Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Сақшылар тұрғындар назын тыңдады

Сақшылар тұрғындар назын тыңдады

Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторлары халық алдында есеп беруде. Диалог қала тұрғындары мен №3, №5 учаскелік полиция пункттері қызметкерлерінің арасында өтті.
Жұмысшы кентінің тұрғындары Островский көшесінде тұратын көршілеріне өкпелерін білдірді. Тұрғындар полиция қызметкерлеріне бұл жерде қоқыс пен бөтелке тастайтындармен күресу керектігін алға тартты. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар көпқабатты үйлердің аулаларында көлік қою мәселесін де шешіп берулерін сұрады.
Тұрғындардың қоғамдық тәртіпті бірігіп қамтамасыз етуге деген азаматтық ұстанымдары тәртіп сақшыларына жақсы қолғабыс екендігі айдан анық. Ағымдағы жылдың басынан №5 аумақтық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары ұсақ құқық бұзушылықтарға қарсы белсенді жұмыс жүргізді. Нәтижесінде Жұмысшы кентінде абаттандыру ережелері бұзылуының 72 фактісі анықталды. Жалпы, осы ауданда 400-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесуде көктем мен жаз мезгілінде жиі орын алатын құқық бұзушылықтар жайында да айтты.
«Қала тұрғындары өздері тұрып жатқан ауданға қатысты жедел жағдайды білулері тиіс. Осындай кездесулер кезінде біз петропавлдықтардың көкейлерінде жүрген мәселелермен танысамыз», – деді Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Асан Смағұлов.
Дәл осындай тұрғындармен кездесу №3 учаскелік полиция пунктінің аумағында да өтті. Бұл жерде сақшылар қалалықтарға пәтер ұрлықтары жайында ақпарат таратып, олардан сақтану жолдарын айтып берді. Қылмыстардың алдын алудың бірден бір тиімді жолы – аулалар мен кіре-берістерге бейнебақылау камераларын орнату. Профилактикалық жұмыстардың бұл түрі қылмысты ашуға ғана емес, сонымен қатар, оларды болдырмауға да көмектеседі. Сақшылардың айтуы бойынша, ұрылар түнде де үй-үйді аралап, жабылмай қалған пәтерлерді іздейтін көрінеді.
Петропавл қаласының аумағында полиция қызметкерлері мен тұрғындар арасындағы өткізіліп жатқан есептік кездесулер сәуір айының 27-не дейін жалғасады. Есептік кездесулердің кестесі ІІД сайты мен әлеуметтік желілерде жарияланған.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Петропавл қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

«Сандық ұрпақ» сақтықты біле ме?

Жуырда Ақтөбе қаласының №5 жалпы білім беретін орта мектебінде ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Актөбе заң …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған