Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Тергеуші болып тер төккен

Тергеуші болып тер төккен

Көпұлтты отбасында өскен полиция подполковнигі Галина Стырличук Қазақстан халықтары мерекесін ерекше ықыласпен атап өтеді.
Ол Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында дүниеге келген. Анасы – украин, әкесі – молдаван. Интернационалды отбасында дүниеге келген Галина үшін ұлттар арасындағы өзара татулықтың маңызы зор.
Галинаның тергеуші болуына ата-анасы түрткі болыпты. Шымкентте, кейін Алматыдағы жоғары мектепте білім алып, еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе қалалық Ішкі істер басқармасында тергеуші болып бастаған. Қазір Ақтөбе облыстық ІІД тергеу басқармасында аса маңызды істер бойынша аға тергеуші болып еңбек етуде.
20 жылдан астам уақыттан бері талай қылмыстық істерді ашуда ізденіспен тер төкті. 90-жылдардың соңында ішкі істер саласына келген оған тәжірибе жинау оңайға соқпады. Ұрлық пен тонаудың жиілеген тұсында алғаш рет оған қаладағы Есет батыр көшесі бойындағы дүкеннен үлкен көлемдегі ақша ұрлаған қылмыскерлер туралы іс жүргізу жүктелген болатын. «Ұрлыққа үш әйел мен екі ер адам күдікті деп танылған еді. Олар дүкеннің жұмысшылары болатын. Үлкен көлемде ақша жетіспеушілігі байқалған. Сондықтан ақша жымқырғандарын жасыру үшін өзара түнгі ұрлықты қолдан ұйымдастырған. Түнде дүкеннің заттарын «КамАЗ» көлігіне тиеп, кейін полицияға бізге шабуыл жасалды деп хабарласқан. Бірақ, тергеушілер оны тонау емес, алдын ала ойластырылған іс екенін заттай айғақтармен дәлелдеп, күдіктілердің кінәсін дәлелдеді.
Олардың әрқайсысы қанша жыл алғаны есімде жоқ. Бірақ, бұл алғашқы қолға алған істерімнің бірі болатын. Тәжірибе жинақтап, жылдар өте ысылдым. Тергеуші болу үнемі қырағылық пен асқан жауапкершілікіті талап етеді. Біздің істе ұсақ-түйек деген болмайды. Әр нәрсеге мұқият, жіті қарауымыз керек. Жұмыс адамдарды айыра білуге үйретті», – дейді Галина Стырличук.
Галина үшін ең бастысы – жауапкершілік пен ынтымақ. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қазақ халқының даналығын ерекше ұстанады. Ол өзін көпұлтты Қазақстанда тұрып жатқаны үшін бақыттымын деп санайды. Бүгінде Ақтөбе облыстық ІІД-де 20-ға тарта ұлт өкілі тату-тәтті ынтымақта еңбек етіп келеді. «Бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – бұл біздің құнды тәжірибеміз», – деді Елбасымыз. Сондықтан біз ынтымағы жарасқан көпұлтты еліміздің одан әрі дамып, өркендеуіне үлес қосуымыз керек», – дейді полиция подполковнигі.
«Жүздеген ұлтты ұйыстырып отырған біздің елімізде осындай ерекше татулық бар деп ойлаймын. Ешкімге сен басқа ұлтсың демейді. Қандай мейрам болсын, бәріміз бірге, бір дастарқан басында атап өтеміз. Мен қазақ халқының салт-дәстүрлерін жақсы білемін. Баланың тұсауын кесу, қырқынан шығару, үйлену тойлары маған ерекше ұнайды. Наурызда бауырсақ пісіремін. Біздің елімізде ұлты мен дініне қарамай бәріміз тату-тәтті араласа береміз. Осылай достығымыз берік бола берсін. Еліміз аман болсын, ауызбірлігіміз нығая берсін», – деп тілегін білдірді Галина Стырличук.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Отпен күрескен он жеті жыл

Азаматтық қорғау майоры Леонид Муньконың өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 17 жылдан асып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған