Соғыс ардагерінің даңқты жолы

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Фашизмге қарсы сұрапыл соғыста қол жеткізген Жеңіске биыл 73 жыл толады. Арада қанша жыл өтсе де, майдангерлер жүрегінен қанды соғыс ізі өше қойған жоқ. Олар майдан даласында өз Отандарын ғана емес, болашақ ұрпақтар өмірін де ерлікпен қорғады. Жауынгерлердің жасампаз ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Ұлы Отан соғысының 73 жылдығы қарсаңында ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаментінде қызмет атқарған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген ұранмен ізденіс сапарына шықтық. Бүгінде 91 жасты алқымдап отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Андрей Цыкуновтың даңқты ерлік жолы назарымызды еріксіз өзіне тартты.
Андрей Игнатьевич 1927 жылғы 31 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Спасск ауылында туған. 1942 жылы Шемонаихада 7-сыныпты тәмамдайды.
Жастайынан еңбекке араласып, атпен ағаш тасыды, От жағып, 17 жасында қамбаға дән тасыды. 1944 жылдың желтоқсанында Қызыл армия қатарына алынып, 1-Қиыр Шығыс майданында атқыштар дивизиясының құрамында алғаш рет майданға түсті.
1944 жылдың тамыз айынан бастап жапон интервенттеріне қарсы әскери жорықтарға қатысты. Осы майданда «Жапонияны жеңгеңі үшін» медалімен марапатталды.
Соғыс аяқталғаннан кейін де қоғамдық тәртіпті қорғауға атсалысты. Қазақ КСР ІІМ Көліктегі Шығыс ішкі істер басқармасы Защита стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінде желілік бөлім милиционері лауазымында қызмет атқарды.
Майданда шыңдалған сарбаз үшін бейбіт өмірдің тыныштығын күзету қиын соққан жоқ, бұл іске жан сала кірісті. Құлшынысы да өте арынды еді. Майданның әрбір қиын кезеңінде бейбіт өмір туралы көп ойлайтын, сол сәттерде «осыдан елге аман оралса, тыныштықтың күзетшісі, бейбіт өмірдің сақшысы» болуды өз-өзіне серт еткен еді. Уәдесінен тайқыған жоқ, темір жолдағы қоғамдық тәртіпті күзетуге, жолаушы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар ынтасымен құлшына атсалысты.
Жұмыс барысында ол айналасындағы баршаға, әріптестері мен ұл-қыздарына да бейбіт өмірдің әрбір сәті өте үлкен қиындықпен келгенін, бұл жолда қаншама боздақтың жер жастанғанын, қаншама ананың жесір, қаншама баланың жетім қалғанын айтудан еш жалықпады.
Жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру кезінде де, темір жол маңы тұрғындарымен кездесулер барысында да ол осы дағдысынан айныған емес, майдандағы батыр қаруластарының ерлікке толы даңқты жолдары туралы батырлық дастанын онымен кездесуде болған әрбір оқушы тыңдап өсті.
«Қаншама боздақтың үміттері мен армандарын күл-талқан еткен сұм соғыстың ел азаматтарының басына салған зұлматтары көнегөз қариялар көңілінен әлі де өшкен жоқ. Соғыстың жақсысы болмайды. Бүгінгі ұрпақ бейбіт күннің қадірін жете білулері тиіс. Менің және мен сияқты қанды майданның отты даласын кешкен әрбір майдангердің тілегі – ондай ауыр күндерді ұрпақтарымыздың басына салмасын. Ұрпақтарымыз тыныштық пен бейбіт өмірдің аясында бақытты күн кешсін», – дейді бізбен сұхбатында қарт майдангер.
Андрей Игнатьевичтің қан майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі өтеусіз қалған жоқ. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін және құқық қорғау органдарындағы мүлтіксіз қызметі үшін көптеген марапатқа қол жеткізді. «Қоғамдық тәртіпті күзетудегі үздік қызметі үшін», І, ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Кеңес милициясының 50 жылдығы», «КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 25 жыл» медальдарымен және «Милиция үздігі» белгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, ол көптеген грамоталар мен алғыс хаттардың иегері.
2000 жылы Жеңістің 55 жылдығына орай Президент Н.Ә. Назарбаевтың арнайы құттықтау хатын алды. Ол Елбасының ардагерлерге көрсеткен құрметіне дән риза.
Жеңістің 73 жылдық мерекесі қарсаңында біз де қос майданның ардагерін мерекесімен шын жүректен құттықтап, оған мықты денсаулық пен қажыр-қайрат тіледік.

Көліктегі ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*