды. Өткен жылдың өзінде өткізу режимін бұзған мыңнан астам адам ұсталған.
Сондай-ақ, ұландықтар ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірге еліміздің 20 қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады. 2016-2017 жылдары олар 128 мың тәртіп бұзушыны ұстап, ІІО бөлімшелеріне жеткізген. Оның ішінде бес жарым мың адамның ісінде қылмыстық белгілер байқалып, мемлекет есебіне 360 млн теңгеден астам айыппұл төленді. Екі жүз елуден астам суық және ату қаруы, екі жарым келідей есірткі заты тәркіленді.Екі мыңнан астам қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік іс-шараны өткізуге ұландықтар бір адамдай атсалысты. Олардың арасында 2017 жылы Алматыда өткен 28-ші қысқы универсиада және Астанада ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі секілді әлемдік ірі іс-шаралар да бар.
– Бұлардан бөлек, Ұлттық ұлан жауынгерлері қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты 45 мекеме мен 1 өндірістік нысанды күзетіп, сотталғандарды қадағалайды. Соңғы 5 жыл ішінде түзеу мекемесінен бірде-бір қашу оқиғасына жол берілген жоқ, біз қашпақ болғандарды дер кезінде құрықтап, жолын кесіп отырдық, – деді генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов.
2016-2017 жылдары қарауылдардың жеке құрамы ұялы телефондар, олардың сим-карталары, суық қару мен оқ-дәрі секілді бір мыңнан астам тыйым салынған затты, 300 грамнан астам есірткі затын, құрамында спирті бар 30 литр сұйықтықты, сондай-ақ, жалпы көлемі екі жарым миллион теңгеден астам қаражатты тәркіледі.
Отырыс нәтижесінде қатысушылар Ұлттық ұлан басшылығы ұсынған мәліметтердің толыққандылығы мен сапасын айрықша атап өтіп, ҚАЖ мекемелері күзетін одан әрі жетілдіру және ондағы құқық бұзушылықтарды азайту бойынша жұмыстарды жалғастыра беру керек деген ортақ пікірге келді.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған