Полиглот полицей

Тіл білгенге тосқауыл жоқ. Күнделікті қызметте әрқилы жағдайда түрлі ұлт өкілдерімен кездесетін тәртіп сақшылары үшін тіл білудің артықшылығы көп. «Тіл білгенің өзіңе жақсы. Ділі, діні, түрі, тілі басқа ұлт өкілдерімен солардың тілінде сөйлесу жұмысыңды жеңілдетеді», – дейді полиглот полицей Мейірбек Муталиев. Полиглот деп отырғанымыз Астана қалалық ІІД Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Мейірбек Сұлтанбекұлы ана тілінен бөлек, орыс, түрік, әзербайжан, өзбек, қырғыз тілдерін еркін меңгерген.
Мейірбектің мұндай «өнері» барын өзбек, қырғыз ағайындармен солардың тілдерінде судырлап сөйлеп тұрғанда білдік. Болмысы ерек азамат бірнеше тіл білетінін өзі айтып мақтанбады. Қайта, қарапайымдылығынан танбай, сыр білдірмеді. Әріптестерінен оның өзбекше, қырғызшадан бөлек, тағы бірнеше тіл меңгергенін білгенімізде Мейірбек ұяңдығына басып, ашылып айтуға асыққан жоқ. Біз оны әңгімеге тартып түртпектеп қоймағасын ғана өзінің сырымен бөлісті.
Аға лейтенант бірнеше тілді университет қабырғасында жүріп үйренген. «Бұл салаға келмей тұрып тіл меңгеруге деген құлшынысым күшті болды. Орта мектепті бітіріп, 2007 жылы Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне құқықтану мамандығы бойынша грантқа түстім. Білім алған ордам халықаралық дәрежедегі университет болған соң, онда бізбен бірге басқа елдің студенттері де келіп оқыды. Университеттің ұсынған мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тіл меңгеруге ден қойдым. Сол оқу ордасында білім алып жүріп, ой-өрісімді кеңейту үшін түрік, әзербайжан, өзбек, қырғыз тілдерін үйреніп шықтым.
Тіл үйрену үшін орта керек. Мен сондай ортаға тап болғасын да, тіл үйрену аса қиындық тудырған жоқ. Өйткені, университеттің жатақханасында әзербайжаны, түрігі, қырғызы, өзбегі бар – бәріміз бірге жаттық. Бір-бірімізбен жақсы достық қарым-қатынаста болдық. Оларға мен қазақ тілін үйретсем, олар маған өз тілдерін үйретті. Олардың тілдерін ғана үйреніп қоймай, мәдениеті, салт-дәстүрін танып-білдім. Оның үстіне қазақ-түрік университеті болғандықтан, түрік тілінде сабақ өтіп, сол тілде бізден емтихан қабылданатын», – дейді.
Мейірбек бүгінде ағылшын тіліне де ден қойған. Ағылшын тілінің грамматикалық ережелерін білгенмен, сөздік қоры жұтаңдау екен. Алайда, ағылшынша ауызекі тілде емін-еркін сөйлей алады. Ауызекі сөйлеуден ресми, яғни хат алмаса алатындай деңгейге көтерілу үшін сөздік қорды арттыруға күш салып жүр.
Оның айтуынша, тіл меңгерген полиглот мамандарға бүгінде сұраныс та күшті. Өз тәжірибесінен мысал келтірген ол: «Мен университет қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін бірнеше жерге түйіндемемді тастаған едім. Есігін қағып барған жерлердің барлығы мені жұмысқа шақырды. ЖОО-ны бітіре сала мемлекеттік органға жұмысқа тұрған жоқпын, тәжірибе жинау мақсатында бастапқыда халықаралық ұйымдарда заңгер және аудармашы болып жұмыс істедім», – деді.
Біздің: «Бұл тілдерді күнделікті өмірде қолданбағасын білгеніңізді ұмытып қалып жатқан жоқсыз ба?», – деген сауалымызға жауап берген кейіпкеріміз: «Университет қабырғасында бірге оқыған замандас, топтас, ұлты өзге достарыммен әлі күнге дейін байланысымызды үзген емеспіз. Әлемнің әр түкпірінде жүрген достарыммен арамыздағы арақашықтыққа қарамай, тілдесіп тұрамыз. Оның үстіне, бүгінгі жұмысым да тікелей шетел азаматтарымен байланысты болғандықтан бұл тілдерді күнделікті өмірде қолданып жатамын. Жалпы қызмет бабында тіл меңгергендігімнің көп көмегі тиеді», – деді Мейірбек.
Ол Көші-қон басқармасына дейін Астана қалалық ІІД Мамандандырылған батальонында қызмет еткенінде де көптеген шетел азаматы жолығып, олармен еш қиындықсыз тілдесіп жүргенін айтады. Өзі болмаса әріптестері шетел азаматтарына тап болса, Мейірбектің көмегіне жүгінеді. Көші-қон саласында күнделікті қырғыз, өзбек ұлтының азаматтарымен бетпе-бет келетіндіктен мән-жайды түсіндіру үшін солардың тілінде сөйлеу қажеттілігі туындайды. Сондай жағдайда, шетелдіктер полиция қызметкерінің солардың тілінде еш мүдірмей сөйлеп тұрғанын көргенде таңғалыстарын жасырмай, олардың полицияға деген құрметтері арта түседі екен.
Мейірбектің ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне де 5 жылдың жүзі болған. Ішкі істер органдарына 2013 жылы қызметке келген ол бастапқыда Астана қалалық ІІД Мамандандырылған батальонында аға инспектор лауазымында қызмет етіпті. Мұнда ол 2016 жылдың сәуір айына дейін жұмыс істеген. Бұл аралықта Астана қалалық ІІД Кадр қызметі басқармасында аға инспекор қызметін де атқарған. 2016 жылдың наурыз айынан бастап Астана қалалық ІІД Көші-қон басқармасында еңбек етіп жүр.
Полиция қызметкері болуды абырой санайтын ол: «Бала кезімнен мылтық асынып, Отан қорғауға ерекше қызығып өстім. Ер азамат шыңдалатын, сыналатын сала. Құқықтану саласында ең ауыр, ең қиын мамандық – осы құқық қорғау қызметі. Дейтұрғанмен, сүйікті ісімен айналысу адамға ләззат сыйлайды», – деп түйіндеді сөзін полиция аға лейтенанты.
Мейірбек – қызметте табысты маман, отбасында сыйлы, қамқор әке. Аяулы жары Ажар екеуі бір қыз тәрбиелеп отыр. Біз де оның отбасы мен қызметіне табыс, лауазымы өсе біреуіне тілектестік білдіреміз.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Сондай-ақ, оқыңыз

Отпен күрескен он жеті жыл

Азаматтық қорғау майоры Леонид Муньконың өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 17 жылдан асып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған