Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Қарағанды қарышты даму жолында

Қарағанды қарышты даму жолында

Кеше Елбасы тапсырмасымен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Қарағанды облысына келді.
Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары аясында Сәтпаев қаласына барып, онда «Нұрлы мекен» жаңа шағын ауданының құрылыс жұмыстарымен танысты.
«Нұрлы мекен» шағын ауданына Жезқазған кентінің апатты үйлерінің тұрғындары және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде құлаған аудан аймағындағы көрші елді мекен адамдары көшіріледі. Олар Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жаңа пәтерлерге ие болады.
Қоныс аударушы азаматтар үшін бүгінгі таңда шағын ауданда 1760 пәтер (118 700 м ²) салынды. Магистралды жылу жүйесі жүргізілген, үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген.
Сәтпаев қаласының әкімі А. Ыдырысов 2018 жылдың маусым айының соңына дейін ауданы 12 100 м² (195 пәтер) болатын 4 үй тұрғызылатынын айтты. Бұған қоса, биыл 107 екі пәтерлі үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.
Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ, нысанды аралау барысында Жезқазған өңірінің тұрғын үй құрылысы жоспарларымен және Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуінде берген тапсырмаларын ескере отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру жоспарымен танысты.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша өткен жылы Қарағанды облысында 374 100 м² тұрғын үй салынды, бұл 2016 жылға қарағанда 9,8% артық. 3,3 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. 2018 жылдың І тоқсанында 113 100 м² немесе 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 131% тұрғын үй пайдалануға берілді, 1,2 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды.
Сондай-ақ, Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Сәтпаев қаласындағы «Ханум» макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорынды аралау барысында өңірде ШОБ дамыту қарқынымен, сондай-ақ, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өңірде Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 65 жоба қолдауға ие болды. Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржылық қолдау шараларымен 33 жоба қамтылды.
Басымдықты салаларда бизнесті субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 500 млн теңге бөлінеді. Мұндағы бизнес жүргізуге болатын әлеуетті салалар – азық-түлік өндірісі, өнеркәсіп, туризм секторы және қызмет көрсету салалары. Мақсат – тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету көлемін екі есеге арттыру.
«Ханум» макарон өнімдерін шығаратын цехын тексеру барысында кәсіпорынның атқарушы директоры Алена Алексеева жобалық қуаттылығы – сағатына 200 кг, жылына – 3000 тонна макарон өнімдерін құрайтынын мәлімдеді. Алты айда 5,5 тонна өнім шығарылған.
Кәсіпорын өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Жобаны іске асыру импортты алмастыруға, сондай-ақ, Жезқазған өңірінің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда өнімдер Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау дүкендері мен супермаркеттеріне жеткізіледі. Келешекте макаронның жаңа түрлерін шығару, кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру, сондай-ақ, Қазақстанда және шетелде өткізу нарығын кеңейту көзделген.
Кеше, сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «КаzakhmysSmelting» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытында болды, онда екінші кен қыздыру пешін реконструкциялау барысымен танысты.
Тау-кен металлургия саласын дамыту – Мемлекет басшысының Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру аясында қойған басым міндеттерінің бірі.
Бақытжан Сағынтаев нысанда катодты мыс өндірісінің технологиялық үдерісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұмысын тексерді. Жезқазған мыс қорыту зауыты іске қосылған кезден бері жер қойнауынан 1 млрд тоннадан астам кен өндірілді. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 30,7 мың тонна тазартылған мыс өндірілді.
Кәсіпорынның бас директоры Ә. Бәрменқұлов дайын өнімдер қоймасын көрсетіп, Жезқазған мыс қорыту зауытын технологиялық жаңғырту жоспарларымен таныстырды.
Жезқазған мыс қорыту зауытының қуаттылығы жаңа күкірт қышқылды цех құрылысы аяқталған соң, екі кен қыздыру балқыту пештерінің (КҚП) жұмысы есебінен ұлғайтылады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2009 жылы қолжетімді шикізат көлемінің азаюына байланысты зауыт бір КҚП жұмыс режиміне көшіп, екінші балқыту агрегатының жұмысы тоқтатылған еді. Ақтоғай және Бозшакөл кен байыту фабрикаларының жоспарлы іске қосылуы аясында құрамында мыс бар шикізат көлемінің ұлғаюына байланысты екінші КҚП іске қосу туралы шешім қабылданды.
Ә. Бәрменқұловтың айтуынша, зауыт өз қуаттылығын жартылай пайдаланып жұмыс істеу арқылы жылына 100 мың тонна мыс өндірген. Екінші пештің іске қосылуымен өнім көлемі екі есеге артады. Бұл мыс өндірісінің әлемдік нарығындағы компанияның бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға жол ашады. 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік бюджетке салынатын аударымдар жүздеген миллион теңгеге өседі.

Сондай-ақ, оқыңыз

Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған