Татулық – бейбітшілік тірегі

Жуырда Ішкі істер министрлігінде ұлттар арасындағы татулық пен ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдау мақсатында және Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне орай «Татулық – достық тірегі» атты іс-шара өтті.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен дөңгелек үстелге Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев, өңірлерде ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген қазақ тілін жетік білетін жиырмадан астам өзге ұлт өкілі, аумақтық ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тіл бөліністерінің мамандары қатысты.
– Қазақстан – жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт ел. Біздің басты ұранымыз – бірлік пен татулық! Осы бірліктің арқасында еліміз берекеге кенелді, әлемдегі ірі мемлекеттермен иық теңестірді. Мемлекеттік тілге айрықша мәртебе бердік. Осы бір тарихи сәтте Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген болатын. Бұл қанатты сөзді Қазақстан халқы қолдап, бүгінде мемлекеттік тілді меңгерушілердің қатары көбейді. Соның ішінде ішкі істер саласында да қазақ тілін жетік меңгергендер саны артты. Бұл жиынның негізгі мақсаты – тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдау және олардың тәжірибелерін іс жүзінде қолдану, сол арқылы полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген ынта-ықыласын арттыру. Әр өңірден осы шараға арнайы келген өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүргендері үшін өзімнің және министрлік басшылығы атынан зор алғыс айтамын! – деді жиында алдымен сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары Р. Жақыпов.
Қазақстанның саясаты «Қазақстан – бiздiң ортақ үйiмiз» деген ұранға ұстаным ретiнде қарауында. Дөңгелек үстелде талқыланған тақырып аясында Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Гариф Хамзаев мемлекеттік тіліміздің мәртебесі туралы, ал Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің аға маманы, ефрейтор Денис Яковлев қазақ тілінің болашағы туралы ойымен бөлісті. Денис Яковлев үлкен сахналарда қазақ тілінде ән салып, әскери қызмет пен өнер саласын қос қанатындай қатар ұстап, Ұлттық ұланның мақтанышына айналған қызметкерлердің бірі. «1991 жылы Қостанай облысында дүниеге келдім. Күнделікті өмірде достарыммен қазақша сөйлесемін. Патриоттық әндерді орындау арқылы өзіме ерекше рух аламын. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайыстан бас жүлдені алуым да осы тілді білгеннің арқасы. Тіл үйренгенімнің арқасында тыңдаушыларымның аясы кеңейді. Меніңше, кез келген тілді үйрену үшін оның ортасына бейімделу керек», – деген ол Абайдың әні «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шебер орындап берді.
Ақтөбе облысы, Алға аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Федор Бошков, Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің инспектор-кезекшісі, полиция аға лейтенанты Николай Горбунов және басқалары қазақ тілінің мәртебесін көтеру, насихаттау, қолданыс аясын кеңейтуге, рухани жаңғыруға қатысты өз ойларын ортаға салды. Қызмет барысында мемлекеттік тілді қолдану тәжірибелерімен бөліскендер де аз болған жоқ. Олардың арасында жырға құмар, қазақ өлеңін қадірлейтіндер жетерлік екен. Мысалы, Төтенше жағдайлар комитетінен Дағдарыс жағдайларында басқару орталығының аға инженері, азаматтық қорғау майоры Любовь Абланова өз сөзінде «Әр адам анасының алдында және туған тілінің алдында басын иеді. Ақтөбе облысының Алға ауданында мектеп бітірдім. Мектепте қазақ тілінде өтетін облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүрдім. Мені осы дәрежеге жеткізген қазақ тілінің алдында бас иемін. Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыру өз қолымызда. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс көп ұлт өкілдерінің татулығы мен ынтымағының арқасында келді. Әркім өз ісіне жауапкершілікпен қараса, қоғам да дұрыс бағытта дамиды», – дей келіп, М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңін оқыды.
Жиын соңында Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес жолында қызмет етіп, өз міндеттерін орындауда қажырлы еңбегімен көзге түскен, сонымен бірге, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген қызметкерлерді министрдің атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Бұдан соң әр өңірден келген өзге ұлт өкілдері Ұлттық музейге экскурсия жасап, қазақ елінің тарихына қатысты құнды жәдігерлермен танысты.
Ал ертеңінде ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті ұйымдастырған Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шара қайтадан жалғасын тауып, әр өңірден келген өзге ұлт өкілдері Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлерімен кездесті. Өз саласының мықты мамандары ғана емес, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, оның аясын кеңейтуге айрықша үлес қосып жүрген азаматтар жүрекжарды сөздерін арнап, көпшілікті өздерінің әдебімен, өнерімен сүйсінтті. Алексей Стрельцов «Жан досым» әнін, Денис Яковлев Естайдың әні «Хұсни-Қорланды», Игнат Сафонов «Жаса, қазағым!», Гариф Хамзаев «Атамекен» әнін шебер орындап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрмет-қошеметіне бөленді. Өзге ұлт өкілдерінің арасында тебіреніп тұрып қазақша жыр оқығандары да аз болмады. Мұның бәрі көңіл толқытарлық көрініс болды.
Шара соңында ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев «Елбасы латын қарпіне көшу туралы Жарлыққа қол қойды, бұл бізге үлгі болуға тиіс», – деп, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге зор көңіл бөлетінін айта келіп, алда да осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Қонақтар Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлерімен кездесуден соң министрліктің мұражайын аралады. 28 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI алдында бұл да бір игілікті шара ретінде есте қалатыны анық.

Жадыра ШАМҰРАТОВА, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*